«Қаралмада» қарқынды жұмыс

0

Шақпақ ауылдық округінің Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының үстіңгі жағындағы тау баурайынан салынып жатқан «Қаралма» тау-шаңғы базасындағы құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде де тоқтаусыз жүргізілуде. Бүгінгі таңда тіршілікке қажетті инфрақұрылымдардың дені тартылған, тақтайдай тегіс жол, электр желілері, газ және ауыз су құбыры бар. Коттедждер қалашығынан бой көтерген 23 коттедждің 15-ін пайдалануға беруге дайындық жүріп жатыр. Олардың сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталып, қазір қасбеті мен ішкі әрлеуі жүргізілуде. Бес коттедждің қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылуда. Нысан басында жетпістен аса адам еңбек етуде.

Бас мердігер «ТаразСпецСтрой» ЖШС-нің учаске басшысы Василий Журавиннің айтуынша, бүгінде нысандағы құрылыс жұмыстарының 70 пайызға жуығы атқарылған. Жақында ұзындығы 300 метрлік бірінші аспалы желінің құрылысы аяқталып, сынақтан өткізілген, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, тау-шаңғы базасы әкімшілігі, кафе, мейрамхана, қонақүй ғимараттары бой көтерген. Ұзындығы 2,5 шақырымдық үлкен аспалы желінің құрылысы басталған. Бүгінде үлкен аспалы желінің діңгектері орнатылып, жолаушыларды мінгізу терминалының, диспетчер станциясының қабырғасы тұрғызылуда. Кешеннің аумағы абаттандырылып, 100-ден астам шырша егілген.
– Айта кететін бір мәселе, таудағы қардың аздығынан демалушыларды қабылдай алмай отырмыз. Қар жеткілікті жауғанда, кіші аспалы желімен тау басына, шаңғы жолына көтерілуге болар еді. Алайда, тауда қардың аз жаууына байланысты мұндай мүмкіндік болмай тұр. Биыл ауа райы өткен жылдағыдай емес. Дегенмен, қаңтар айы қарлы болады деген болжам бар. Шаңғымен сырғанау үшін қардың көбірек жауғаны дұрыс. Тау-шаңғы базасын аяқтау жөніндегі шартты міндеттемеміз болғандықтан, қандай ауа райы болса да, жұмысты тоқтатып қоя алмаймыз. Одан бөлек, бұл нысанды ел-жұрт күтіп отыр, – деді Василий Владимирович.
Учаске бастығынан тау-шаңғы базасының келешегі туралы сұрағанымызда, ол болашақта коттедждер қалашығының кеңейетінін, мұнда қосымша 20 шақты коттедж салынатынын айтты.
– Нысан пайдалануға берілгенімен, құрылыс жұмыстары тоқтамайды, әлі 1-2 жыл бойына жүргізіледі, – деді ол.
Осылайша «Қаралма» тау-шаңғы базасы пайдалануға берілетін күн жақын. Жаңа нысан іске қосылғанда өңірдегі туризм саласының екінші тынысы ашылатындығы сөзсіз.

Абылайхан СӘРСЕН,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.