Көпке үлгі – Тәжбеновтер әулеті

0

Тараз қаласындағы мерейлі отбасылардың бірі, Қ.Х.Ассамблеясы, «Әулие ата» қазақ мәдени орталығының мүшесі Тәжбеновтер әулеті. Тәжбеновтер әулеті 2016 жылы Тараз қалалық «Мерейлі отбасы» конкурсының жүлдегері, облысымыздағы үлгілі, өнегелі отбасы. Шаңырақ иесі Тәжбенов Сейітқасым Үсенбекұлы «Әулие ата» мәдени орталығы жанындағы ардагерлер кеңесінің мүшесі, облысқа белгілі дәрігер, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі. Ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруды, емдеу жұмысымен тиімді ұштастыра білген дәрігерлердің бірі.

Ол 1970 жылы Семей Мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін ойдағыдай бітірген соң, 2 жыл әскери дәрігер қызметін атқарады. Әскерден босағаннан кейін, Жамбыл облыстық ауруханасына терапевт болып жұмысқа орналасады. Көп оқып, көп ізденудің, тәжірибелі аға буын өкілдерінен жалықпай үйренудің нәтижесінде жылдар өте келе қатардағы дәрігерден облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бас терапевті мен Жамбыл қалалық денсаулық бөлімінің меңгерушісіне дейін жоғарылайды. Әртүрлі дәрігерлік мамандықтар бойынша Алматы, Харьков, Киев, Ленинград, Москва қалаларының дәрігерлер білімін жетілдіру институттарында оқып, білігін толықтырады. Сейтқасым Тәжбенов үлкенді сыйлап, кішіні құрметтей білетін, кішіпейіл, қарапайым, мейірімді, ой өрісі кең, білікті дәрігер. Қырық бес жылдан астам уақыт дәрігерлік қызмет атқарғанда талай ауруларды емдеп, денсаулықтарын жақсартып, жанұялары мен қызметтеріне оралуларына көмектескен маман. Денсаулық сақтау ісін ұйымдастыру ісінде де талай табыстарға қол жеткізе білген басшы. Секең өзінің негізгі жұмысымен қатар қоғамдық жүмыстарға да белсене атсалысқан дәрігер. Әр уақытта облыстық аурухананың бастауыш партия ұйымының хатшысының орынбасары, Мемлкеттік тілді практикаға енгізу жөніндегі аурухананың жауапты қызметкері, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің кәсіподақ комитетінің жетекшісі болған. Екі рет калалық кеңестің депутаттығына сайланған. Көп жылдан бері Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қолы жұмыстан босай қалса газет журналдарға мақала, шағын әңгімелер жазып тұруды әдетке айналдырған. Секең «Денім сау болсын»(оташы С.Ордабековпен бірігіп жазылған), «Айна», «Дәрігер жазбалары» деген үш жинақ кітаптың авторы.
Құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де үйде қол қусырып қарап отырмай, Қ.Х.Ассамблеясының ардагерлер кеңесінің мүшесі болып, кеңестің іс шараларына біркісідей қатысып келеді. Сейтқасым Үсенбекұлының көп жылғы жемісті еңбегі ескерусіз қалған емес. «Қазақстан Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «9 бесжылдықтың озаты», «Социалистік жарыстың 1978 жылғы жеңімпазы» төс белгілерімен, екі медальмен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Денсаулық сақтау министрлігі мен Республикалық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының және облыстық денсаулық сақтау бөлімі мен облыстық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен бірнеше рет, Республика дәрігерлері мен провизорлары Ассоциясы мен облыстық атқару комитетінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. Бұлардан өзег грамоталары да өз алдына бір төбе.
