Межелі міндеттерді бірге еңсереміз

0

Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтің тұрғындар алдындағы есептік жиындары өз жалғасын тауып, Шақпақ, Қарасаз, Жетітөбе ауылдық округтерінде тұрғындармен есепті кездесулер өтті. Әкімнің қатысуымен өткен жиын ең алдымен,  Шақпақ ауылдық округінің орталығында №4 Өнер мектебінде өтті. Оған округке қарасты елдімекендердің тұрғындарымен қатар аудан әкімдігінің сұраныс жасалған бөлім және мекеме басшылары шақырылды. Жиын жұмысына аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысты.

Жиынды ауылдық округтің әкімі Мұстафа Бектұрғанов ашты. Алғаш болып окургтің учаскелік полиция инспекторы Мақсат Дулатбаев өткен жылғы атқарған жұмысын баяндады. Инспектордың айтуынша, жыл ішінде округте 10 қылмыс тіркелген. Оның үшеуі ашылған. Жалпылама айтқанда, округте криминогендік ахуал тұрақты деңгейде. Келесі кезекте Шақпақ ауылдық округінің әкімі М.Бектұрғанов атқарылған және атқарылар жұмыстардың жайын баян етті. Округ ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен мұнда екі бірдей ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді. 270 шаруа қожалығында 357 адам жұмыс жасап жатыр. Тиісінше, ауыл шаруашылығы саласын және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 23 азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, 22 азамат қайтарымсыз грант ұтып алған. Биылғы жылы округке қарасты Т.Дүйсебайұлы ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, пайдалануға берілді. Бір қуаныштысы, Шақпақ ауылдық округі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізіліп, осыған орай алдағы жылдары мұнда бірқатар жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылы Шақпақата және Т.Дүйсебайұлы ауылдарында орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы басталады.

Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Ергебеков жалпы өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, атқарылар жұмыстар мен алға қойылған межелі міндеттердің жайына тоқталды. Аудан басшысы саяси-экономикалық жұмыстарды атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше мән бере сөйледі.

-Аудан экономикасы еліміздің біртұтас экономикалық кеңістігінің құрамдас бөлшегі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне жылдан-жылға артығымен қол жеткізілуде. Есепті мерзімге ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 29 млрд. 895,5 млн теңгені құрап, (2018 жылы 24 881,1 млн. теңге) өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, нақты көлем индексі 105,8 пайызды құрады.

Оның ішінде,  өсімдік шаруашылығы 13 995,7 млн теңге, нақты көлем индексі 108,2 пайызды, мал шаруашылығы 15 895,6 млн. теңге, нақты көлем индексі 103,8 пайызды құрап отыр. Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 213 151 га, оның ішінде 97 315 га егістік жер, суармалысы 8377 га. Масақты дәнді дақылдарды жинау барысы барлығы орылғаны 35 524 гектар, әр гектардан орташа өнімділік 23,3 центнер, жалпы түсімі 82 770 тонна, оның ішінде күздік бидай 9615 гектар,  орташа өнімділігі 23,8 центнер, алынған өнім 22 866 тонна, арпа 25 909 га, орташа өнімділігі  23,1 центнер, алынған өнім 59 904 тоннаны құрады. Есепті мерзімге жалпы құны 469,164 млн теңгеге 69 ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Оның ішінде 37 дана жаңа МТЗ тракторы, 1дана  тиегіш, 28 дана ауыл шаруашылығы тіркемесі,  2 дана астық жинайтын комбайн және 1 дана су шашатын қондырғы (жаңбырлатып суғару құрылғысы).

Жақында елордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жамбыл облысының жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, өңірлер арасында алдыңғы қатарда екені атап өтілді. Оған біздің жуалылық еңбеккерлердің де қосқан үлесі бар деп білемін. «Дамудың сыры – бірлікте» демекші, жүйелі жұмыстарды осылай жалғастыра беретін болсақ, бұдан да биік жетістіктерге жететінімізге кәміл сенемін. Алдағы уақытта да алға қойған межелі міндеттерді бірге еңсереміз деп сенемін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Аудан басшысы баяндамасында ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарына да тоқталды. Онда бес ауылға ауыз су жүйесі тартылатыны, тағы да басқа жұмыстар тілге тиек етілді.

Баяндамалардан соң жарыссөзге кезек берілді. Онда алғаш болып Шақпақ теміржол бекетінің бастығы Серік Қоңқабаев сөйлеп, шағын елдімекендегі үлкен проблемаларды сөз етті. Оның айтуынша, бекет аймағында тұратын тұрғындар табиғи газдың келуін күткеніне біраз жылдың жүзі болған. Одан бөлек, аудан аумағын кесіп өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бекет тұрғындарына елеулі әсер етіп отыр. Атап айтқанда, мұнда көлік қатынасы өте қиын. Мал айдап өтетін өткел жоқ. Соның салдарынан мұнда жайылым мәселесі туындап отырған сыңайлы. Бекет бастығы үлкен жолға жолайрық салу мәселесін де көтерді. Ал зейнеткер Пернебек Бердімбетов ескірген электр бағаналарын ауыстыру жайын айта келе, ауылдық округтің және аудан әкімдерінің жыл бойы атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді.

Сонымен қатар, жарыссөзде ауыл тұрғыны Смайыл Көбесов, округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілияс Әбішев, Т.Дүйсебайұлы ауылының тұрғыны Айгүл Имашева сөйлеп, соңғы  жылдары өзекті болып отырған жайылым, интернеттің жылдамдығының төмен екенін, ұялы байланыстың тым нашар екенін жеткізіп, әкімдердің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.