Тау тұлға тағылым төрінде

0

Адам баласының көзін ашу үшін ғана емес, көгірегін оятуға ұмтылған, қараңғыда жол сілтеген, адамзаттың бәрін бауырым деп құшағына басқан кемел тұлғаның қазақтың Абайы емес, әлемнің Абайына айналып, өміршең болуында асқан құдірет жатқандығы ақиқат. Алты Алашпен бірге ғасырдан ғасыр асып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан рухани жауһарға тұнған көмбенің иесі, кемеңгер тұлғаның есімін ұлықтау жолында жүйелі жоспарлар құрылғаны жалпақ жұртқа мәлім.

Жақсы бастаманың лебі лезде әр сананың сай-саласына жылыстап, «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты  қалың бұқараға  жолданған Президент Қ.Тоқаевтың лебізі ойлы оқырманға қанат бітірді. Содан болар, бас ақынды  ұлықтау, ұрпаққа үлгі ету жолындағы игі шаралар біздің ауданда да басталып кетті. Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде қоғамнан қалыс қалмай, игі бастаманы бірауыздан қолдап, «Абай жылын» ауданымызда ашық деп жариялады.

Әдеби кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші-композитор  Әбдімомын Желдібаев ойлы жасқа Абайды білмек парыз екендігін қадап айтты. Сондай-ақ, сан қырлы сайыпқыранның салмағы ауыр ойларын санаға түрте жүру керектігі абзалырақ екендігін ескерткен Әбдімомын атамыз  ізгі тілегін арнады. Мұнан кейін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаев Абайдың «Әсемпаз болма әр неге» өлеңін мәнерлеп оқып, өлең оқу эстафетасын аудан әкімінен бастап  мекеме, бөлім басшыларына жолдады. Сонымен қатар, ҚР  еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ахметжан Қосақовтың «Абайға арнау» өлеңі оқылды.

Сахна шымылдығы түрілген бетте аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұлы ойшылдың танымдық тұлғасын айшықтауға бағытталған қойылымдарын қойды. Кезекпенен өлең оқыған бүлдіршіндер өлеңнің тақырыбын айтқанда-ақ, ақынның өлеңдерінің әр тақырыбының өзі нақыл екені ойшыл қауымды таңырқатпай, бас шайқатпай қоймады.  Бұдан бөлек, әннің де естісі бар есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар демекші өзгенің қаңсығын таңсық көріп, даңғаза жасайтын жастардың арзанқол әуендерін көлікте де, той-томалақта да естіп, құлағы жауыр болған әр буын өкілдері бұл кеште Абайдың құлақтан кіріп бойды алар, көңілге түрлі ой салар әуезді әнін тыңдап, көңіл көкжиегіне бір шығып қайтқандай  болды.

Қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі Абай Құанбайұлына дейін де, кейін де талай дүлдүлдер жұлдыздай жарқ етіп, өздерінің өлмес туындыларын тарту етсе де, Абайдың жұлдызы биік тұратындығы, толық адамды қалыптастырудағы әмбебап энциклопедиясының өміршеңдігі қазақты Абайсыз, Абайды қазақсыз елестете алмайтындығымызды аңғартады.

Айғаным АСҚАРБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.