Шуақты өлкенің құрылу тарихы

0

Аймағында Қазақ хандығының қазығы қағылып, туы көтерілген, киелі Шу ауданының дәл қай уақытта құрылғандығы жайлы бұрындары әртүрлі пікірлер айтылып келген еді.  Мәдени-мұра инспекторы қызметінде жүргенімде 2007 жылы 7 қаңтарда сол кездегі аудан әкімі Бағлан Қарашолақовтың тапсырмасымен  ақсулық ұстаз Төреқұл Әлханұлы екеуіміз Алматы қаласына жол тарттық. Көк мұз тайғақта «Ниссан» автокөлігімен жол жүру де оңайға соқпады.  Әуелі Алматы облыстық мұрағатының директоры Айжан Қызырқызына  жолыққанымызда бізді жылы қабылдап, сұраған құжаттарымызды кешіктірмей, қолымызға ұстатты. Осы мұрағаттың 16 қаңтардағы №13-1 анықтамасында: «Бүкілресейлік Орталық (ВЦИК) Атқару комитетінің 1932 жылғы 10-наурыздағы қаулысымен Алматы облысы құрылып, оның құрамына Шу ауданы қосылған. Орталығы – Шу стансасы. Аудан құрамына 19 ауылдық (16 қазақ, 2 аралас, 1 поселкелік совет) енген. Ауданның жер көлемі 36500 шаршы шақырым (қазіргі Шу ауданының жер көлемі 12000 шаршы шақырым екендігін ескерсек, сол кездегі құрамына Мойынқұм ауданының едәуір бөлігі қосылған болып шығады). Аудан халқы 54566, оның ішінде қазақтар 48674, орыстар 3761, ұйғырлар 903, өзбектер 397, татар 798, дұнғандар 77. 1932 жылы 5 шілдеде 96 делегаттың қатысуымен  Шу аудандық Кеңесінің съезі өтіп, аудандық атқару комитетінің төрағалығына Исмағұлов сайланды»,-деп жазылған.

Келесі күні мемлекеттік мұрағатқа келгенімізде ғимарат 2007  жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуге байланысты жабық екен. Сонда да мұрағат директорының орынбасары Николай Петровичке хатымызды тапсырдық. Ол кісі: «Бәрі жабық, енді қайттік»-деп абыржи бастады. Бағымызға орай, сол мезетте мұрағаттың жауапты қызметкері Гүлнәр Миронқызының  келе қалғаны. Г.Қаратаева: «Мен де Шу ауданының түлегімін, әкем Мирон Қаратаев көптеген жылдар сол өңірде лауазымды қызметтер атқарған. Алматыда тұрады. Құрметті демалыста. Маған сеніңіздер, Шу ауданына қатысты құжаттарды тауып беремін»-деп көмектесуге бар ынта-жігерімен кірісті.

Енді мемлекеттік мұрағаттан алынған № 10-07/3 анықтамаға зер салсақ,  Шу ауданы 1921-24 жылдар аралығында Түркістан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасына қарасты Сырдария облысы, Әулие-Ата уезінің құрамына кірген Шу болыстығы ретінде аталады. 1924 жылы Орталық Азия мемлекеттері территориясын межелеу жұмыстары нәтижесінде Қазақстан құрамына өткен уездер мен болыстықтар негізінде 1924 жылы Жетісу губерниясы құрылады. 1925 жылы осы губерния құрамында Георгиевская, Зачуйская (кейін Көктөбе) және Қарақоңыз болыстықтарынан тұратын Шу ауданы құрылады. Бұл жаңа құрылым Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 1926 жылдың 13 мамырында шыққан қаулысымен бекітіледі. Анығына келсек, бұл Шу ауданының Қордай ауданы ауылдарының негізінде құрылғандығын көрсететін тәрізді. «Справочник по историй административно-территориальное деления Алма-атинской области» кітабының 14-бетінде «Джетусуйская губерния состояла из 4 уездов. 3 июня 1925 года из волостей, переданных при нацразмежеваниий из Пишпекского уезда был образован Чуйский район на правах уезда центром в с. Георгиевское» деп анық көрсеткен. Он шақты жылдай бұрын аудандық мұрағаттағы құжаттардан байқағаным, Новотроицкі (қазіргі Төле би ауылы) ауылдық советі өткен ғасырдың 22-27 жылдары Аспара болыстығына бағынып, орталығы Меркі ауылы болған екен.

