Биыл Жамбылда оқулық жетіспеушілігі болмайды

0

Биыл Жамбыл облысында оқулық жетіспеушілігі болмайды. Аталмыш мәселе Білім және ғылым министрлігі енгізгелі отырған арнайы жүйе арқылы шешілмек, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Нақтысын айтқанда, жаңа жүйе бойынша оқушылар мектеп бағдарламасында пайдаланатын кез келген оқулығын ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайтынан жүктеп алып, планшет немесе телефон секілді құрылғыларына жазып ала алады. Осылайша, оқушыларға да, ата-аналар үшін де қажетті кітап әрдайым қолжетімді болмақ. «Жеңіл портфель» жобасы аясында қолға алынған бастама біріншіден, оқушылардың оқулық толған ауыр сөмкелерін тасу машақатынан айырса, екінші тұрғыдан жоғарыда айтқан оқулық жетіспеушілігін сезінбеуіне де жол ашпақ.

– Биылғы жаңартылған білім беру бағдарламасына 4,9,10 сыныптар көшеді. Тиісінше олардың барлық оқулықтары жаңартылады. Жалпы облыс оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етуге облыс әкімдігінен 2,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 1 миллион 300-ден астам кітап сатып алынды. Қазіргі уақытта оның 92 пайызы облысқа жеткізіліп үлгерді. Ал мектептерге барлық оқулықтың 65 пайызы жөнелтілді. Бұл жұмыстар оқу жылының басына дейін толық аяқталады.

Әр аудандардағы балалардың мектепке келуін ескере отырып, кейбір оқулықтарды артығымен алдырдық. Жоғарыда аталған 1 сыныпқа келетін 28 мың оқушы толық кітаппен қамтылады. Егер жетпей жатқан жағдай болса, өзара алмасып оқу мәселесін де қарастырудамыз, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы – облыс көлемінде 37 IT-сыныптың ашылуы болмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 IT-сыныбына артық. Онда 8-16 жас аралығындағы балаларға Еуропалық білім беру стандарты негізінде тереңдетілген білім беріледі.

Бұл жұмыстарды өз деңгейінде жүзеге асыру мақсатында облыс бойынша мектептердің 99 пайызы Wi-Fi желісімен жабдықталған екен. Жаңа оқу жылына бұл межені 100 паайызға жеткізу көзделіп отыр. Ал робототехника кабинеттерімен мектептердің жартысы қамтамасыз етілген.

Біріңғай мектеп формасы да жыл сайын басынан дауы арылмай келе жатқан жайттың бірі. Бұл тұрғыда, Рахия Сейітбекқызы біріңғай форма алу ісінде ешқандай өзгеріс жоғын айтады. Сондықтан мектеп басшлығы да, ұстаздар да ата-ананы белгілі фирманың киімін сатып алуына міндеттей алмайды. Форма төңірегіндегі барлық сауалдар ата-аналар комитетінің жиынында талқыланып, жиын барысында оның түсі сапасы мен бағасы жөнінде ортақ шешім шығарылады екен. Ең басты талап  форма мектептің ішкі ережесіне сай болуы қажет. Бір сөзбен айтқанда, баласына қандай үлгідегі костюм кигізетінін әр сыныптың ата-аналар қауымдастығы өздері шешеді. Ал мектеп басшылығының ол шешімге ешқандай әсер етуге құқығы жоқ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.