Жастардың бос уақыты тиімді ұйымдастырылуда

0

Жамбыл облысында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру шаралары жүйелі жүргізілуде, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Бұл ретте, 2018 жылы облыс кітапханаларында 17 коворкинг орталықтары, биыл алғашқы жартыжылдығқта 1 коворкинг орталығы ашылып, жастардың жиі бас қосатын орындарына айналды.

Жамбыл облысы әкімдігінің 2019 жылғы 26 сәуірдегі №95 қаулысымен Жамбыл облысы әкімдігінің жанындағы жас ақын-жазушылар кеңесі құрылды. Кеңес құрамына 18 шығармашыл жас мүше болып енді. Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан оларды қолдау мақсатында «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы», «Жамбылдың жыр қағаны» атты жас ақындардың поэтикалық жыр-дуэльдері ұйымдастырылып, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында дәстүрлі түрде кездесулер өткізілуде.

Сондай-ақ, «Тараз-Арена» спорт сарайында Жастар жылына орай жоғары оқу орындары және колледж студенттері арасында спорттың 6 түрі бойынша 2 спартакиада өткізіліп, 10 команда, 360 студент қатысты.

Облыстық орыс драма театры қала мектептерінің театр үйірмелерінен, балалар үйлерінің жоғарғы сынып оқушылары арасынан талантты жастарды іріктеп, 19 мамырда «Театр+молодежь» атты фестиваль жобасын әзірлеп, жастарға арналған Я.Пулиновичтің «Учитель химии» жаңа қойылымын, тастанды балалардың тағдырына негізделген К.Қасеновтың «Бегущий человек» психологиялық драмасының тұсаукесерін өткізді. Бұдан өзге, балалар үйлерінде, мүмкіндігі шектеулі жастарға жылжымалы спектакльдер ұйымдастырылуда.

Жастарды салауаттылыққа, патриотизмге, имандылыққа тәрбиелеу мақсатында жыл басынан бері мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында деректі және көркем кинофильмдер тұрақты түрде көрсетілуде. Ал, жазғы маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағында аптаның жұма-сенбі күндері «Ашық аспан астында кино әлемі» атты акциясы аясында қазақфильмнің алтын қорынан ең үздік отандық фильмдерден кино көрсетіледі.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының бастамасымен ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытатын «English for Jastar» жобасы қолға алынды. Жоба аясында алты ауылдық округте мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйрету курстары бастау алып, жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта 471 бала ағылшын тілінің курстарынан өтуде.

Шілде айынан бастап Оңтүстік Корея мемлекетінен 5 волонтер келіп, 10 күн бойы жастарға тіл курстарын оқытты. Бұл жұмыстарға 1500 жас қамтылды.

Ал 22-25 шілде аралығында жастарды облыстан шыққан танымал тұлғалардың өмір жолымен, облыстың тарихи-археологиялық орындарымен және халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен таныстыру мақсатында «Әулиеата жауhарлары» атты тарихи-танымдық экспедициясы өткізілді. Экспедицияға Жамбыл облысының 10 ауданы мен Тараз қаласынан жасақталған 11 командалық топ қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.