Тұрғындар тілегін назарға алды

0

Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақовтың аудан тұрғындарымен есепті кездесулері жалғасуда. Үстіміздегі аптаның сәтті сәрсенбісінде аудан әкімі бірқатар мекеме басшыларымен ауданға қарасты Дулат, Балуан Шолақ, Алға, Тасөткел ауылдық округтерінде болып, бірінші Дулат ауылдық округіне бас сұқты. Әдеттегідей көпшіліктің бірауыздан қолқа салуымен ауылдық округ әкімінің емес, бірден аудан әкімі Ж.Айтақов пен аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиевтің есептік баяндамалары тыңдалды. Баяндамадан кейін әңгіме ауаны бірден сұрақ-жауапқа ойысты.

Ауыл тұрғындарының алға тартқан сауалдарының басым бөлігі көптен бері ауыз  су мәселесінің шешілмей келе жатқандығы болды. Қысқасы, «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кері болып тұр. Әкімнің есебіне бағасын беріп, базынасын айтқан  ауыл тұрғыны Марат Мауталиев  ауыз  судың сапасы алаңдатарлық деңгейде екенін алға тартып, бактериядан тазартатын залалсыздандырғыш орнатуын және түнгі жарықтандыруды қалпына келтіруін қолға алуын өтінді. Бұдан бөлек, ауыл қариясы Абай Оңланбаев медпункт салып бергеніне алғысын білдіріп, жасы келген кісілердің басы аурып, балтыры сыздағанда аудан орталығына сабылмай, сұраныстағы дәрі-дәрмекті ауылдан алуға жағдай жасалса деген сұранысын жеткізді. Сапасы сын көтермейтін қоқыс полигоны да сөз болды. Қордаланған мәселе қаншалықты көп болса, шешімі де жоқ емес. Алайда, әп сәтте шешілетін шаруа емес, сондықтан тұрғындарға шыдамдылық пен төзімділік танытуға тура келеді. Кездесуде тілге тиек етілген тұрғындардың тілегі жергілікті биліктің назарына алынды,  алдағы уақытта олардың әрқайсысы жіті қаралатын болады.

Осыдан кейін есепті кездесу Балуан Шолақ ауылдық округінде жалғасын тапты. Жоғарыда атап өткен қос ауылдағы ауыз су мен ағын су мәселесі де бұл ауылға таңсық емес. Сондай-ақ, жайылымдарды жекеменшікке өткізу, яғни тұрғындардың жер алуға ниетті екендігі сөз болды. Аталмыш мәслеге қатысты жауап берген аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль  жолдары  бөлімінің басшысы Бақытжан Есеев жерді сатып алу жөнінде ұсыныс тасталса, мемлекеттік конкурс жарияланып, оған Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатысып, жерге иелік етіп кетуі мүмкін, сондықтан ортақ жайылым болғаны әлдеқайда тиімді екенін түсіндірді. Мемлекеттен алынатын қайтарымсыз несие жайы да сөз болды. Ауылға электрик, дәрігер мамандары тапшы. Тозығы жеткен жедел жәрдем көлігін де жаңалауға  ұсыныс айтылды. Әр ауыл тұрғынын мұқият тыңдаған аудан әкімі Ж.Әбдіғапарұлы түйткілді мәселелер мерзімін ұзартпай оң шешім табатынын жеткізді.

Қорытынды есеп кезегі бейсенді күні Тасөткел және Алға ауылдық округтерінде жалғасты. Алдымен Тасөткел ауылына ат басын бұрған аудан әкімі Ж.Ә.Айтақов тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Атап өтерлігі, Жарылқасын Әбдіғапарұлы ауданымызға әкім болып сайланғаннан кейін жұмысын бірден елді мекендер тіршілігімен танысудан бастаған болатын.

Осыған дейін Тасөткел ауылында да жұмыс сапарымен болып қайтқан аудан басшысы тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, бірқатар мәселемен танысқан еді. Есепті баяндама аяқталғаннан кейін аудан басшысы бірден жыл ішінде Тасөткел ауылында шешілген мәселелер туралы айтып өтті. Мәселен, ғимараты біраз жылдан бері жөндеу көрмеген Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалатындығын жеткізді. Ал оған дейін жылу жүйесі қалыпқа келтірілмекші. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын көптен бері мазалап жүрген мәселе – су қоймасы мен электр жүйесінің жекеменшік иелігінде тұрғандығы еді. Бұл сұраққа да жауап берген Ж.Айтақов екі меншік те сатып алынып, оларды жөндеуден өткізуге қаржы қарастырылатындығын айтты. Осы сәтте тұрғындар тарапынан өзге де мәселелер көтерілді. Мәселен, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тоқтағұл Санабеков ауылда бірнеше жылдан бері байланыс жүйесінің, жастар көңіл көтеретін ауылдық клубтың жоқтығын жеткізді.  Аудан басшысы алдымен мектеп мәселесі шешілген соң, кезекпен қалғаны да жөнге келетінін айтты. Сол секілді Аспара елдімекенінің тұрғындары күніне екі айналыммен Т.Рысқұлов мектебіне 45 бала таситын автобустың тозығы жеткендігін айтып, наразылық білдіргенде аудан әкімі бұл мәселе де ретке келетінін жеткізді.

Түстен кейін есепті кездесу Алға ауылдық округінде өтті. Кездесуге Алға, Сауытбек және Жайсан елді мекендерінің тұрғындары жиналды. Мұнда ауыл ақсақалы Н.Сабралиев осыған дейін ауыл әкімі Б.Есбергеновтың есепті баяндамасын тыңдағандарын айтып, бірден аудан әкімінің қорытынды есебіне кезек беруді ұсынды.

Баяндамадан кейін алғашқы болып Алға ауылының тұрғыны О.Байтеміров мал жайылымы тарап кеткендігін айтып, жаңа жайылым мәселесін шешуді ұсынды. Бұл сұраққа аудандық жер қатынастарының маманы бұған дейін округ тұрғындарының атынан ұсыныс түскендігін айтып, енді сот арқылы қайтарылған жайылымдарды беру бойынша құжаттар дайындалып жатқандығын жеткізді.

Ал Жайсан ауылының тұрғыны М.Мұхаметкәрім Жайсан ауылына ішкі газ құбырын жүргізу қажеттігін, ауылдағы екі көше жүруге жарамсыздығын және мектеп мәселесін көтерді.

— Ауыл ішіне ішкі газ құбырын жүргізуге қаражат бөлінді. Биыл Жайсан және Тасөткел ауылдарына жүргізілетін болады. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы Алға, Сауытбек және Жайсан ауылдарының көшелері толық жарықтандырылатын болады, — деп жауап қайырған аудан басшысы ауылдағы көше жолдарының жағдайын зерделеуді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Б.Есеевке нақты тапсырма жүктеді. Сол секілді Жайсан орта мектебінің құжаттары дайындалу үстінде және оны іске асыруға кемінде 2 жыл керек екенін айтып өтті. Жыл қорытындысына оң баға берген ауыл тұрғындары биылғы жылдан да үлкен жаңалықтар күтетіндіктерін айтып тарқасты.

Айғаным АСҚАРБЕК,

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.