Өткен күннен белгі бар

0

Тоқсан жыл тарихи тұрғыдан қарағанда аз да, көп те уақыт емес, бірақ осы уақыт аралығында екі ұрпақ алмасты, талай өзгерістер болды. Дана халқымыздың «Елу жылда ел жаңа»  деп екі-ақ ауыз сөзбен екшей салғанына қалай қайран қалмайсыз. Ауданның дамуына үлес қосып, жарқын істердің себепкері болған айтулы азаматтарымыздың тоқсан жылдың бір қалтарысында қалмай күнгейіне шықсын, жас буын солардан үлгі алсын деген ниетпен сыры кетсе де, сыны кетпеген бір суретті сөйлетпекпін. Түсінген жанға суреттер де сөйлейді.

Әне бір жылы қызмет бабы бойынша ауданның атқамінер азаматы Ерболат Досымбаевтан сұхбат алуға арнайы барған болатынмын. Есіктен енген  бетте қызметтік үстелінен бір суретті көзім шалды. Суретте емен-жарқын шүйіркелесіп тұрған екі тұлғаның келісті келбетіне көз аудармай тіпті үңілмей  қоймайсың. Айтпағым, басы қосылса білмейтін адамға ой-шұңқыры көп  ветеринария саласының мәселелеріне келгенде ортақ мәмілеге келіп, ойлары бір арнада тоғысатын Константин Скрябин мен Әбдіжапар Досымбаевтың суретін тарихи жәдігер яки фотошежіре ретінде аудандық мұражайға жақында ғана өткізген Ерболат Әбдіжапарұлының саф алтыннан кем түспес сырлы суретті сары майдай сақтап жеткізгенін әкені ардақтаған ұлдың  жеңісі деп білемін. Сурет олардың бейнелерін сақтап, мәңгілік ғұмыр сыйлап үлгерді. Тарихи тұлғаларды тәптіштеп таныстырып отыру да ағаттық болар. Көзі қарақты оқырман жазбай танып, өмір өткелдерін өскелең ұрпаққа үлгі етері сөзсіз.

 «Әкемнің бейнесі еміс-еміс есімде. Ол кезде тәртіп  қатаң еді. Әкем  таң қылаң  бергеннен-ақ портфелін қолтығына қыстырып жұмысына кететін. Қас қарайғанша үйге оралмайтын. Үйге оралғанда біз тәтті ұйқының құшағында жататын едік. Міне, сол дәуірдің балаларын әкелері түзде жүріп-ақ  тәрбиелеген. Ұмытпасам, ілгеріректе яғни, 1960 жылдар шамасы болу керек,  біздің Шу өңіріне Константин Скрябин қызметтік сапармен  келген екен. Ол кезде мен 10 жастағы ойын баласы едім. Ұланбел деген жерде «чума» деген ауруға қарсы зертхана орталығы болған. Өзінің тәжірибесімен бөлісуге, бір жағы үзеңгілес досын көруге келген Скрябин  жеңіл ұшақпен (кукурузник) жерге қонғанын көзім көрді. Қонақжай  дастарханын дархан көңілімен жайнатып жіберетін анам әкемнің замандас досын құшақ жая  қарсы алды. Құнарлы жеріне таяқ шаншысаң, бауға айналатын, көк майсасы көз тұндырып, жылғаларды қуалай сылдырап аққан өзенінің суы сусыныңды қандырып, таза ауасы тынысыңды ашатын туған өлкемнің табиғатына тамсанған Скрябиннің жүзіндегі жалынды көрген балдырған бала мен едім. Түс ауа іргелес орналасқан көрші үйдің бес-алты баласымен доп қуалап ойнап жүргенімде Скрябин қолын бұлғап, өзіне қарай шақырды. Көлге шомылып, балық аулап қайтайық деп ниетін білдірді. Біз келісе кеттік. Шу өзенінде қайықтар жүзіп жүретін. Суы мөп-мөлдір болатын. Жуыла-жуыла өңі кетіп,  белден төмен созылған жейдеміздің етегіне суды толтырып ішуді қызық көретінбіз. Суға малтып, шортан балықтай ойнақшып жүрген біздерді ара-тұра иегін жоғары тіктеп, сұқ саусағын шошайтып «Раз, два, три» деп санап қояды. Өзі суға жүзуді білмейді екен. Иегінде селдір сақалы, басында шляпасы бар. Маңына бізді жинап алып, Шу өзенінің қайдан бастау алатынын айтып, біраз жайдан хабардар еткен еді. Осы бір эпизод көз алдыма елес береді де тұрады. Бұл мен үшін тарихи тұлғамен өткізген  тарихи сәт»-деп есіне алды Ерболат Досымбаев.

«Жақсы адаммен өткізген бір сағат, бір кітап оқығанмен тең» деген сөздің растығына еш шүбә жоқ. Ерболат Әбдіжапарұлының  өткен күннің бағалы тарихын қаузаған берері мол өнегелі әңгімесін, әкесі хақындағы естеліктерін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ә.Досымбаев жайлы деректерге көз жүгірткенде мынадай  бір ойға тұрақтадым. Қазан құлағын ұстаған билік тізгініндегілердің бірінің дәуренінде қазаннан қаспақ кетпесе, енді бірінде қазанына қақ тұрып көрмеген. Олардың тұсында өмір сүрген халықтың бірінің өкпесі қара қазандай болса, келесі бірінің бөркі қазандай болды. Осы тұста кәсібі тұралап қалған бірқатар аудандарды аяғына тік тұрғызуға күш-жігерін сарп еткен Әбдіжапар Досымбаевты көз көргендер лайықты бағалайды. Артында атына кір келтірмей, әке атын әспеттеп жүрер ұрпақты қалдырғаны тектіліктің сарқыты деп білемін. «Жақсы әкенің аты балаға қырық жыл азық» деп тегін айтылмаса керек-ті.

Айғаным АСҚАРБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.