Әкімдердің жұмысына оң баға берілді

0

Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков Қызыларық және Ақтөбе ауылдық округтеріне аялдап, ауыл тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.

Ақтөбе ауылдық мәдениет үйінде өткен Қызыларық ауылдық округінің тұрғындарымен   есептік кездесуге аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандағы  мекемелер мен ұйымдардың басшылары, ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков ашып, жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша сөзді учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Есенбек Әлиасқаровқа берді. Ол өңірдегі қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау бағытында бір жыл ішінде атқарған жұмыстарын баяндады.

Ауылдық округ аумағында өткен жылы бес қылмыстық іс тіркелсе, оның төртеуі ашылған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда қылмыстылық деңгейі 1 дерекке төмендеген, әкімшілік құқық бұзған 138 азаматқа  хаттама толтырылып, отбасында жанжал шығарған төрт азамат профилактикалық есепке алынған. Одан бөлек, автокөлікті мас күйінде жүргізген бір азамат жауапқа тартылған. Қоршаған ортаны ластағаны үшін 29 азаматқа ескерту берілген, әкімдік аппараты мамандарымен бірлесіп, түнгі рейд жүргізілген.

Жиналғандар одан әрі ауылдық округ әкімі Марат Қасымбековтің бір жыл ішінде атқарған жұмыстарының есебін тыңдады. Округтегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 8 688 га, оның ішінде егістік жер көлемі 6119 га, жайылымдық жер 2567 га, шабындығы 2,6 га құрайды. Өткен жылдың өнімі үшін ауыл еңбеккерлері 6 119 га алқапқа  ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Олардың өнімдері дер кезінде жинап алынған. «Минагро» порталына шабындық жерлер 100 пайыз, жайылым жерлер 62 пайыз, егістік жерлер 85 пайыз енгізілген. 17 ШҚ жерлері тіркелмеген.

Мал шаруашылығы саласында МІҚ 3250 басты, қой-ешкі 7757 басты, жылқы 758 басты құраған. Малдың кейбір түрлері есепті жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда артып келеді.

 «Автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша Алатау ауылының Шет, Мөлтек көшелеріне,  Сұрым ауылының Сламбек көшесіне құмшағал төселген. Қызыларық ауылының екі көшесіне, Сұрым ауылының бір көшесіне, Теріс-Ащыбұлақ ауылының екі көшесіне жарықтандыру жүйесі орнатылып,  Қызыларық және Ақтөбе ауылдарына «Street workout»  спорт алаңшасы cалынған. Теріс-Ащыбұлақ ауылынан медициналық пункт салынып, пайдалануға берілген.

Марат Сайлауұлы осылай дей келе, салық және бюджеттің атқарылуы, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жағдайға тоқталды. Округте жергілікті салықтар жоспары 3616,0 мың теңге болса, нақты орындалғаны 4217,1 мың теңгені құрап, 116,6 пайызға артығымен орындалған. Бекітілген бюджет көлемі 103 926,0 мың теңге болса, оның кассалық атқарылуы 103 913,0 мың теңгені құраған, яғни 99,9 пайыз орындалған. Округте аз қамтылған 144 отбасының 45-не АӘК тағайындалып, төленген.

Округ әкімі Қызыларық ауылындағы бұрынғы ескі мектеп ғимаратын ауыл тұрғындарының сұранысымен мәдениет үйі, спорт  зал етіп қайта ашу мәселесі шешімін таппай тұрғанын еске салды.

Әрі қарай аудан әкімі Нарбай Ергебеков тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар туралы есептік баяндама жасады. Есептік кезеңде ауданда тіркелген 194 қылмыстық оқиғаның 122-і ашылған,  қылмыстың ашылуы 60,1 пайызға жақсарған.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарымы 29 млрд. 895,5 млн. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,8 пайызға артса, өнеркәсіп өнімдері 10380,7 млн. теңгені құрап, өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 102,3 пайызға артқан.

Аудандық мәндегі 7,033 шақырым автомобиль жолы толықтай жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдар үлесі 2018 жылы 84,5% құрап, өткен жылмен салыстырғанда  3,5% өскен. Ауылішілік автомобиль жолдарын орта жөндеуге 143 650,1 мың теңге қаржы қаралып, 10,48 шқ автомобиль жолы жөнделді. Жылдық үлес 2019 жылы  58,9 пайызды құраса, 2018 жылы 54,3 пайызды құраған, 4,6 пайызға өсті.

Құрылыс жұмыстарының көлемі де арта түсіп, 5 475,1 млн. теңгені құраған.  Билікөл ауылдық округіндегі Қошмамбетов атындағы орта мектепке қосымша спортзал (қазандығымен бірге) құрылысы жүргізіліп, өткен жылдың қазан айында іске қосылған.

Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі   4,3 пайызды, жалпы жұмыссыздар саны 1 240 адамды құрады (облыста 4,8 пайыз). Есепті мерзімде жұмыспен қамту орталығына  2637 азамат қайырылса,  жұмыспен қамту шараларына 3 355 адам тартылған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға 49 азамат жоспарланса, жыл бойына  64 азамат жұмысқа тартылған.

2019 жылы аудан әкімінің халық алдында берген есебі барысында 20 мәселе түсіп, бақылауға алынған. Бүгінде оның 19-ы орындалса, біреуі орындалу үстінде.

Нарбай Әбілқасымұлы өңірде биылғы жылы атқарылатын қадау-қадау жұмыстарға шолу жасай келе, бес ауылдың ауыз су жүйесімен қамтылатынан, таулы өңірдегі елдімекендерді газдандыру жұмыстарының жалғасатынынан, бір мектепке қосымша спорт зал құрылысы жүргізілетінінен хабардар етті. Одан бөлек, газ құбыры тартылған елдімекендерді ауылішілік газдандыру, Қайрат ауылына 100 орындық мәдениет үйі құрылысы, жаңа тұрғын үй алаптарын ауыз сумен, газбен қамту, спорт нысандарын қайта жабдықтау, аудан орталығында жаңадан салынатын спорт кешені мен  мәдениет үйіне жапсарлас бөлмелер салу секілді құрылыс жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, сараптамаға ұсынылмақ.

Жарыссөз басталып, мінберге шыққан ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров «Теріс-Ащыбұлақ пен Сұрым ауылдары арасындағы жолды жөндеп, электр шамдары орнатылса, ауылдық округтен құрылған әжелер және қыз-келіншектер ансамблінің дайындық жүргізетін орны жоқ екенін айтып, мектептің ескі ғимаратынан бір бөлме берілсе» деген тілегін жеткізді. Ол ауыл және аудан әкімдерінің атқарған жұмысына қанағаттанарлық баға берді.

Алатау ауылының тұрғыны Мұстахан Байдосов ауылда қордаланған мәселелердің өте көп екенін алға тартып, бұл мәселелердің не ауыл, не аудан әкімінің баяндамасында қамтылмағанына қынжылыс білдірді. Оның айтуына қарағанда, ауылда салынады деген орта мектептің құрылысы кешеуілдеп кеткен, қыста ауылдың шет көшелерінің қары күрелмейді. Ақтөбе ауылынан Ержан Тәжіханов ауыз су, орталық көшенің бойынан жаяу жүргіншілер жолын салу және т.т. мәселелерді көтерсе, ардагер ұстаз Серік Кенжебаев Сұрым ауылындағы көріктендіру, көгеріштендіру жұмысының жай-күйін қозғады.

Жиында көтерілген осы және өзге де мәселелерге ауылдық округ әкімі Марат Қасымбеков, аудан әкімі Нарбай Ергебеков жан-жақты талдай отырып, жауап берді.

***

Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлының Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары алдындағы есеп беру жиыны Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінде өтті. Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандағы  мекемелер мен ұйымдардың басшылары, жергілікті қоғамдастық пен ардагерлер кеңесінің мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты.

Есептік кездесуді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Арабхан Заппаров ашып, жүргізіп отырды. Ол өңірде азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту саласында атқарған жұмыстарды баяндау үшін алғашқы сөзді округтің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Жарас Сиқымбаевқа  берді.

Әрі қарай жиналғандар ауыл әкімі Арабхан Заппаров пен аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өткен жылдың ішінде атқарған іс-шаралар туралы баяндамасын тыңдады. Баяндамашылар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша пилоттық өңір ретінде таңдап алынған округтегі істің барысы туралы кеңінен сөз етті.

Жарыссөзде ауыл тұрғыны Марс Рахманқұлов аталған бағдарлама бойынша несие алып, мал басын көбейтіп, тұрмысын түзегенін тілге тиек ете келе, бағдарламаға қатысушы азаматтарға сәттілік тіледі. Жаңаталап ауылының тұрғыны Қуаныш Тілепалды өзінің Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ аграрлық-техникалық университетін бітіріп, кооперативке агроном болып жұмысқа орналасқанын айтты. Сонымен қатар «Бастау-Бизнес» жобасымен оқып, 505,0 мың теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізгенін жеткізді.

«Шу-Талас» бассейндік инспекциясы директорының орынбасары Ағыбай Дәуренбеков округте проблема болып отырған ағын су мәселесіне қатысты түсініктеме беріп өтті. «Атамекен-Бастау» АШӨК төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов кооперативке мүше болу, тұқым алу, өнім өндіру, өткізу шарттарын түсіндірді.

 Есептік кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерге ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров, аудан әкімі Нарбай Ергебеков кеңінен түсініктеме бере отырып, жауап берді.

Абылайхан СӘРСЕН

Leave A Reply

Your email address will not be published.