Аймақта волонтерлік қозғалыс белсенді жүргізілуде

0

Облыста волонтерлық қозғалыс белсенді жүргізілуде. Биыл волонтерлердің әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларына нақтылы көмек көрсетуге бағытталды. Осылайша, облыста 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалды, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

«Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасын іске асыру жобасы аясында 1 800 волонтер 250 мыңға жуық отбасын аралап, арнайы әзірленген әлеуметтік сауалнама толтырған. Аралау жұмыстары 25 наурызында басталып, бүгінгі күні толық аяқталды. Қорытындысы бойынша анықталған мұқтаждықтар саралана отырып, облыстың әлеуметтік картасы әзірленді.

Аталған жобаны іске асыруға 15 млн. теңге қаржы қаралған. Бұл қаржыға Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені ашылып, қажетті жабдықтар алынған. Одан бөлек, халық көп шоғырланатын сауда орындарында 5 қайырымдылық жәшігі орнатылды. Жыл басынан бері аталған дүкендер арқылы 752 отбасына 3 тоннаға жуық киім-кешек таратылды. Сол сияқты, жоба аясында волонтерлердің ықпалымен облыс бойынша 609 отбасына 3,2 млн. теңгеге азық-түлікпен көмек көрсетілді.

«Қызыл жарты ай» қоғамдық қоры 754 келі киім-кешек түрінде гуманитарлық көмек көрсетті, қайырымдылық жәшіктерінен 500 келі, азаматтардан 300 келі, жалпы 1 554 келі киім-кешек алынып,  олардың 800 келісі мұқтаж отбасыларға таратылды. Сонымен қатар, волонтерлермен жергілікті жерлерде түрлі тұрмыстық заттарды тегін тасымалдау мүмкіндігі қарастырылған.

Арыс қаласында орын алған жағдайға байланысты «QamQor» қайырымдылық дүкені Жамбыл облысы мен Тараз қаласы тұрғындарынан гуманитарлық көмек қабылдау пунктін ашты.

25-26 маусымда дүкенге Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен 67 адам көмекке жүгінді. Сондай-ақ, жарылыс кезінде зардап шеккен адамдар орналастырылған №13 Теміржол колледжіне гуманитарлық көмек берілді. Гуманитарлық көмек ретінде киім-кешек, гигиеналық заттар және азық-түлік үлестірілді.

Сондай-ақ, волонтерлер «Тағзым» жастар акциясы аясында «Тектұрмас» киелі орнында тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Ардагерлерді ардақтайық!» атты жастар акциясында ардагерлердің үй шаруашылығына көмек көрсетті. «Жанашыр азамат» волонтерлік клубы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйлеріне көмек көрсетті, «Жастар жүрегі» волонтерлік клубы №1 қарттар үйіне «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» қайырымдылық концертін ұйымдастырды. «От сердца к сердцу», «Жүректен жүрекке» волонтерлік топтары 6 мекемеде патронаж жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Харекет» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып Т.Рысқұлов, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында 3 мұқтаж отбасына пәтер алып берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.