Биыл 1 сыныпқа 28 мың жамбылдық балдырған барады

0

Облыс әкімдігінің білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенер болсақ, облыс бойынша биылғы оқу жылында 442 мектеп білім беру ісіне кіріседі екен. Аталған оқу ордалары қолына шоқ гүлін алып, үмітін үкілеген 28 мыңнан астам балдырғанды 1 сыныпқа қабылдайды деп күтілуде, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Қазірдің өзінде оқушыларды мектепке қабылдауға арналған eduschool.kz жүйесі арқылы 1 сыныпқа 13 938 электронды өтініш беріліп, 13 512 бала оқу ордаларына қабылданған. Әйтсе де, бұл тек алдына ала жасалып отырған болжам ғана. Сол себепті қыркүйек айындағы нақты көрсеткіштің ауылы бұл есептен әлдеқайда алыс болуы ықтимал. Мәселен, өткен оқу жылының басында мектепке қабылданған балалардың саны күтілген межеден 7 мыңға артық болған. Оның үстіне биыл облыс көлемінде 4 білім ошағының жабылуы «Аймақ мектептерінде орын тапшылығы болмай ма?» деген сұрақ туындатып отыр.

Десе де, басқарма басшысы Рахия Тұрмаханбетова, оқушыларды қабылдауда ешқандай мәселе болмайтынын айтады.

– Жоғарыда аталған 4 білім ордасы – бастауыш мектептер болатын. Жалпы есептегенде, 4 мектепте оқитын баланың саны 30-ға да жетпейтін еді. Осыған орай, бұл білім ошақтарының жұмысын тоқату туралы шешім қабылданды. Оқушылар өзге мектептерге ауыстырылды. Бұл жағдай орын тапшылығын туындатпайды, – дейді облыстың бас ұстазы.

Сонымен қатар аталған мәселенің шешілуіне жаңа оқу жылында есігін ашқалы отырған 5 мектеп өз үлесін қоспақ. Жаңа білім беру мекемелері, өз кезегінде, 1 үшауысымды, 1 апатты жағдайдағы және 3 орын тапшылығы бар мектептің мәселесін толықтай шешпек.

Ал, облыста тіркелген өзге апатты жағдайдағы 3 мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылысы биыл басталады екен.

– 16 мектепті ағымдағы жөндеуден өткізуге 98 миллион теңге бөлініп, жұмыстар толық аяғына жеткен. 7,3 миллиард теңгеге 7 мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 3-еуіндегі жұмыстар мәресіне жетіп үлгерді. Келесі 3 мектептегі жөндеу жұмыстары айдың аяғына дейін тәмамдалады деп күтілуде. Ал, Шу ауданындағы М.Әуезов мектебінің құрылысы қарашаға дейін жалғасады. Оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін оқушылар бөліп оқытылмақ. Бірде-бір бала оқудан сырт қалмайды, – дейді Рахия Сейітбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.