Инфекционист-эпидемиолог маманмен кездесті

0

ЖИТС жайлы көп естиміз. Бірақ оған көбіміз мән бере бермейміз. «Оның бетін ары қылсын!», «Құдай сақтасын!» дейтініміз рас. Бірақ «Сақтансаң сақтайды» демекші, ғасыр індеті атанған дерт жайлы білгеніміз – ұрпағымызды сақтағанымыз. Осы мақсатта бүгін біз иммун тапшылығы вирусы жайлы сөз етпекпіз.

Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы Қазақстанда АИТВ жұқтырғандар саны 26 мың болатын. Сол жылы аталған вирусты тағы 2 900 адам жұқтырып, тағы мың науқас ЖИТС-тан көз жұмған. 2010 жылдан бері АИТВ тырнағына ілінгендер саны 39%, одан қайтыс болғандар саны 32% артқан.

АИТВ немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды. Емделмеген жағдайда АИТВ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, ЖИТС-ке ұласып кетеді.

Жуырда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/5 мекемесінде өткен жиын барысында облыстық ЖИТС орталығының инфекционист-эпидемиолог бас маманы Виктор Когай аталған індеттің берілу жолдары жөнінде кеңінен айтып берді.

Маманның айтуынша, вирус анықталған жағдайда ең алдымен ЖИТС орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. АИТВ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі. Сондай-ақ, маман АИТВ жұқтырған науқастың отбасында әр адамның өзіне тиесілі маникюр құралдары, қырынатын ұстарасы мен жеке тіс щеткасы болуы тиіс екенін ескертті.

— Адам иммун тапшылығы вирусы – үкім емес. АИТВ жұқтырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адамыңыз осындай дертке душар болған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу қажет. Өйткені, науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай қажет, — деді В.Когай.

Басқосу соңында мекеме қызметкерлері маманға көкейде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Дилора Барат,
ЖД-158/5 мекемесі медициналық сауықтыру пунктінің фельдшері әділет лейтенанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.