Тұрғындарды баспанамен қамту – басты назарда

0

Тараз қаласында Ы. Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта республикалық бюджет есебінен жартылай арендалық және жартылай аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 80 пәтерлі 4 тұрғын үйдің және облыстық бюджет есебінен 80 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүруде, – деп хабарлайды «Shanyraq.info» ақпарат агенттігі.

Аталған үйлердің үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болса, қалған екеуі келесі жылға өтпелі. Бұдан бөлек, 15-ші мөлтек ауданында 80 пәтерлі 1 несиеге берілетін тұрғын үй мамыр айында қабылданып, қалған 80 пәтерлі 9 үйдің құрылысы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ аталған алқапта жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен 60 пәтерлі 11 кредиттік үйдің құрылыстары басталды. Сонымен қатар кезекте тұрған көпбалалы аналарға арналған «Арай» тұрғын алқабы мен «Қарасу» мөлтек ауданында 45 пәтерлі 8 шағын жатақхананың құрылысын облыстық бюджет есебінен қаржыландырып, ағымды жылы пайдалануға беріледі.

Жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша Ы. Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта 555 жер телімінде жеке инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін жер телімдері белгіленген. Оның 255-іне 4 мердігер келісімшартқа тұрды. Қазіргі таңда 14 үйдің құрылыстары аяқталып, 4 үйге әлеуетті сатып алушы анықталды. Бұдан бөлек, қосымша 15 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Осы тұрғын алқапта аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 80 пәтерлі 4 тұрғын үй салуға республикалық бюджеттен 2 млрд. 239,5 млн. теңге бөлінді. Аталған үйлердің құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

Сонымен қатар, жер кезегінде тұрған азаматтарға алдағы уақытта жер телімдерін беру үшін 4 алаң дайындалуда.  Олар, А. Асқаров көшесінің соңында, «Хамукат», «Қарасай», «Құмшағал» және «Шалғай Қарасу» алқаптарындағы 932,6 гектар, бұл жерде барлығы 3 752 кезекте тұрған азаматтарды жермен қамту жоспарлануда.

Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері «Көлтоған» алқабының маңындағы 250 гектар алаңында бөлінген 1232 жер телімдерін түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен 127 жер учаскілері мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жерлер кезекте тұрған азаматтарға қайта берілетін болады.

Облыс орталығында, бұдан бөлек, тұрғын үйлерді кондоминиум нысандары ретінде тіркеу жұмыстары да жалғасын табуда. Қала бойынша тұрғын үй қорына кіретін 1 284 көппәтерлі тұрғын үйлер бар болса, кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында 951 көп пәтерлі тұрғын үй тіркелген. Бұл 83,9 пайызды құрайды.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі  бағдарламасының тұрғын үй қорын қайта жаңғырту тетігін іске асыру басталған кезеңде, 516 кондоминиум нысандары күрделі жөндеуді қажет еткен болса, 2011-2015 жылдары  республикалық бюджет есебінен жалпы 2 млрд. 158 млн. теңге қаражат бөлінген. Осы қаражат есебінен және 748,0 млн. теңге қайтарым қаражат есебінен  2011-2018 жылдары аралығында 221 үй жөндеуден өткен .

Ал, 2019 жылы қала бюджетінен 190,0 млн. теңгеге 7 үй  және қайтарым қаражат есебінен 5 үй,  яғни 12 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.