Сарысулық жас кәсіпкер «ерекше» балаларға арналған балабақша ашпақ

0

Жамбыл облысында жас кәсіпкерлерге қолдау жыл сайын артып келеді. Соның бір дәлелі, жуырда ғана облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге «Бизнстің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өз бизнесін құруға мемлекеттік гранттар беру конкурсы өткен болатын. Аталмыш байқауға қатысып, грантты жеңіп алған тағы бір жас кәсіпкер Сарысу ауданы Жаңатас қаласының тұрғыны Назира Әміреева балабақша ашуға ниеттеніп отыр , – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Ауданда төрт бөбекжай балабақшасы және бірнеше шағын орталықтар тұрғындарға қалтқысыз жұмыс істейді. Осының нәтижесінде балабақшаға балалардың кезекке тұруы өткен жылдарға қарағанда біршама шешілген. Ал, алдағы уақытта аз қамтылған отбасы балалары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып, 1-шағынауданнан балабақша ашылады деп күтілуде. Ол бақшаны қала тұрғыны Назира Тасбауқызы ашпақшы.

– Аудан орталығының 1-шағынауданынан екі қабатты ғимаратты қала тұрғыны Рысқыз Елшібаева тегін пайдалануға берді. Енді жөндеу жұмыстарын бастағалы отырмыз. Гранттан жеңіп алған 1 млн. теңгеге жөндеу жұмыстарымен қатар, құрал-жабдықтар, балалардың төсек-орындарын және жиһаздар аламыз деп жоспарлап отырмын. Осы орайда айта кету керек аудан әкімі ғимараттың шатырын жауып беретін болды. Қолдау білдірген аудан басшысына алғысым шексіз.

Қала орталығынан ашылғалы отырған мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балабақша өзге мектепке дейінгі мекемелерден өзгеше. Қазіргі таңда 76 бала балабақша кезегіне тіркеліп отыр.

Мұнда баланың ой-өрісін дамытуға бағытталған, қимыл-қозғалысын жақсартуға көмектесетін тренажорлық аппараттар, сауықтыру құрал-жабдықтары, сондай-ақ, арнайы медицина қызметкерлері-психолог, логопед,  массаж жасаушы мен  әлеуметтік педагогтар әрбір баламен жұмыс жасайтын болады. Балабақша ақысы өзге балабақшаның бағасынан екі есе төмен болады, – дейді жас кәсіпкер.

Жалпы аталмыш мекеме әр баланың психологиялық ерекшеліктерін назарға ала отырып, әрі емдеп, әрі білім береді. Тұлға болып қалыптасып, қоғамда өз орнын табуға үлес қоспақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.