Жүргізуші, «Арқаннан» абайлаңыз!

0

Жамбыл облысы соңғы екі-үш жылдың бедерінде жол-көлік оқиғаларының саны бойынша республика көлемінде көш бастап келе жатқаны жасырын емес. Ал әрбір апаттың артында адам өмірі мен тағдыры жатқаны белгілі. Сондықтан жол-көлік оқиғаларының алдын алу бүгінгі күннің басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Осыған орай өткен жылдың соңында облыста «Арқан» мобильдік кешені іске қосылған болатын. Еліміз бойынша ең алғашқы болып аймақта қолданысқа енгізілген жаңа жүйенің қазіргі аяқ алысы қандай? Өз өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдей алып жатыр ма?

Облыстық Полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, былтырғы 20 желтоқсан күні іске қосылған мобильдік кешен қазір тестілік режимде жұмыс жасап жатыр екен.
– Өткен жылдың соңында республикалық мәндегі жол бойына шыққан 10 «Арқан» мобильдік кешені қазір 10 ауданда жұмыс жасауда. Жаңа құрылғы 20 қаңтарға дейін тестілік режимде қызмет көрсететін болады. Қазірдің өзінде кешен 4136 жол ережесін бұзған жүргізушіні анықтады. Алайда оларға айыппұл салынып немесе ескерту жасалып жатқан жоқ. Себебі әзірге қондырғының әлеуеті зерделенуде. Егер өзінің тиімділігін толықтай дәлелдеп шығатын болса, аталған көліктердің санын көбейтіп, толық режимде жұмыс жасайды деп күтілуде, – дейді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мамандары.
«Арқан» мобильдік кешені іске қосылар тұста облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев те жаңа жүйенің тиімді болатындығына сенім білдірген еді. «Өңірімізде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыс әкімінің қолдауымен республикалық маңызы бар автожолдарда қызмет көрсететін патрульдік полиция көліктеріне он бірлік «Арқан» мобильді кешенін орнатып, қолданысқа бердік. Мобильді кешен облыстың жол-көлік оқиғасы көп орын алатын аумақтарында қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ автоматтандырылған режимде полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз бақылау жүргізеді. Айта кетерлік жайт, аталған құрылғы еліміз бойынша біздің облыста алғаш рет қолданысқа енгізілуде. Кешенді қолданысқа енгізу арқылы біз жолдағы апаттылық деңгейін төмендетуге қол жеткіземіз деген ойдамыз», – деген болатын. Департамент басшысының сөзі нақтыланып келе жатқандай. Олай дейтініміз заманауи құрылғы небәрі 20 күннің ішінде 4136 заң бұзушылықты анықтапты.
Жалпы «Арқан» мобильді кешені жолдың бақыланатын аймағы арқылы өтетін барлық көліктердің нөмірлік белгілерін, түсі мен маркасын тануға, белгіленген жылдамдықты арттыру деректерін тіркеуге қабілетті. Бұл құрылғының көмегімен айыппұл туралы ақпараттар деректерді өңдеу орталығына және Бас прокуратураның әкімшілік өндірістерінің бірыңғай тізіміне автоматты түрде жіберіледі. Сонымен қатар полиция қызметкерінің жүргізушімен қарым-қатынасын болдырмай, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек көлік құралының танылған нөмірлік белгісі бойынша полицияның іздестіруінде немесе жүргізушінің бұрын жасаған әкімшілік құқық бұзушылық үшін борышкерлер тізімінде болуы автоматты түрде тексеріледі. Бұл жағдайда мобильді кешендегі полиция инспекторы заңға сәйкес құқық бұзушыға қатысты жедел әрекет ету шараларын қабылдай алады.
Міне, осындай қырағы қондырғы қазір облыс көлемінде қызмет көрсетуде. 20 қаңтарда тестілік уақыты аяқталғанда мамандар мобильдік кешеннің әлеуетін таразылайтын болады. Егер толықтай үмітті ақтаса, онда «Арқан» аймақтағы барлық автожол бойына шығатыны анық. Ал ол сәтте жүгенсіз кеткен жүргізушілер жөнге келіп, жол ережесі екі есе қырағы қадағаланатыны айқын.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.