Мемлекеттік мұрағат анықтамасына әрі қарай көз жүгіртейік. Бүкілресейлік Атқару комитетінің 1928 жылдың 3 қыркүйегінде шыққан қаулысы негізінде Алматы округі құрылады. Округтің құрамында орталығы Георгиевское селосы, Благовещенское, Георгиевское, Караконузское және  Майтюбинское болыстықтарынан тұратын Шу ауданы құрылады.

Бүкілресейлік  Орталық Атқару Комитетінің 1930 жылдың 23 шілдесінде шыққан қаулысы негізінде округтер таратылып, оның орнына аудандық әкімшілік-аумақтық басқару ұйымдастырылады. Осы қаулымен жаңа құрылған 121 аудан қатарында Шу ауданы құрылады. Орталығы – Шу селосы.

Сондай-ақ, аса қызығушылық-пен Ұлттық кітапханаға соғып, сирек кездесетін қордан 1930 жылғы 22 желтоқсанда жарық көрген «Советская степь» (Казахстанская правда) газетінің тігіндісін тауып, сол жылы 1930 жылғы 17 желтоқсандағы ВЦИК Президиумының қаулысымен бұрынғы Алматы округінің жерінде Шоқпар ауданы (№2,6,7,9,10 ауылдық советтерінсіз) мен Мойынқұм ауданының және Вознесенскі (Қонаев ауылының бұрынғы аты) ауылының негізінде Шу ауданы құрылғандығын тізім бойынша жарияланып, орталығы — Шу селосы болғандығы жазылған. Кітапшама көшіріп алдым. Өкініштісі, көшірмеге рұқсат етілмейді екен.

Жасыратыны жоқ, осындай дәлелді мемлекеттік мұрағаттардың құжаттарына қарамастан, қайсібір мырзалар 1928 жылы құрылған, аты Шу ауданы болғанымен, затын Қордай ауданымен таластырып, 80 жылдық мерейтойды ертерек өткізіп жібергілері келіп, дау-дамай көтергенін қайтерсіз. Сол кездегі құрылған комиссия құрамындағы Әбжапар Жақыбаев (марқұм), Тұңғышбек Байқұлов, Сәрсебай Қалиұлы, Ахметжан Қосақов, Ерболат Досымбаевтардың және Алматыдан телефонмен хабарласқан жерлесіміз, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдінің де осы жолдардың  авторымен ой-тұжырымдары бір жерден шығып, Шу ауданының құрылған мерзімі 1930 жыл деген қорытынды пікірге тоқтадық.

Сөйтіп, ауданымыздың 80 жылдығы мен Шу қаласының қала мәртебесін иеленгенінің 50 жылдығы құрметіне көптеген ескерткіштер бой көтеріп, ғылыми конференция мен ақындар айтысы т.б. игі шаралар  ұйымдастырылып, айтарлықтай жоғары деңгейде аталып өтілді. Бұл ретте сол кездегі аудан әкімі, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Жабағиевтің еңбегі елеулі. Одан бері де он жыл өте шығып, өзіміз туып-өскен шуақты Шу ауданының жеке-дара шаңырақ көтеріп, отау тіккеніне 90 жыл толыпты. Меніңше, ең әуелі 90 жылдықты ойдағыдай өткізу үшін ұйымдастыру комиссиясын құру маңызды.

Сонымен қатар, Шу ауданының бұрынғы энциклопедиясын толықтыра отырып, қайтадан шығарып, ғылыми конференция өткізіп, республикалық дәрежеде ақындар айтысын ұйымдастыру қажет. Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толмақшы. Бірнеше он мыңдаған аталарымыз ұрыс даласынан оралмады. Осыған орай олардың рухтарына құран бағыштату мақсатымен құран оқудан жас қарилардың  республикалық  конкурсын өткізуді де, қазақша күрестен облысаралық турнир ұйымдастыру сынды игі шаралар өскелең ұрпақты отансүйгіштік-ұлтжандылыққа тәрбиелеудің таптырмас өнегелі де өрелі өзегіне айналар еді.

Мәкен Уақтегі,  

Шу ауданының Құрметті азаматы. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.