Кенен Әзірбаевтың 135 жылдығы аталып өтілді

0

Алатаудың ақиығы Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл толуына орай Кенен ауылында салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Алыс-жақыннан жиналған өнер сүйер қауым әдеби-мемориалдық музейге ат басын тіреп, танымды кездесу сол жерден бастау алды. Алдымен ақын рухына Құран сүрелері бағышталып, Кененнің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Одан кейін сонау сексенінші жылдары ашылған, ақынның 125 жылдығы қарсаңында қайта жөндеуден өтіп, сәні келіскен мұражайды аралады. Шарада алдымен сөзге шыққан аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов аудан басшысы Болатбек Байтөленің құттықтауын жеткізсе, одан кейін сөзге шыққандар қатарында Кенен Әзірбаевтың немересі, бүгінгі таңда музейдің дамуына үлкен үлес қосып жүрген азамат Мұрат Кененов сахнаға көтеріліп, 135 жылдыққа орай өткізілген, әлі де қолға алынуы жоспарланып отырған іс-шаралар турасында жиналған қауымды қанық етті.

Салтанатты шараның екінші бөлігі – концерттік бағдарламаны ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі әнші Қарлығаш Қожағазина бастаған аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған фольклорлық ансамбльдің сүймелдеуімен Кененнің бірқатар әндерін нақышына келтіре орындап, халық оны зор ықыласпен қабылдады. Сонымен бірге ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Насиха» әжелер ансамблі өз өнерлерін ортаға салса, өңірімізге белгілі күйші Қуаныш Ахметовтың орындауындағы күйге, ақындардың арнауларына жиналған қауым ризашылықтарын білдірді.

19 ғасырда өмірге келіп, ел басына төнген талай нәубет пен қайғы-қасіретті көзімен көрген, әрдайым халықпен біте қайнасып, өнерімен өрге шыққан Кенен Әзірбаев қашан да халық жадында болғаннан соң өнері өшпек емес, есімі ардақтала берері ақиқат. Екі мәрте «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендері және басқа да медальдармен марапатталған, ғасырға жуық өмір сүріп, 92 жасында өмірден өткен Кенекең он жеті дастан, жүз елуге жуық ән, оннан астам айтыс, күй, мыңға тарта өлең және өзге де том-том қолжазбалар қалдырған. Кенен байырғы бабалар жырауы дәстүрін жаңғыртып, оған жаңа мазмұн, сипат бере білген жан. Халқымыздың ұлы тұлғасы Жамбылдың жыраулық, жыршылық, ақындық мектебінен өтіп, үздік шәкірті атанды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.