Болашақ білімді жастармен баянды

0

Елімізде былтырғы  жыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Ізгі істің ізін жалғау мақсатында биылғы жыл Еріктілер жылы деп жарияланып отыр. Тұңғыш Президенттің  бастамасына  қолдау білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстанды табысқа жетелейтін атаулы он бағытының бірін жастарға арнай отырып,  «Біз «Жас кәсіпкер» жастардың бизнес-бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асырудамыз, жастар стартаптарын қолдаймыз. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырамыз. Менің міндетім — сіздердің ең үлкен армандарыңызды іске асыруға және жеке «табысқа жету тарихын» жасау үшін барлық мүмкіндіктерді жасау. Мемлекеттік қызметтің барлық деңгейлерінде жас талантты менеджерлерді насихаттау үшін Президенттің кадрлар резерві құрылады. Біздің жастар мақсатты, еңбекқор, жігерлі, сондықтан Қазақстанның болашағы жастардың қолында» деп қадап айтты.

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Болашақ — жастардың қолында деген ұранды жиі айтып, елімізде осы мақсаттарда қолға алынып жатқан жобалар аз емес.  Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтқан, ширек ғасырда ширап, аз ғана уақытта алдыға қарыштап дамыған Қазақстанның ертеңгі үміті, тәуелсіздігін баянды етер көзінің ағы мен қарасы, бірнеше жылдан кейін мемлекеттің бет-бейнесі болатын жастарға көбірек көңіл бөлу — басты міндеттердің бірі.

«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетін нығайтып, көркеюі жолында теріңді төгіп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа»  деп Н.Назарбаев айтып өткендей, ұлан-ғайыр атыраптың мызғымас бірлігін сақтап, тәуелсіздігімізді тұғырынан тайдырмай, озық ойлы елдерден оқ бойы оза шабуға жігерлі де жалынды жастарымыз талпынып, мәртебемізді биік етсе, одан асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Дамыған елдерден даралану үшін әр Алаш азаматы қол қусырып жатпасы анық. Кезінде ата-бабаларымыз білім алу жолында соқтықпалы, соқпақты жерлермен жүріп, ұлт тағдыры үшін жанын қиғанын бәріміз білеміз. Ал, қазіргі өлшеусіз мүмкіндіктер беріп қойған қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманда жастарымыздың білімге талпынбауы надандық болар еді.

Байжан ЕМБЕРДІ,

аудан әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.