Төле би ауылы түрлене түспек

0

Ауылдың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы Шу ауданында қарқынды жүзеге асуда, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Жалпы, Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба аясында болашағы зор ауылдарды дамыту үшін үш жыл ішінде 90 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл қаржымен 1,5 мыңға жуық перспективалық ауылдар қамтылатын болады. Бұдан басқа, моноқалалар мен шағын қалаларды дамытуға жылына 10 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаржы өңірлерде 100-ге жуық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу немесе құруды қамтамасыз етеді.

Ал, жоба аясында облысқа 2 млрд. 770 млн. теңге қаржы бөлінген. Жалпы, облыста 163 перспективалы ауылдың тізімі бекітіліп, ағымдағы жылға Шу ауданындағы Төле би, Байзақ ауданындағы Сарыкемер және Жамбылдағы Аса ауылы белгіленген. Онда 104 жоба іске асырылатын болады.

Төле би ауылдық округінің әкімі Е. Даберовтың мәлімдеуінше, жалпы 11 көшенің жолдары жөнделіп, екі көшеге табанжол салынады. Сондай-ақ, 12 көшеге көше жарығы жүргізіледі.

Ел көптен күткен «Салтанат сарайы» салынып, жаңа спорт кешені бой көтермекші. Ал, аудандық орталық аурухана жанына қосымша ғимарат қосылады деп күтілуде. Спорт кешені мен Салтанат сарайының жобалау-сметалық құжаттары толығымен аяқталып, бөлінетін қаражат көлемі нақтыланған. Нәтижесінде Салтанат сарайы құрылысының сметалық құны – 550 млн. теңге, ал әмбебап спорт кешенінікі – 295 млн. 304 мың теңге болып белгіленген.

Одан бөлек, аудандық орталық ауруханаға емхана ғимаратын жалғауға – 304 млн. 388 мың теңгеге смета жасалған. Жоба бойынша «Техникалық шығармашылық орталығы», М.Әуезов атындағы орта мектеп, аудандық мәдениет үйі ғимараттарына күрделі жөндеу, ал «Әсем» балалар бақшасы, аудандық орталық кітапхана ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Төле би ауылдық округіне қарасты 44 нысанның құрылысына 1 104 425 теңге бөлінген. 2020 жылы аудандағы тағы бір ауылдың ажары ашылмақ. Әрине, бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық.

Шалғай жатқан елді мекендердің еңсесін көтеруді жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтқан болатын. Мемлекет басшысы ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын жақсарту үшін жергілікті жерлердің инфрақұрылымын дамытып, жол, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының құрылысына баса назар аудару қажеттігін айтқан-ды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.