Мемлекеттік тіл — мәртебем

0

Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып саналады. Әлемдегі тілдердің ішіндегі келбетті, адам ойындағы көрікті ойды көркемдеп жеткізетін  ең бай тілдердің бірі.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан,  барлық іс-қағаздар мен құжаттар мемлекеттік тілде жүргізіліп, ұлттар арасында да қатынас тілі болып қалыптасуы заңдылық.  Өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашан да білікті де, білімді, саналы ұрпақпен жалғаспақ.  Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген еліміздің басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеп,  мемекеттік тілде еркін сөйлеп, терең меңгерген, мемлекет ісін жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеу.  Осындай мақсатқа орай, елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі, облыс көлемінде 10 ақпан — 10 наурыз аралығында жарияланған «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты айлықтың өткізілуі. Бұл айлықтың мақсаты халыққа тұрмыстық қызмет көрсету орындарының (дүкендер, шаштараздар, мейрамханалар, дәмханалар, дүңгіршектер, техникалық қызмет көрсету орталықтары, т.б.) маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері және де басқа да көрнекі ақпараттардың «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңына сәйкес жазылуын зерделеу, талапқа сәйкестендіру және мемлекеттік тілді қолдануды насихаттау болып табылады.

«ҚР Тілдер туралы» Заңының 21-бабында: «Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен жазылған: мемлекеттiк тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде беріледі». Осыған орай, облысымызда басталған бұл игі  шараға барлық шулықтарды да атсалысуға шақырамыз. Өздеріңіз тұрып жатқан қала, ауылдық округ, елді мекендерде тұрмыстық қызмет көрсететін орындарда мемлекеттік тілдің қолданылуын, жарнамалардың сауатты әрі заң аясында жазылуын және эстетикалық талғамға сай безендіріліп, жабайы жарнамаға жол берілмеуін біріге отырып қадағалауға үндеу тастаймыз.

Құрметті шулықтар! Бәріміздің ата-анамызды, ұрпағымызды қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді де қадірлеуді, қастерлеуді жұмыла қолға алайық!

Қ.Файзуллина,

Шу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.