Ақпараттық орталықтар ауылдықтардың игілігіне жарап тұр

0

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар. Сол бағыттың бірі — ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру. Осы мақсатта Т. Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Нақты айтқанда маусым-шілде айларында ауданның Тереңөзек, Д.Қонаев, Өрнек, Жаңатұрмыс ауылдық кітапханаларында цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды. Ашылу салтанатында ауылдық округ әкімдері мен ауыл ақсақалдары құттықтау сөз сөйлеп, халыққа жасалған игі істің пайдасы зор екенін атап өтті.

Атап өтейік, аталған орталықтар осыған дейін Мақпал, Көкдөнен, Қорағаты ауылдық кітапханалары мен Құмарық, Қарақыстақ ауылдық модульді кітапханаларында ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Бұл жұмыстар негізінен ауыл тұрғындарының игілігіне арналған. Ауыл тұрғындары орталық арқылы бүгінде  egov.kz электронды порталымен 8 түрлі анықтама түрін алуда. Орталықтар толығымен кең жолақты интернетке қосылып, заманауи компютерлермен жабдықталған.

Цифрландырылған ақпараттық орталықтарда көрсетілетін қызметтерді басқару және іске асыру үшін cao-zhambyl.kz жеке сайты арқылы бір орталық жүйеге қосылды. Онда ауданның барлық тұрғындарына кез-келген сала бойынша күнделікті тұрмысқа қажетті қызмет түрлері көрсетіледі.

«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында.

Елді мекендерде ашылған барлық цифрландырылған ақпараттық орталықтар заман талабына сәйкес келеді. Әлемдегі дамыған елдердің кітапханасында ұсынылатын қызмет түрлерін қалың оқырманға енгізудің өзі – жаңару мен жаңғыруға бастаған үлкен қадамның бірі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.