«Қазақ пен өзбек тарихы тамырлас ел»

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы мемлекеттік сапарларын Қытай, Еуропа немесе АҚШ-тан емес, Өзбекстаннан бастауының өзіндік себептері бар. Нақтырақ айтсақ, былтыр Қазақстанда Өзбекстан жылы жарияланса, биыл енді өзбек елінде Қазақстан жылы 15 сәуір күні басталды.
Бұл тарихи сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлы Абайдың қазаққа бауырлас өзбек халқының еңбекқорлығын, қайырымды істері мен қарапайымдылығын үлгі етіп, үйренуге шақырғанын жеткізді. Себебі өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзиеёвтің «Қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен оқу мен насихаттау туралы» қаулысы аясында көрші республикада бірқатар ауқымды шаралар атқарылуда. Осы іссапары барысында Мемлекет басшысы біздің елдің барлық дерлік өңірінде өзбек этномәдени бірлестіктері ашылып, өзбек тілі Қазақстанның медиасаласында, білім жүйесінде және мәдени өмірінде орын алғандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар 2 өзбек театры табысты жұмыс істеп келе жатқандығын жеткізген Президент ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған қазақ-өзбек халықтарының достығы мен бірлігін сақтау қазіргі ұрпақтың ортақ парызы екендігін де айтты.
Тарихи тұрғыдан алғанда, түркі тілдес қазақ пен өзбек халқының тілі ғана емес, діні мен ділі, мәдени құндылықтары да ұқсас келеді. Ал осы тамыры терең рухани байланыстан өзара достық, бауырластық пен сыйластық қарым-қатынастар қалыптасқаны талас тудырмайды. Осыған байланысты Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдиновпен сұхбаттасқан едік.

– Абдурахман Юлдашевич, бауырлас екі елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында өңірде бірлестік тарапынан қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Бүгінгі таңда Қазақстанда белгілі бір тарихи оқиғаларға байланысты Ұлы
Далада тағдыры тоғысқан 130-дан аса этнос өмір сүріп жатыр. Олар үшін ұлан-ғайыр өлкеміз екінші Отаны саналады. КСРО ыдыраған соң көптеген ұлт өкілдері өздерінің тарихи Отанына көше бастады. Әйткенмен өз өмірлерін Мәңгілік Елмен байланыстырып, тамырын тереңге жайғаны қаншама?! Олар Ұлы Дала елінің тағдырына бей-жай қарай алмайды. Бүгінде осы диаспоралардың барлығын Елбасының сара саясатымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бір шаңырақ астына біріктіріп отыр. Сондықтан 1995 жылғы 1 наурызда ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен өмірге келген консультативті-кеңесші органның көп ұлтты елімізде алар орны ерек. Өйткені Ассамблея – әрбір этностың өзіндік тармақталған құрылымын тең дәрежеде ұстап отырған орта. Бұдан өзге мұнда ақсақалдар кеңесі, аналар, қоғамдық келісім, ғылыми сарапшылар мен жастар топтары, медиация кеңселері, тіпті қолөнершілердің шығармашылық шеберлігін дамыту сияқты орталықтар да жұмыс істейді. Өзбек этомәдени бірлестігі де осы бағыттағы басталарға жан үрлеп, өзіндік үнін қосып келеді. Ондағы басты мақсат Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығын сақтау және дамыту.
– Күні кеше елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайында ҚР Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбында ұйымдастырылған шарада алға қойылған міндет пен мақсаттардан не күтесіз ?
– Мұндай жиындарда өткен кезеңнің қорытындысы шығарылып, болашақтың міндеттері бағдарланады. Әрбір сессия жүріп өткен жолға есеп беру іспетті. Алқалы жиында қандай мақсаттар мен міндеттер қойылса, біздің еліміз де сол бағытта жүреді. «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбы айтып тұрғандай, мұндай сессия біздің ертеңге деген сенімділігімізді арттырады. Әртүрлі этникалық топтардың достығын нығайтады және елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі болып табылады.
– Былтыр Қазақстанда Өзбекстан жылы жарияланғаны белгілі. Бауырлар елдер арасындағы осындай мәдени, рухани, әлеуметтік байланыстар қандай жемісін берді?
– Өткен 2018 жылы екі ел Президенттерінің бастамасымен Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп жарияланып, елімізде ауқымды іс-шаралар өткізілді. Өздерінің ұлттық әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін, жөн-жоралғыларын тереңірек зерттеу, сондай-ақ Қазақстанда тұратын өзбек халқының ұлттық мәдениетін сақтау және дамыту мақсатында біздің аймаққа Өзбекстаннан көрнекті қонақтар келіп, түрлі деңгейдегі кереметтей кездесулер ұйымдастырды. Осы ретте былтыр 27-28 наурыз аралығында Түркістан қаласында ұлы қолбасшы Әмір Темірге қатысты өткен «Біз біртұтас халықпыз» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ерекше атап өтуге болады. Таразда да көрші мемлекеттің тарихшылары, әдебиетшілері мен өнертанушыларының қатысуымен ғалымдар мен атақты тұлғалардың өмірінен сыр шертетін фильмдер мен бейнематериалдардың көрсетілімі өтті. Осылайша біз еліміздегі Өзбекстан жылын өз деңгейінде абыроймен өткізіп, шығарып салдық.
– Ал Қазақстанның бауырлас республикадағы жылына байланысты биыл елімізде, оның ішінде Жамбыл өңірінде өтетін іс-шаралар жоспары қандай?
– Алтын Орда құлдыраған XV ғасыр «озбак-казак» халқының қанат жайған дәуірі саналады. Себебі ешбір ұлт өздігінен пайда болмаған. Әр адам секілді кез келген ұлт та ата-анадан, яғни ортақ бабаларымыздан тараған. Кез келген ұлттың биологиялық күші тіл мен жазудың, сондай-ақ салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптар мен мәдениеттің сақталуы болып табылады. Бұл ретте бауырлас қос ұлт – тек тарихи тамырлар мен тілдерді ғана емес, осы биологиялық құндылықтарды да сақтай білген ел. Сәйкесінше биыл да осы бағыттағы межелі міндеттер мен сүбелі жұмыстар өз жалғасын тауып, қарқынды түрде жүзеге аса бермек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан С.Жапарұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.