Үйде ана, түзде әкім

0

Бүгінгі таңда еліміздегі нәзік жандылар үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүруге қауқарлы. Соның бірі – ауданымыздағы Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Найла Қондыбаева. Отбасының ұйытқысы және аяулы ана бола тұра, биліктің биігінен көрініп, халықтың қамын жеген ол, ауданға қарасты 18 ауылдық округ әкімдерінің ішіндегі жалғыз әйел әкім. Оның жүгі ауыр, жауапкершілігі мол қызметті атқарып жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болған. Осыған орай, тек түзде басшы ғана емес, екі ұлынан өрбіген төрт немереге әже болып отырған Найла Есенқызымен әңгімелескен болатынбыз.

– Жаңақоғам ауылдық округіне әкім болып сайланғанға дейін, Бәйдібек ауылында әкім болғаныңызды білеміз. Жалпы, «әкім әйел» деген атқа қалай ие болдыңыз?

– Менің негізгі мамандығым «Балық өндіру-өсіру ісі» болғандықтан, ұзақ жылдар бойы осы салада жұмыс атқарғанмын. Еңбек жолымды, ең әуелі Тасөткел тоспа балық шаруашылығында күзетші болып бастап, осы мекеменің басшылық қызметіне дейін жеттім. Жалпы, ес білгеннен бері көздеген мақсатыма қол жеткізбейінше, көңілім бір жайланбайтын адаммын. Сол тік мінезділігімнен болар, сонау Астраханның балық өндірістік және шаруашылық техникалық институтына оқуға түсіп, өзім қалаған мамандықты игеріп, сол салада біраз жетістікке жеткендігім. Кейіннен, дәлірек айтқанда 2012 жылдың қыркүйек айында сайлауға түсіп, сол жылы ауданға қарасты Бәйдібек ауылының әкімі болып сайландым. Қолдайтын да, қорғайтын да қарапайым халық болғандықтан, жергілікті тұрғындардың алдындағы міндетімді өз деңгейінде атқардым деп ойлаймын. Одан кейін, осы ауылда бес жыл бойы жұмыс істеген соң, Жаңақоғам ауылдық округіне әкім болып сайландым.

– Жұмыс пен отбасыны қатар алып жүру сіз үшін қиын емес пе? Қалай дегенмен де екі баланың анасысыз. Оның үстіне, немерелерге де көңіл бөлу керек дегендей…

– Әкім болғанға дейінгі еңбек жолымда көбінесе ер адамдармен иық тірестіре жұмыс істегендіктен бе, әлде сол баяғы мінезімнен бе, маған бұл қызмет аса бір қиындық тудырды деп айта алмаймын. Рас, үйден гөрі түзде көп жүремін. Екі күннің бірінде аудан орталығына барып тұру керек. «Әкім» дейтін атағы таудай тақтың артында қаншама жауапкершіліктің жатқандығы айтпаса да белгілі ғой. Бірақ ауыл халқының мүддесін бірінші орынға қойып, қатаңдықпен қоса, қарапайымдылықты да қатар алып жүрген адам бағытынан жаңылмайды. Ауыл әкімі болғаннан соң, елмен етене араласып, әрбір тұрғынның тілін таба білу қажет. Ал, көптің тілегін орындап, әрқайсысымен тіл табыса білген адам, отбасының да ұйытқысы бола алады деп ойлаймын.

– Қол астыңыздағы қызметкерлер немесе ауыл тұрғындары әйел адам ғой деп, «басынатын» жағдайлар кездесе ме? Жалпы ауыл төңірегіндегі маңызды мәселелерге қатысты ше-шім қабылдағанда қиналмайсыз ба?

– Шу өңірі маған бөтен жер емес. Осында туып-өстім. Мұндағы тұрғындардың мінез-құлықтарымен жақсы таныспын. Сіз айтып отырған «басыну» дегенге келер болсақ, ондай жағдай болған емес. Анда-санда ұсақ-түйек дүниелерге бола шағым айтып келген үлкендерге нәзіктік танытып, кейде атқарылған жұмыстардан кем-кетік кеткен жерлері болса қарамағымдағыларға ашуланып та алуым мүмкін. Қалай дегенде де, халыққа өзім деп қарасаң, олар да өзекке теппейді ғой. Сондықтан, тұрғындардың тарапынан анау айтқандай өрескел мінез танытқандарын кездестірмедім. Ал ауылға қатысты маңызды шешімдерді көпшілікпен бірлесе отырып, ақсақалдардың ұсыныс-тілектері арқылы байыппен қабылдаймыз.

– Ара-кідік биліктегі нәзік жандылардың құқығы шектеулі дегенді естіп жатамыз. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды?

– Бұл қате түсінік.

— Ауыл әкімдері төрт жылда бір сайлауға түседі екен. Келесі сайлауда өз кандидатураңызды ұсынасыз ба?

— Негізі әкім болу әйелдің емес, ер адамның ісі. Себебі, күні бойы жұмыста боласың, үйге келген соң, отбасың бар, бала-шағаң бар, оларға жағдай жасау керек. Әйелдің үйдегі тірлігі белгілі ғой. Оның үстіне, бір уақ өзіңе қарауың керек. Туған-туыс бар. Қара шаңырақ болған соң келімді-кетімді кісі де көп. Мұның бәрі қосымша күш пен уақытты талап етеді. Қалай дегенмен де, қиындығы көп жұмыс қой. Шынымды айтсам, егер жұбайым қолдамаса, көмектеспесе, әкім болуға келіспес те едім.

— Ауыл тұрғындары Сіз жайлы тек жақсы пікірде екен. Осы жайлы не айтасыз?

— Жоғарыда айтып өткендей, қыстағы жол қиындығы, жаз басталса өрт. Осының барлығы, айналып келгенде, мені шыңдай түсті. Атқарған азды-көпті жұмысымның нәтижесі болса, ол, бірінші кезекте, халықтың көмегі мен жақсы ниетінде. Дегенмен, тау қопарып, қыруар іс тындырған жоқпын деп ойлаймын. Ауылымызда шешімін таппай жүрген мәселелер бар. Атқарылған істердің бағасын халық бере жатар деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рахмет! Бойыңызға күш-қуат, ісіңізге сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Ерғали АСХАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.