Астық ору науқаны қызу жүруде

0

Қара күз бен қыс-көктем жер баптап, дән сіңіріп, жаз тілеуі көктеген егіннің үстінде болған шаруалар бүгінде піскен егістікке орақ салғалы біршама уақыт өтті. Бүгінгі күні аймақтағы кейбір аудандарда егіннің 85 пайыздан астамы жиналып, 482 434 тонна астық бастырылды және әр гектардан алынған орташа өнім гектарына 22,4 центнер құрап отыр, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Астықтың 80 пайызын жинаған Шу ауданында әр гектардан алынған өнім гектарына 23,7 центнерді құраса, Байзақ ауданында – гектарына 23,1 центнер, Т.Рысқұлов ауданында – гетарына 23,0 центнер және Қордай ауданында – гектарына 22,5 центнерді құрап, облыстық деңгейден жоғары көрсеткіш көрсетуде.

Жалпы биылғы жылы 328 706  гектарға арпа-бидай (139 761 гектар бидай, 188 945 гектар арпа) егілсе, қазіргі уақытта оның 215 070 гектары орылды. Науқанға 782 комбайн қатысуда.

Астықты ысырапсыз жинап алудың маңызды шарты – шаруалардың қолында дизелдік отынның жеткілікті болуы. Осыған орай, биылғы шілде-қазан аралығындағы жиын-терім жұмыстарына 16 200 тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлінген болатын. Оның ішінде, шілде айына – 5 800 тонна, тамыз айына – 3 300 тонна, қыркүйек айына – 3 700 тонна, қазан айына – 3 400 тонна бөлініп отыр.

Қазіргі таңда дәнді дақылдарды жинау барлық аудандарда жоспарлы түрде жүріп жатыр. Ендігі жердегі басты мақсат — астықты төкпей-шашпай жинап алу.

Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Т.Рысқұлов ауданына барып, аудандағы «Ақтоған», «Ернұр» шаруа қожалықтары мен «Луговой жылқы зауыты» серіктестігінің егін ору жұмыстарының барысымен танысты.

Жалпы биылғы жылы ауданда 106,9 мың гектарға масақты дәнді дақыл егілсе, оның 4,6 мың гектары «Ақтоған», 4,1 мың гектары «Ернұр» шаруашылығына және 10,1 мың гектары «Луговой жылқы зауыты» серіктестігіне тиесілі.

Аудан бойынша бүгінгі күні 40,3 мың гектар масақты дәнді дақыл орылып, 90,8 мың тоннадан астам астық жиналған. Әр гектардан алынған орташа өнім 22,5 ц/га құрайды.

Алқаптарды аралау барысында Мұратхан Жүнісәліұлы аудандық атқамінерлер мен шаруаларға аптап ыстықта өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды ескертті.

Ал, Меркі ауданындағы «Сыпатай» шаруа қожалығы жалпы көлемі 1500 гектар жерге бидай еккен. Дәл қазір алқапта бригада жетекшілері, комбайншылар бастаған ұжым « Жұмыла көтерген жүк жеңіл» — деп, қызу жұмыс үстінде. Жылдық нәпақасын Жер-Анадан айырып отырған диқандар шетелдермен тәжірибе алмасуының арқасында өнім сапасын арттырып отыр. Нақтылап айтсақ, 100 га жерге «Суперэлита Стекловидная-24» бидайы , тағы 100 га жерге Франциядан  арнайы аудан тұрғындарын ұнмен қамтамасыз ету мақсатында алып келінген «Эфклид» бидайы егілген. Бұл аталмыш сұрыптардың  негізгі ерекшелігі 1 дәннен 12 сабаққа дейін жерден өніп шығып, әр сабақтан 70-90 дана дән береді екен. Осы жылы бұл бидай сұрыпынан ең жоғарғы центнердегі өнім күтеміз дейді шаруалар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.