Әділханның құрама жеміне сұраныс жоғары

0

Таластық жеке кәсіпкер Әділхан Ордабеков талпыныс болса, адамға жас та, жағдай да кедергі болмайтынын дәлелдеп келеді. Ол өз талабының арқасында екінің бірі батылы барып, айналыса бермейтін кәсіп түрін игеріп, жалғыз өзі елді қолынан шыққан өніммен қамтып отыр, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Өзі басқаратын «Әділ GROUP» — малға және құсқа қажетті азық шығарумен айналысады. Нақтырақ, сиыр, жылқы, бордақыланатын бұқаларға, сондай-ақ, құсқа арналған құрама жем өндіруді қолға алған Әділхан аға бұл кәсіпке үлкен дайындықпен келгендігі көрініп тұр. Алғашқыда әктасты аудандағы Мырзатай ауылындағы құс фабрикасына тасымалдап жүріп, құсқа қажетті азықты дайындамаққа бел буады. Тәуекел етіп, Ресейден арнайы құрал-жабдыққа тапсырыс береді. Ісін бастамаққа шындап кіріскен кәсіпкер төмен пайызбен несие алады. Бүгінде шаруасы қалыпқа түскен Әділхан аға жұмыстың оңай еместігін айтады.

– Түліктің түріне қарай құрама жемнің дайындалуы да әртүрлі. Мәселен, оның көлемі тауыққа-3 милиметр, ірі қараға және жылқы малына-8 мм болуы тиіс. Оның құрамында күнбағыс майы, бидай, арпа, жоңыршқа, әктас ұнтағы тағы басқа қоспалар бар. Майлы және дәнді дақылдарды қолға түсірудің өзі біраз шаруа. Соның ішінде күнжара (жмых)мен мақсарыны Жуалыдан алдырамын. Егер күнжараны өзім ексем өсімдік майын өндірумен қатар, оны әлдеқайда төмен бағаға ұсынуға болар еді,-дейді.

Үйдің ауласына орнатылған арнайы құрал-жабдықтың көмегімен тәулігіне тауыққа 1,5 тонна, ал ірі қара малына 2,5 тонна құрама жем шығарады. Құрама жемнің артықшылығы-60 күнде байланатын жылқыны аз шығынмен бір жарым айда семіртуге болады. Малға берілетін азықтан басқа, балыққа арналған жем түрлері де бар. Қазіргі таңда кәсіпкер 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ә.Ордабековтің иелігінде «Әділ GROUP»-тен бөлек «Ая и КА» және «Дәулет» шаруа қожалығы бар. Атауы бөлек демесең атқаратын жұмысы бір-бірімен байланысып жатыр.

Іскер азамат болашақта әктас ұнтағын өндіретін, мал азығын дайындайтын, мал бордақылайтын шаруашылықты біріктіріп, кешен құрмақшы. Қолдау болса, еңбектен қашпайтындығын айтады. Жасы жетпісті алқымдаған Әділхан ағаның жұмысқа деген табандылығы, алға қойған жоспары адамды тәнті етпей қоймайды. Жуырда баламасыз жобаны ұсынып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант иегері атанды. Бөлінген қаржыға өсімдік майын өндіретін қондырғы алмақ. Кәсіпкер ол үшін Ресей тарапымен келіскен де.

Кәсіпкерге қазіргі таңда шаруашылықтың басын біріктіріп ферма ашу үшін қажетті жер алу қиындық тудырып отырған көрінеді. Жергілікті билік ісін қолдаса, алдағы уақытта жұмыс көлемін арттырмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.