Өшпес із қалдырған кемеңгер тұлға

0

Биыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толып отыр.  «Абай десе   қазақты, қазақ десе  Абайды таны» демекші ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың және  қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор Ұлы Абайдың ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Бүгінгі ұрпаққа мұра болып отырған Абай әлемі деген құбылыс оның өлеңдері мен қара сөздерінен көрініс тапты. Ол — ұлттың болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны,  діні, ділі, тілі, рухы.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау, жаңғырту — маңызды мәселе. Осы орайда, Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептейміз. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады. Елбасымыздың «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», — деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет  ретінде бағалатынын  айқын аңғартады. Абайдың шығармаларында елдің өсіп-өркендеуі мен  алға жылжуы тек білім мен ғылымда ғана екенін, болашақта өзге елмен терезесі тең ел болуы үшін ерінбей еңбектеніп, оқып, білім алып, ғылым жолын қууда екеніне баса көңіл бөлгенін аңғартамыз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан – тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз»,-деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Абайдың бұдан 100 жыл шамасы бұрын қазаққа айтқан ойларының тереңдігі бүгінгі егемендігін қолына алған Қазақстан халқына, оның ішінде қазаққа айтылар ойларымен ұштасып жатқан жоқ па? Абайға деген бетбұрыс жаңаша жаңғырып,  халқымыз тәуелсіздік алған заманға тұспа-тұс келіп отыр. Дүниежүзі халықтары Абайды  тану арқылы қазақ елін тани бастады.

Абай философиясының халық тағдырымен  ұштасуының негізгі себебі халқына деген шексіз сүйіспеншілігінде, жан-тәнімен бар күшін салып көмектесуінде, болашаққа жол сілтеуінде, жаны ауырып күйзелістен туындайтын философиялық ойлар, философиялық категориялар арқылы  шешімін табуында. Менің ойымша, әр қазақ өз ұлтын Абайдай сүйе білуі керек.

Болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, жарық күндей сәуле шашып отырған Абай мұраларын дәріптеу, оны болашақ ұрпаққа  жеткізу, ұрпақ санасына сіңіре білу — ұстаздар қауымының алдында тұрған басты міндеті.

Бүгінгі ұрпақ — ел ертеңі. Олай болса, Ұлы Абай, Хакім Абай еңбектерін жас ұрпақ оқып, танып, біліп қана қоймай, өз өмірлеріне басты бағдаршам етіп ұстануы керек.

 

Махаббат Султанова,

Төле би атындағы шағын орталықты мектебінің директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.