Жаңа шағын аудандар құрылысы қарқынды жүруде

0

Тараз қаласында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Ы. Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда шамамен 8 мың 500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйлерді құрайтын 15-ші мөлтек ауданы бой көтеруде. Алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі 23 тұрғын үй және 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бұл туралы қала әкімі А. Қарабалаев өзінің тараздықтар алдында берген есебінде айтты.

– Сонымен қатар, өткен жылдан өтпелі 80 пәтерлі 12 үй және 60 пәтерлі 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 80 пәтерлі 1 және 45 пәтерлі 9 арендалық тұрғын үйлердің құрылысы республикалық бюджеттен қолдау тапса, қосымша 24 тұрғын үйлердің құрылысын қаржыландыру үшін жоғары тұрған бюджеттерге өтінім ұсынылды.

Ы. Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін 403 жер телімдері белгіленіп, бірінші кезекте жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиеге  ұсынылуда.

Бүгінгі таңда 255 жер теліміне құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 4 мердігермен келісім-шарт жасалып, 26 коттедждік үйлердің құрылысы аяқталып, оның 20-на әлеуетті сатып алушылар анықталды. Осы жеке тұрғын үйлер жол, су және газ  желілерімен қамтамасыз етілсе, электр желілерімен қамту жұмыстары ағымдағы жылы іске асырылады,  – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.

Аталған бағдарлама аясында, бұдан бөлек «Автобекет» аумағындағы 100 гектарда болашақта соғылатын 14-ші мөлтек ауданында 5 460 отбасына арналған 9 және 12  көпқабатты 49 тұрғын үй жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған алқап газ және байланыс желілерімен қамтамасыз етілсе, жылумен қамту жұмыстары 2020 жылы аяқталатын болады. Жалпы мұндағы инженерлік инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстарын 2021 жылы толығымен аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар аталған алқапта әлеуметтік инфрақұрылым нысандарыныңда құрылыстары жоспарланған. Олар – әрқайсысы 900 орынды 2 мектеп, 280 орынды 2 балабақша, 300 орынды көпбейімді аурухана.

Leave A Reply

Your email address will not be published.