Облыс мерейтойына дайындық қызу жүруде

0

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Шахристан кешенінде облыстық тарихи-өлкетану музейі, көрме павильоны, амфитеатр, қолөнер шеберлерінің галереясы, «Руханият» орталығының жаңа ғимараты, көркемдік-бейнелеу өнері галереясының ашылуы жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткізген баспасөз конференциясында мәлімдеді, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Ал, бұрынғы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орналасқан жерде «Сағат» стеласы бой көтермек. Қазіргі уақытта аталған аумақтағы құрылыс жұмыстары қазір қарқын алған. Мұнда «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары ескерткіш аумағындағы көгалды қазып алып, тазалаумен айналысуда. Жұмысқа 12 адам, 1 техника жұмылдырылған. Ойылған шым «Жастар» аллеясын көгалдандыру, көгеріштендіруге пайдаланылады.

Стеланың биіктігі 40 метрге жетеді. Оның әр қабырғасына биіктігі 4 метр болатын 4 сағат орнатылады. Демек, бұл нысан қаланың кез келген бұрышынан көзге түседі. Ал стеладағы қоңырау 1 сағат сайын белгі беріп тұрады. Сыртқы әрлеу жұмыстары толығымен шығыстық нақышта жүргізіледі. Сондықтан мұнда «Самарқан кірпіші» сынды ерекше құрылыс материалдары пайдаланылмақ.

Жалпы, аталған нысан Тараз қаласындағы ең көрікті орындардың біріне айналатынын айтады. Оны жоғарыда атағанымыздай облыстың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ өңірдің тарихы мен мәдениеті, табиғаты, біртуар перзенттері мен ақын-жыршы, батырларының есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатында «Тараз мұралары» сериясымен көптомдықтар шығару жоспарланған. Бүгінгі күні кітапты шығару 2 бағытта іске асырылып, тарихи-танымдылық ғылыми-зерттеу бағыты бойынша 15 том, шығармашылық бағыты бойынша 35 томдық материалдар жинақталды.

Сондай-ақ, облысымыздан шыққан өнер жұлдыздарының концерті, «Өркениеттер тоғысындағы Тараз» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек көптеген іс-шаралар бар. Дайындық қызу жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.