Жолдаудың басым бағыттары талқыланды

0

Бүгін Тараз қаласы әкімдігінде өткен жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауы талқыланды. Басқосуға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, Тараз қаласы бойынша ақпараттық топтың жетекшісі Бекболат Орынбеков, Президент Жолдауын түсіндіру жөніндегі облыстық, қалалық ақпараттық топтардың мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, оқу орындары мен денсаулық сақтау мекемелерінің, қала әкімдігі бөлімдерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың, БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында баяндама жасаған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай Мемлекет басшысы Жолдауының маңыздылығына тоқталды. Кенжебек Мамашбайұлы қала бойынша 2019 жылдың тамызына инфляция деңгейі 102,6 пайызды құрағанын, нәтижесінде, 23 азық-түлік тауардың бағасы төмендеуі байқалса, 4 түрі бойынша бағалары өскенін жеткізді. Осыған байланысты, бөлшек сауда объектілерінде үстеме бағаларды 15 пайыздан асырмау, отандық өнім үлесін 30 пайыздан төмендетпеу және оларға рұқсат етілген шекті бағаларды заңға сәйкес белгілеу шаралары бақылауға алынады екен.
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарлануда екен. Онда 447 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тараз қаласының аумағында республикалық маңызы бар индустриялық аймақ құру жұмыстары жоспарлануда.
-Индустриялық аймаққа 100 гектар жер учаскесі бөлінген. Ендігі кезекте инфрақұрылым жүргізу үшін қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі энергетика және кәсіпкерлік басқармаларымен бірлесе отырып, жобалау жұмыстарын жеделдету қажет. Бүгінгі күнге тіркеуге алынған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішіндегі жұмыс жасайтындарының саны 27 672 бірлікті құрап, үлесі 76,9 пайызға жетті. Ол өткен жылдың осы кезеңіне 6,3 пайызға артып отыр, — деді К.Олжабай.
Қала әкімінің орынбасары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 8 айында 1,2 миллиард теңгеге 15 жаңа жоба қолдау алғанын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2-ші бағыты аясында 240,8, миллион теңгеге 19 жоба несиелендіріліп, 8 жобаның несиесі 65,4 миллион теңгеге кепілдендірілген.
Жиында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, облыстық ақпараттық топтың мүшесі Ержан Әмірбекұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Жамбыл облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақов, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанаділ Оспанов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалының директоры Әбдіманат Еспаев, «Освобождение Юг» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бағжанов және Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Роза Әлібековалар өз салалары бойынша сөз алып, Жолдауда айтылған мәселелердің маңыздылығына тоқталды.
Басқосу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды мерзімінде орындау өңірдегі атқа мінер азаматтарға артылған жүк екенін, сондықтан Президент сенімін ақтап, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған міндеттерді іске асыру керектігін айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.