«Qоrǵau» жобасы қиын жағдайға түскендерге қол ұшын созады

0

Жамбыл облысында «Qоrǵau» жобасының таныстырылымы өтті. Аталмыш оқиғаға орай облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Басқосуға «Qоrǵau» жобасының үйлестірушісі Бағлан Сағынбай, Жамбыл облысының аймақтық үйлестірушісі Нұрлан Қанатов және «Qоrǵau» жобасының заңгері Баян Құрбанова қатысты, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Жоба үйлестірушілерінің айтуы бойынша, аталмыш жоба халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін қолжетімді және тегін инфрақұрылым құруға бағытталған. Сондай-ақ 200-ден астам бағыт бойынша азаматтардың құқықтарын қорғау алгоритмдері бар арнайы сайт пен мобильді қосымшаны әзірлеуді жоспарланып отыр екен.

– «Qоrǵau» жобасы қазақстандықтардың  құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді.  Бір жағы халық арасында даулы мәселе туындаған жағдайда заңгерлер тарапынан құқықтық  көмек көрсетілмек. Жобаның мақсаты да осы. Өз кезегінде,  аймақтағы аудандар мен  қалада  заң аясында бағыт-бағдар беретін 200-ден аса бөлімшелер  ашылып, жұмысын бастап отыр.  Онда тілек білдіруші азаматтар  құқық қорғаудың  негізгі бағыттары бойынша  көмек ала алады, – дейді «Qоrǵau» жобасының үйлестірушісі Бағлан Сағынбай.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы бойынша жобаның өңірлік үйлестірушісі Нұрлан Қанатов жобаны іске асыру жоспарымен бөлісіп, мемлекеттік органдармен ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

– Бұдан бөлек, жоба аясында заң факультетінде оқитын студенттерге де көңіл бөлінгелі отыр.  Мәселен, заңгерлер қауымдастығы құрылып, ауқымы кеңеймек. Сондай-ақ,  отбасы мен некенің  оң бейнесін қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар іске асады.  Ал азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға білікті заңгерлер тартылмақшы.

Бірыңғай Call-орталық құру жұмыстары да жоба аясында жүйелі түрде жүзеге асырылады.  «Құқық қорғаушы» кешенді жобасын іске асыру» гранты аясында өтіп жатқан бұл жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен іске асатын болады, – дейді жобаның өңірлік үйлестірушісі Нұрлан Қанатов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.