— Қазақстан халық Ассамблеясын құру және 1 май күнін халық бірлігі мерекесі етіп бекіту үлкен көрегендіктің белгісі. Ассамблея Қазақстанды мекендейтін этностардың бірлігі мен достығын нығайтуға көп үлес қосып келеді. Соның нәтижесінде, кейбір басқа елдердегідей, бізде ұлт арасындағы араздық пен ұрыс-керіс жоқтың қасы. Мысалдарды алыстан іздемей-ақ, өзім еңбек еткен ұжымдар мен тұратын көшемізден келтіруге болады. Облыстық аурухана көп ұлтты ұжым. Осындай үлкен ұжымда орыс, украин, өзбек, еврей, татар, кәріс, қырғыз және басқа да этностар бір үйдің баласындай қарым-қатынаста, сыйластықта жұмыс істедік. Шағын көшемізде де көп ұлт өкілдері тұрады. Ең жақын көршілеріміздің арасында әзірбайжан, ұйғыр, кәріс, орыс, өзбек этностары бар. Олардың. бәрімен қатынасымыз жақсы, сәлеміміз түзу. Мейрамдарда бір-бірімізді құттықтап тұрамыз. Қысқасы ұлттар татулығы мен бірлігенен ұтарымыз көп. Татулық тұрақтылықтың кепілі екені белгілі. Бірлігі жарасқан елдің болашағы жарқын,- дейді Сейтқасым Тажбенов.
Секеңнің жұбайы Тәжбенова Клара Рамазанқызы – аналар кеңесінің мүшесі, бала дәрігері, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Ұзақ жыл №1 балалар емханасының филиалының меңгерушісі болып жұмыс істеген. Ол басқарған жылдары филиал ұжымы балалардың денсаулығын қорғауда талай табыстарға қол жеткізген болатын.. Клара Рамазанқызы да қоғамдық жұмыстармен белсене айналысқан дәрігер. Кезінде қалалық «Жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның» дәрігері және жас дәрігер интерндердің тәлімгері болған. Одан бөлек Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облыстық филиалының «Отбасы және аналар ісі» жөніндегі комиссиясында қазақ ұлтының белді өкілі болып, комиссия жұмысына өз үлесін қосқан маман. Клара Тәжбенованың жоғарыда айтылған еңбектері ескеріліп, облыс әкімнің және аталған комиссияның Алғыс хаттарымен, қалалық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталған. Осындай отбасында тәрбие алған балалары да біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген.
Ұлдары Тәжбенов Марат екі мамандық бойынша (дәрігер, заңгер ) жоғары білім алған. Қазір облыстық аурухананың жан-сақтау бөлімінің меңгерушісі, жоғарғы санаттағы анестизиолог-реаниматолог. Білімділігімен, қарапайымдылығымен елеулі еңбегімен көзге түскен дәрігер.
Келіні Гаухар Шүкірбеққызы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың заң факультетін, Х.А.Ясауи атындағы университеттің экономика факультетін тәмамдаған. Бірнеше грамоталармен марапатталған.
Қызы Тәжбенова Анар ТарМУ — дың экономика факультетін және осы мамандық бойынша магистратурасын қызыл дипломмен бітірген. Қазақстан Республикасы инвестициялар және Даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы. Тұрмыс құрған.
Бұл күндері жұбы жарасқан Тәжбеновтер Абай, Аянат, Ахмедияр, Дияра, Зере, Ілияс есімді алты немере сүйіп отырған бақыты ата-әже. Немерелерінің үлкені Абай Астананың Мемлекеттік заң университетін және ТарМ-дың заң мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. Былтырдан бері өз мамандығы бойынша Тараз қаласында қызмет етуде. Спорттың бірнеше түрімен айналысқан. Соңғы жылдары қол күресінен жарыстарға қатысып жүр.
Аянат, Ахмедияр, Зере деген немерелері жақсы оқуымен ата-аналарын қуантуда. Жамбыл атындағы мектеп гимназияның төртінші сынып оқушысы Аянат Халықаралық орыс тілінен өткен байқауда үшінші орын алса, бірінші сынып оқушысы Ахмедияр математикадан өткен республикалық олимпиядаға қатысып екінші дәрежелі дипломмен марапатталған. Ахмедияр мен Дияра спорт мектебінде акробатика және көркем гимнастикамен айналысуда. Қоғамдық белсенділікпен қатар отбасы ынтымағын қатар алып жүрген бұл әулет көпке үлгі, жастарға берері мол өнегелі отбасы.

С.Жапарұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.