Білікті  басшы барда, толайым  тірлік тетігін табады

0

 

Күні кеше өткен  Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жамбыл облысының жыл ішінде жеткен жетістіктеріне жоғары баға берілгенін естіп,  кеудемді  қуаныш сезімі  кернеді. Шынында бүгінде Әулиеатаның әлеуеті   қай қырынан қарасаң да асқақтауда. Облыс орталығы Тараз қаласы тотыдай таранып, күн санап көркейе түскені былай тұрсын, тарихтың қойнауынан сыр шерткен тарихи һәм мәдени кешендер көне шаһардың ажарын тағы аша түсті. Одан бөлек былтыр шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға көп көңіл бөлінгенін көз көрді. Соның арқасында бүгінде елді мекендердің еңсесі тіктеліп, жеке, оның ішінде жастар кәсіпкерлігінің көкжиегі кеңеюде. Бұдан бөлек бырқатар өндіріс орындарының тынысы ашылып, жаңа жарқын жобаларға   жан бітті. Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевқа  дәл осы жамбылдықтардың тұрмысын жақсарту жобасының келешегінен мол үміт күтуге болатындығын жеткізуі де тегін емес. Себебі баянды бастаманың жемісін жыл басынан бері жалпақ жұрт көре бастады. Алғашқы несиелік қаржысына қол жеткізіп, қораларын төрт түлікке  толтыруда. Сондықтан Премьер-Министрдің осы жамбылдық жобаға айрықша басымдық беріп, тілге тиек еткені көңілімнен  шықты.

Одан бөлек Үкімет басшысы алдығы уақытта Жамбыл облысында көпбейімді аурухана салынатындығынан да хабардар етті. Бұл сөз жоқ бұқара үшін қуанышты жаңалық. Себебі бүгінде басы ауырып, балтыры сыздаған ағайынға ауылдық жерлердің өзінде медициналық көмек көрсетіліп жатқанымен, әлі де болса бұл бағытта жаңашылдық, түрлі ауруларға ем-дом жасар  көп салалы ауруханалар қажет екені  жасырын емес. Сондықтан Премьер-Министрдің бұл ақжолтай хабары жанымызды жылыта түсті.

Әрине мұндай толайым тірліктердің барлығы тіктеліп, жүйесін табу үшін басында білікті басшы тұрғаны абзал. Бұл ретте облыс әкімі Асқар Мырзахетовтің іскерлігіне ешкім күмән келтірмес. Себебі аймақ басшысы бар-жоғы екі жылдың бедерінде өңірге бұрын соңды болмаған дүниелер жасады. Оны қара халық көзбен көріп, алғысын жаудыруда. Ендеше биыл да облысымыз осы биігінен төмендемей, дабудың даңғыл жолына түскен бағдарынан айнамайды деп сенеміз.

 

  1. Эльмира Құлбаева,
  2. Тараз қаласындағы №13 орта мектеп
  3. директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары
  4.  

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.