Ел сенімін ақтаған партия

0

Еліміздің бас партиясы, халықтық сипатқа ие болған «Nur Otan» бүгінде өткен тарихына көз жүгіртіп, жеткен жетістіктері мен халық игілігі үшін атқарған еңбектеріне есеп беріп, саяси жүйедегі рөлін және алдағы жылдарға мақсаттарын айқындап, міндеттерін саралауда. «Nur Otan» партиясының 20 жылдан аса тарихын сараптасақ, партия үнемі өзінің сайлауалды бағдарламаларында қойылған міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салып, сол бағытта қоғамды жұмылдыруға ұмтылып отырды. Партия бағдарламасы мемлекеттік саясатпен, мемлекеттік маңызды стратегиялық құжаттармен, қоғамдағы өзекті мәселелермен үндес болды.

Партия талабы мен міндетін орындауда партиялықтардың үлесі зор. Шу аудандық филиалда бүгінгі күні 4861 партия мүшесі бар. Олардың 30-ы бастауыш партия ұйымында 148 топқа біріктірілген. Сондай-ақ филиалда саяси кеңес, саяси кеңес бюросы, партиялық бақылау комиссиясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер жұмыс жасауда.

Ауданда партия жұмысын еселеп атқаратын — депутаттар. Олардың саны – 16.  Депутаттар қатарында денсаулық, білім, әлеуметтік, өндірістік сала қызметкерлері, тіпті жеке кәсіпкерлер мен шаруашылықпен айналысатын азаматтар да бар.

Жалпы, өткен жылы аудандық партия филиалында партиялық бақылау комиссияларының 4 отырысы өтті. Онда Президент Жолдауынан туындаған міндеттердің жүзеге асырылуы туралы есептер тыңдалды. Сол секілді аудандағы өзекті мәселелер партиялық бақылау комиссиясы отырыстарында қаралып, жауапты тұлғаларға комиссия тарапынан ұсыныстар беріліп, қаулылар қабылданды.

Партияның қоғамдық қабылдауы белгіленген кестеге сәйкес өткізіліп, аудан тұрғындары жеке сұрақтары бойынша қабылдануда. Жалпы өткен жылы қоғамдық қабылдау кабинетіне тұрғындардан 215 өтініш келіп түскен. Сәйкесінше, оның 102-сі оң шешімін тапса, 113 өтініш бойынша заң аясында түсіндіру жүргізілді.

Партияның атқарып отырған қызметінің ауқымы классикалық сипаттағы партиялардан да кең, себебі ол «Nur Otan»-ның  доминантты партия болуымен байланысты. Қазақстанда қалыптасқан саяси жүйе моделі іс жүзінде өзінің өміршеңдігін көрсетті, яғни доминантты партия қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік саясаттың бағдарының нақты болуына зор ықпал етеді.

«Nur Otan» партиясының ерекше тұсы – партиялық жобаларының маңыздылығы және сол жобалардың жыл сайын қоғамға қалтқысыз қызмет етуі.

Мәселен, ауданда «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ардагерлердің тұрмысына көмек көрсету, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіштерін сырлау сынды жұмыстар жасалды. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында аз қамтылған, тұрмыстық  жағдайы төмен, осал топтағы азаматтарға жеке кәсіпкерлердің  демеушілігімен азық-түлік себеттері беріліп, жұмысқа орналасуларына ықпал жасалды. «Құтты мекен» жобасы бойынша филиалдың  ұйытқы болуымен  Балуан  Шолақ ауылдық округінің тумасы, бүгінгі күні Алматы қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Н.Сағындықов  шағын маркет, шаштараз, ауылшаруашылық заттары дүкені, наубайхана, дәріхана құрылыстарын  жүргізді. Сол секілді тағы бір жерлесіміз,  Алматы қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер А.Әшімханов аталған ауылда спорт кешенін салуды жоспарлауда. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында аудан кәсіпкерлері С.Мадалиев пен Н.Кимнің демеушілігімен тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға  2  тұрғын үй тарту етілді. «Мектепке жол» акциясы аясында  жыл сайын аудандағы аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылар  қажетті  мектеп формасымен және құрал-жабдықтармен қамтылып келеді.

Жалпы партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Бастысы өз нәтижесін беруде, халық үдесінен шығуда. Тек партиямыз шынайы саяси күш тұғырынан түспей, халықтық партия сипатында сақталады деген сенім білдіреміз. Осы жолда бас партия төрағасы Н.Назарбаев атап өткен басты ұлттық идея – ел бірлігі, экономика, интеллектуалды өркендеген мемлекет қағидаттарын басшылыққа алып, партия жұмысын жандандыра беруге күш салуымыз қажет.

Жарылқасын АЙТАҚОВ,

Шу ауданының әкімі,

«Nur Otan» партиясы аудандық

филиалының төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.