Ережеп – қасиетті ай

0

Он екі айдың ішіндегі қасиетті де құрметті төртеудің бірі — Ережеп айы. Бұл ай тәубе, құрмет және ғибадат, ал Рамазан жақындық пен нығмет айы болып табылады. Ережеп сөзінің ұлықтау, құрметтеу деген мағыналары бар. Араб халқы Исламнан бұрын да бұл айды ерекше ұлықтап, құрметтеп, жаман пиғылды іс-әрекеттерді тоқтатуға тырысқан. Тіпті бұл айда жылдап жалғасып келе жатқан соғыстар, араздықтар тоқтайтын. Ал, Ислам келгеннен кейін Ережеп айының мәртебесі тағы да көтерілді.

Мысри былай дейді:  «Ражап тұқым себу, Шағбан айы егінді суғару, ал Рамазан болса, жемісті жинау айы. Аллаға шүкір, қасиетті үш айдың бірі саналатын Ережепке аман-есен жеткізді. Бұл айда әр біріміз ғибадатты күшейтіп, Жаратушымызды ұлықтап, пәктеуді бұрынғыдан да арттыруымыз қажет. Тәубе етушілерге Алланың рақыметі мен мейірімі жауады. Кейбір деректерге сүйенсек, ережеп — суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзенінің аты және бұл мөлдір бұлақтан тек осы айда ораза ұстағандар ғана ішеді делінген. Біздердің ата-бабаларымыз апа-әжелеріміз Ережеп айының оразасына өте қатты мән берген. Айдың басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ұстағандығы баршамызға белгілі. Шариғатта, әрбір мұсылман Ережеп айында ораза ұстауға міндетті деген үкім жоқ. Бірақ ұстаған оразасы жерде қалмайды, оның марапаты беріледі. Әркім өзінің жағдайына, тақуалығына қарай, қаласа, бір-екі күнмен шектеледі, қаласа одан да көп ораза ұстайды. Ережеп айында Исра және Миғраж оқиғалары өткен, бұл айда рағайып түні бар. Бұл айдың алғашқы жұмасы Рағайып түні болса, 4/5 Ражап түні яғни 27/28 ақпан бейсенбіден жұмаға қараған түн. Ережеп айының 27ші түні Миғраж түні, яғни 21/22 наурыз жұмадан сенбіге қараған түн. Ол жайында нақты дәлелдер Құран мен хадисте көп келген. Рағайыптың сөздік мағынасы жауһар, құнды, бағалы, игілік деген мағыналарды білдіреді. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түні нұрлы сырларға қанығып, Ұлы жаратушыға мадақ айтып, шүкірлік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дұшпандармен табанды күрес жүргізіп, әбден қажыған шағында, қасиетті Миғраж (түнгі серуен) нәсіп еткен еді. Миғраж оқиғасы, сенімді дерек көздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының  26-нан 27-не қараған түні Пыраққа мініп, түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп Үмбетіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый – намазды әкелген еді. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір Миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді. Міне, Ережеп айы осындай қасиетті түндерімен де құнды.

Құрметті мұхтарам жамағат Аллаға сансыз шүкірлер болсын. Қасиетті ұлық айдың бірі Ережеп айына сау саламат, аман-есен жеттік. Ұлыстың ұлы күні наурызға дәлме дәл келіп түскен Ережеп айы баршамызға құтты, баянды болсын. Осы күні яғни ақпан айының 24-25 күндері сәресі ішіп, ауыз бекіткеніміз абзал. Құрметті мұсылман бауырлар! Қасиетті ережеп айында көбірек құлшылық ғибадат етіп қалайық.  Дүниеден өткен ата-бабаларымызға Құран бағыштап, еліміз үшін, жеріміз үшін, келер ұрпақ жастарға дұға қылып, жетім-жесірлерге, жағдайы төмен отбасыларына көмек қол ұшымызды созып, туған-туысқандарымызды зиярат қылып, қал-жағдай сұрасып, ренжіген жандар бір-бірлерін кешіріп, қол алып, төс қағысқаны жөн.

Аят Алмаханов,

Шу ауданының бас имамы. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.