Шуда кооператив құру ісі алға басып келеді

0

Шу ауданында ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру ісі алға басып келеді, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Бұл ретте, қожалық жетекшілері тірлігін бірлесе, қауымдаса отырып тіктеу – нарық талабы екенін жете түсініп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» еңбек етуге ұмтылуы қуантады. Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да аз емес екенін айта кету керек. Мәселен, аталған бағыт бойынша кооперативке бірігемін деген шаруаны несиемен қамтамасыз ету сынды зор мүмкіндіктер берілуде.

Аталмыш сөзіміздің айқын дәлелі –  «Берекелі — 2016» кооперативі. Кооперативті ұйымдастырған – бұған дейін егін егіп, мал өсіру арқылы жеке шаруа қожағылығын дөңгелетіп отырған іскер азамат Дінмұхаммед Әлімқожаев.

Кооперативтің негізгі мақсаты – мал бордақылаумен айналысып, жалпы ет өндірісін жолға қою. Қай істі болмасын үйіріп әкететін іскер азамат Дінмұхаммед шағын шаруа қожалығын кеңейтуді біраздан бері ойлап жүрген еді. Алғашында өзіне тиесілі егістігіне егін егіп, қолдағы бар малын баққаннан бірқалыпты тіршілігі дүрілдеп кетпесін түсінген болуы керек. Мемлекет тарапынан кооператив құруға, ауылшаруашылығына, оның ішінде отандық ет өндірісін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғаны оны ауыл тұрғындарымен бірлесе жұмыс атқаруға итермелеген. Қазіргі таңда кооператив мүшелігінде жиырманың төңірегінде жеке қосалқы шаруашылық бар. Олардың әрқайсысы Ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы 6 пайызбен 4 миллион теңге көлемінде несие алған. Жалпы саны 20 адам 63 млн 900 мың теңге несие алып, осы шаруашылықтарда 300-ден аса ірі қара мал бордақыланған. Әзірге ішкі нарық көлемінде жұмыс жасауда. Дүнмұхамед Әділханхожаұлының айтуынша, бір-екі жылдың шамасында мал басын екі есеге көбейтіп, ет өндіретін ірі фабрикалармен бірлесе жұмыс жасамақшы.

Одан бөлек, ірі қараны етке өткізу үшін «Берекелі-2016» кооперативі аудандағы базарлармен де келісімшарт жасасқан. Мемлекет беріп отырған мүмкіндікті тиімді пайдаланып отырған шулық шаруалар қазірдің өзінде қора жайларын кеңейтіп, мал басын да арттыра бастаған.

Бірлесе отырып жұмыс істеу көлемді, әрі тиімді. Мемлекет арқылы қаржыландыру оңтайлы және жүйелі болу үшін бірігу — бүгінгі таңдағы үлкен қажеттіліктің бірі. Үлкен шаруашылық көлемді жұмыс тындыратынын да естен шығармаған абзал. Кооперативке біріккен тұста шаруа қожалықтарының дербестігі өзінде қалады, малына, жеріне, есеп шотына, үйіне, қорасына  ешкім соқтықпайды. Бүгінде шаруалардың басты қаупі осы ғана. Бірігер алдындағы басқосуларда басын ашып алатын нәрсе де осы. Кооперативтер аграрлық несиелерді, мал шаруашылығы өнімдеріне, мал азығын дайындауға берілетін субсидияларды оңай алады. Міне, осының барлығын ескеріп, алақандай ауылдағы іскер азаматтардың басын қосу арқылы кооператив құрған Дінмұхаммед Әлімқожаев өзінің ғана емес, бірнеше шаруа қожалықтың шаруасын шалқытып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.