Министрлік өкілі жоба аясындағы жұмыстармен танысты

0

Ұлттық Экономика Министрлігі өңірлерді дамыту департаментінің директоры Дәурен Жамбайбек Байзақ ауданында жұмыс сапарымен болды. Сапары барысында министрлік өкілі аудандағы «Ауыл-ел бесігі» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Әуелі Дәурен Қаленұлы облыстық маңызы бар «Тараз-Сарыкемер – Түймекент-Ақшолақ» автожолының 3,4-14,4 шақырым аралығын қайта жаңғырту бойынша жүріп жатқан жұмыстарды, одан ары қарай Сарыкемер ауылын суландыру жүйесі бойынша басталған жұмысты көрді.

 Сонымен қатар, Департамент басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Теремок» және «Балдырған» балалар бақшаларында, орталық аурухана мен аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде болып, аталмыш нысандарда жүргізіліп жатқан күрделі және ағымды жөндеу жұмыстарының барысына қанықты. Аудан орталығындағы стадион аумағында бой көтерген футбол алаңында болып, жұмыстың жай — жапсарымен танысып шықты. Тапсырысты орындаушы мердігерлердің басшыларына жұмысты сапалы атқару мен нысанды мерзімінде аяқтауға күш салу қажеттігін  жеткізді.

Аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған ауқымды тірліктердің барысы басты назардан түспейтіндігін айтып өтті.

Жалпы “Ауыл — ел бесігі” жобасының негізгі мақсаты –  ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға дейін жеткізу.

Қазіргі уақытта бұл жобамен облысымыздың 4 ауданында жол салынып, ауыз су кіргізіліп, әлеуметтік нысандар бой көтере бастады. Биыл бұл жобамен Меркі, Жамбыл, Шу, Байзақ аудандарының бір-бір ауылдарында көптен күткен істер шешімін тауып, қызу құрылыс жүріп жатыр.

Ауылдық аймақтарда өмір сүру сапасын жоғарылатып, қажетті инфрақұрылыммен қамтуды көздеген жобамен жүзеге асырылатын жұмыстар үшін 3 миллиард 941,234 миллион теңге бөлінген. Оның 3 миллиард 546,549 миллион теңгесі республикалық, 394,695 миллион теңгесі жергілікті бюджет есебінен қарастырылған. Бұл қаржының 642,765 миллионы электрмен, 29,463 миллионы сумен жабдықтауға жұмсалса, 998,350 миллионы жол салуға арналған. Ал білім саласына 1 миллиард 27,251 миллион теңге, денсаулық сақтау ісіне 93,959 миллион теңге, спортқа 69,242 миллион теңге, мәдениетке 606,343 миллион теңге, әлеуметтік қамтуға 7,194 миллион, құрылыс жүргізуге 466,667 миллион теңге бөлініпті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.