Құрылыс қарқыны жыл сайын артуда

0

2019 жылы Талас ауданындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 7 млрд. 336 млн. 400 мың теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 122,6 пайызға немесе 1 млрд. 351 млн. 300 мың теңгеге артық орындалған. Бұл туралы аудан әкімі Бақыт Қазанбасов өзінің қорытынды есеп беру жиынында айтты.

– «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында Қаратау қаласында жалпы ауданы 27 752 шаршы метрді құрайтын 440 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізіліп, кезекте тұрған азаматтарға кезек ретімен берілді.

Бүгінгі күнге көп балалы немесе жағдайы төмен отбасыларды уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, Қаратау қаласындағы 3 мөлтек ауданы №3 жатахана 180 млн. теңгеге жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді.

Сол сияқты, республикалық бюджеттен бөлінген 73 млн. 359 мың теңгеге Қаратау қаласында 19 пәтер сатып алынып тұрығын-үй кезегіндегі аз қамтылған көпбалалы отбасыларға берілді, – деді аудан басшысы баяндамасында.

Сонымен қатар, ауданда автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуға баса мән берілуде. Б. Қазанбасовтың айтуы бойынша, 2019 жылы облыстық мәндегі 41,73 шақырым 3 бағыттағы жолдарды орташа жөндеуден өткізуге 639 млн. 893 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты облыстық мәндегі 299,6 шақырым автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 81 млн. 393 мың теңге бөлініп, жолдар жөндеуден өткен. Ал аудандық мәндегі 44 шақырым автомобиль жолдарын орташа жөндеу жұмыстарына 607 млн. 109 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Leave A Reply

Your email address will not be published.