Енді мас күйінде көлік басқарғандар темір торға тоғытылады

0

Бүгінде жол көлік оқиғалары еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны ақиқат. Ал жол апаттарының дені жүргізушілердің темір тұлпарды мас күйінде тізгіндегенінен орын алып жататыны да жасырын емес. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдан бастап ішімдік ішіп, көлікке отырған жүргізушілерді бас бостандығынан айыру жазасын белгілейтін заң жобасына қол қойды. Мұндай батыл қадам жүгенсіз кеткен жүргізушілерді жөнге сала ала ма? Басты мәселе осы.

Жалпы жаңа заң жобасында көлікті мас күйінде тізгіндеп, жол ережесін бұзғандар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады делінген. Сондықтан биылдан бастап ішімдік ішкен азаматтар көлікке отырмас бұрын жіті ойланғаны абзал. Еліміздің Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, қазір жаңа заң жобасын толыққанды күшіне енгізу үшін кешенді шаралар қолға алынып жатыр екен.
«Президент бұл мәселеде жауапкершілікті күшейтуді тапсырған. Мемлекет басшысы «Заң бұзушыларды түрмеге отырғызып, айыппұл салып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру керек» деді. Өкінішке орай, жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген 30 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Мас жүргізушілердің салдарынан болған апаттан өткен жылдың өзінде 1000-нан астам азамат жарақат алды немесе қайтыс болды. Сондықтан жаңа заң жобасын толыққанды күшіне енгізу бағытында ауқымды шаралар қолға алынуда» – деді Бас прокурордың орынбасары.
Бұрынғы заңда жол ережесін бұзған автокөлік иесі жол ережесін бұзғанда қандай деңгейде мас болды деген ешқандай айырма көрсетілмеген болатын. Алайда ендігі заң бойынша қаннан алкоголь табылса, онда ол бірден ауыр қылмыс санатына жатқызылады, татуласуға мүмкіндік берілмейді, 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 345-1 бабы бойынша жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылуы да заңда қарастырылған.
«Егер азамат белгілі бір мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылып, кейін оны алған соң қайтадан ұсталып, көліктің рөліне мас күйінде отырғаны белгілі болса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылады», – деп нақтылады М.Ахметжанов.
Әрине мұндай заң жобасы заман талабымен сұранып тұрған-ды. Әрі жаңа заң жамбылдық жүргізушілерді де жөнге салады деп сенеміз. Олай дейтініміз мас күйінде көлік басқару мәселесі жылда облыстық Полиция департаментінің қабырғасына батып жүргені жасырын емес. Оған нақты статистика дәлел бола алады.
– Талдау жұмыстары көрсеткендей, 2019 жылдың 12 айында көлік құралын масаң күйінде жүргізген жүргізушілер кінәсінен 104 жол — көлік оқиғасы орын алып, 25 адам қаза тапты. 167 адам әртүрлі дене жарақаттарын алды.
Бұдан бөлек көлік құралын масаң күйінде басқарған тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабының 1 бөлігіне сәйкес, 1152 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, – дейді облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция полковнигі Самат Құсайынов.
Осы орайда жаңа заң жобасына қатысты жамбылдық жүргізушілердің де пікірін білген едік.
– Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпке бас иген құл болмайды». Сондықтан жаңа заң жобасын өз басым қолдаймын. Жасыратыны жоқ, көптеген көлік апаттары дәл осы көлікті масаң күйде басқарудың кесірінен орын алып жататынын көз көруде. Сондықтан жол ережелерін бұзбай, заңды қатаң ұстанатын боламын, – дейді жүргізуші Мақсат Нарғұлиев.
Жалпы жүргізушілердің денінің ойы Мақсаттың пікірімен тоғысуда. Қай қайсысынан сұрамасақ та, жаңа заң көпшілікті тәртіпке шақыратынына сенеді. Біз де өз тарапымыздан жаңа заң жобасының пәрмені айрықша болсын деп тілейміз. Ең бастысы жолымыз ашық, жолаушыларымыз аман болғай!

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.