Жамбылдық медиаторлардың облыстық конференциясы өтті

0

Бүгін Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен облыс медиаторларының «Медиация – бейбітшілік пен келісімнің кепілі» атты облыстық конференциясы өтті, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Жиынға Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, судьялар, прокуратура, ішкі істер және әділет органдары, ішкі саясат қызметкерлері, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары – этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Аналар, ақсақалдар,  қоғамдық келісім кеңестері, медиаторлар және «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы, адвокатура, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференцияда медиация институтын дамыту бойынша өзекті мәселелер мен жұмыс әдістерін, Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация құрылымдарының мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылының негізгі тетіктерін талқылау мәселелері қаралды.

Келелі кездесу барысында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Шәбден  Тілеумұрат бүгінгі күнге дейінгі медиация мен облыстық Қоғамдық келісімнің кеңесінің бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесіне тоқталып өтті. Баяндамасы барысында Шәбден Тоқтасынұлы Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметіндегі медиацияның рөлі жайлы ой қозғап, қос саланың бірлесе еңбек етуі жұмыстың жемістілігін арттыратынын айтты.

Сондай-ақ, медиация ісін алға сүйреп, арнайы институтын жандандыру және отбасындағы дау-жанжалдарды шешуде медиация қызметі турасында Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Нұрмұхаммат Абидов баяндама жасады. Ал, Жамбыл облыстық сотының судьясы, бітімгершілік рәсімдер жөніндегі үйлестіруші Дінмұхаммед Әзретқұлов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Аракси Плетнева,  Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №10 мектеп директоры Бауыржан Бектұрғанов өз баяндамаларында  жиылған жұршылыққа сотқа дейінгі медиацияның атқарар рөлі мен маңызын түсіндірді.

Бұдан бөлек, жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы медиациясында белсенділік танытқан медиаторлар  марапатталып, бірнеше алғыс хаттарға ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.