Нұрасыл – жеңіс тұғырында

0

Шығыс жекпе-жегін жақсы меңгерген жерлесіміз, С.Абдуманапов басқаратын №30 БЖСМ-нің бұрынғы тәрбиеленушісі Нұрасыл Қуандықтың әр жеткен жетістігін, жеңісті сәттерін газетімізге әрдайым сүйіншілеп жазып келеміз. Оны тұрақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Үстіміздегі апта да қуанышты жаңалықпен басталды. Дәлірек айтар болсақ, Нұрасыл Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра қаласында өткен «Fujairah open G1» халықаралық турнирінде жеңімпаз атанып, көк туымызды желбіретіп қайтты. Осылайша, таэквондодан екі мәрте Қазақстан Республикасының жеңімпазы Нұрасыл Қуандық өз жерлестерін тағы бір мәрте қуантып отыр.

Айта кету керек, жерлесіміз үшін өткен жыл да жемісті болған еді. Былтыр Иордания астанасы Амман қаласында өткен кадеттер арасындағы Азия біріншілігіне қатысып, күміс жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал кеше ғана жеңімпаз атанған спортшыны алғашқы ұстазы Марат Тілеуқұлов бастаған шулық спортшылар үлкен құрметпен күтіп алды. Алғашқы ұстазы деп екпін түсіруіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, Шу аудандық таэквондо федерациясының президенті, белгілі жаттықтырушы Марат Тілеуқұлов Нұрасылды 8 жасынан бастап спортқа баулып, 5 жыл бойы шәкіртіне таэквондоның қыр-сырын үйреткен.

Сонымен қатар, Нұрасыл Қуандық өткен жылдың наурыз айында таэквондодан Өскемен қаласында өткен кадеттер арасындағы Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атанған болатын. 65 келі салмақта өнер көрсететін Нұрасыл аталған жарыста бес бірдей қарсыласын жеңіп, ел чемпионы атанған. Оған қоса, 2019 жылдың сәуір айында ғана Украина мемлекетіндегі халықаралық жарыста алтыннан алқа тақса, Біріккен Араб Әмірлігінде өткен халықаралық «Fujairah open» жарысында да алтыннан алқа тағып, абыроймен оралған еді. Сондай-ақ, Австрия елінен жүлделі екінші орынды еншілеген болатын.

-Аталған жетістіктерінен бөлек, Нұрасыл 10-11 жастағы спортшылар арасында екі мәрте Қазақстан чемпионы атанып, ұлттық құрама сапына алынды. Тағы бір айта кетерлігі, жерлесіміз Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жарыстан келе салып, Түркістан облысында өтетін таэквондодан Сүйіліш батыр атындағы республикалық ашық турнирде бағын сынамақ. Осы орайда, Нұрасылдың жеңісті жорығы жалғасын табады деген сенімдеміз,-деді С.Абдуманапов.

Ерғали АСХАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.