Ұлттық-ұлыстық татулық – басты мұрат

0

Ұлттық тарихнамамыз бен елдік салт-дәстүріміз тарихтың тым тереңдерінен тамыр тартады. Уақыт пен кеңістіктің ұлы перзенттерінің бірі – қазақ халқы бүгінде ұлы түркі жұртының керегесі кең, шаңырағы биік, іргесі берік жасампаз елдерінің біріне айналып отыр. Ұзақ жылдарға жалғасатын елдік пен өрліктің, бірлік пен татулықтың өрелі белестерінен де өттік, кешегі ата-бабаларымыз жүріп өткен дүбірлі кезеңдердің бедерлері бүгінде әлем жұртшылығына аян. Қарап отырсақ, ол белестердің бәрі қалыптасу, бірлесу, бауырласу жылдарымен айшықталады екен. Тіптен, тарихи қалыптасу барысында көптеген тармақтарға бөлінетін Ұлы түркі әлемінің негізі бір, бір-ақ, әрбір шаңыраққа тән салт-дәстүрі, аңыз-шежірелері де қалыптасқан.

Сол әлемнің бір бөлшегі қазақ халқына тән салттары мен дәстүрлерінің қай-қайсысын алып қарасаңызда да олар, аңыз-әфсаналардан бастап, кісілік-адамгершілікке, татулық-бірлікке, ел мен жерді қорғай білу қасиеттеріне, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеу сезіміне, ағайын-бауырлықтың қадірін білуге үндеп тұрады.

Ата-тегіңді жете танудың өзі де тәрбиелік мәні зор мақсаттардан туындап жатқан дәстүр. Жүздік, рулық танымның қазақ болмысындағы орынын да басқаны жат көру емес, керісінше бірін-бірі құрметтеудің, бір-бірімізге деген бауырлық-тектік ықыласты жетілдіре берудің бір жолы деп қабылдағанымыз жөн. Ұлы Абайша айтсақ – «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!».

Сондықтан да Ұлы даланы жайлаған ата-бабаларымыз, алыс-жақыннан келе жатқан жолаушымен алғаш кездескенде аман-саулықтан кейінгі әңгімені – «тегің кім, қай атаның баласысың, ауылыңның ақсақалы кім?»-деп өрбіткен…

Ата-бабаларымыздың тектілігі сол, олар бұл сұрақтардың өзін де өз орнымен, өз ретімен ғана қолданып отырған. Мысалы, «құдайы қонақпыз!» деп есік ашқан адамды алдымен төрге шығарып, қымыз-сусынын ұсынып құрметтеген. Келген қонақ өзінің кім екендігін, қайдан келіп, қайда бара жатқандығын, қай ауылдың, қай рудың адамы екендігін тек жоғарыдағы рәсімдерден кейін ғана үй иесіне өзі әңгімелеп беретін болған.

Әлем халықтарының арасында мақтанышпен айтуға жарайтын жақсы қасиеттеріміздің көшбасында тұр деп айтуға тұрарлық ерекшеліктерінің біреуі – жеті атаға дейін құдалы-құдандалы болып, қыз алыспау. Бүгінде ғылыми жетістікке телініп жүрген осынау физио-биологиялық жарытылыс заңдылығын осыдан мыңдаған жылдар бұрын білген ата-бабаларымыз ұлттық тектің тазалығын ойлап, жоғарыда айтылған тыйымды ұлттық ұстанымға айналдырғанын қалай дәріптемеске!

Біле білсек, ғасырдан ғасырға ұласып келе жатқан осындай жақсы қасиеттеріміздің жаңа дәуірдің жақсы дәстүрлерімен тоғысып, жақсы әдеттермен толығуы, сөйтіп олардың келер ұрпақтарға аманат етілуі – тәуелсіздік дәуірінде өмір сүріп отырған бүгінгі ұрпақтың біліктілігіне үлкен сын деп қарауымыз қажет.

Ұрпақ тәрбиесін ауызға алған сайын біз алдымен осындай үздік мұраларымыздың арнасынан адасып қалмау жағын ойластырайық. Бұрынғы тәрбие дәстүрі – ауыл ақсақалының, ата-ананың, қала берді ауылдас ағайынның міндеті болса, бүгінде олар басқалау түрге енді. Тілімізге «балабақша тәрбиесі, мектеп тәрбиесі, жүрген ортаның ықпалы, көше тәрбиесі» дейтін түсініктер дендеп еніп келеді.

Әрине, жаңа дәуір салттарының өзіне тән көптеген жақсы жақтарымен бірге, ежелден қалыптасқан ата-дәстүрімізге сиыса бермейтін, кейде тіптен қарама-қайшы келетін жақтарының да болуы бек мүмкін… Өйткені, әр дәуірдің, әр кезеңнің, әр заманның өзіне тән өзгешіліктері болуы заңды құбылыс. Осындай сәттерде алдыңғы толқын ағалар алға шығып, жүз-жүзге, ру-руға, ата-анаға бөліну дәстүрінің ұмытылуға тиісті емес жақсы жақтарын ғана әспеттеп, жаңа салттың жағымды тұстарын тармақтап, жас ұрпақ алдында насихаттап отыруымыз керек. Қай жерде болмасын «жеті атасын білмеген жетесіз, тегін ұмытқан тексіздікке» ұрынбай, жастарға үлгі болып жүргеніміз абзал. Бабаларымыздың «бөлінгенді бөрі жейді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейтін өсиетіне адалдық керек, ағайын!

Айта берсек әңгіме көп. Жаһандану туының астына ұйыса бастаған әлемдік дамудың қазіргі беталысы мен оның саяси-идеологиялық мақсат-мүдделері де сан тармаққа бөлініп жатыр. Қызмет пен лауызым,  марапат  пен құрмет бөлісудің өзі жоғарғы биліктен бастап, азаматтық қоғам мүшесі болып табылатын әрбіреуімізден үлкен біліктілік пен кісілікті, тектілік пен адамгершілікті талап етеді. Кейде «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деу арқылы бабаларымыздың өмір иірімдерінің көптеген айшықтарын тұспалдап отырғандықтарын естен шығармауымыз керек дейтініміз де сондықтан.

Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, өзара достық пен мейірім дәнін егетін қасиеттерді алға тартудан шаршамауымыз керек. Өйткені, ортақ Отанымыз Қазақстанның болашағы үшін жүргізіліп жатқан іс-қимылдарымыздың барлығы – ұлттық-ұлыстық, рулық-тайпалық, ағайындық-ауылдастық бөлінуді алға салып, халықты орынсыз дүрбелеңге, алакөз-алауыздыққа шақырудан емес, бәрімізге ортақ адамгершілік, біліктілік, білімділік жағынан озық үлгі көрсетіп, тапсырылған іске деген жауапкершілікті сезіну деңгейлерімен бағалай білуден басталатындығын бәріміз жақсы білеміз. Бұл  — біздің жарқын болашақ жолындағы басты ұстанымымыз.

Қазіргі бізге керегі – «ана-атаның баласы әкім болды, ана ауылдың баласы озып барады» емес, керісінше ауызбіршілік, ынтымақ пен жарасым, өз орнына лайық адами-азаматтық қолдау, «әр қазақ менің жалғызым» ұстанымдары болуы керек.

Біздің ең үлкен құндылығымыз – Тәуелсіздік мұраттары! Басты мақсатымыз – сол тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, соның игілігі үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», қазақ елінің болымды да толымды келешегі жолында қоян-қолтық еңбек ету, жарысымы мол, жарқын өмір сүру.

Сембек СЕЙДӘЗІМОВ,

Жамбыл облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.