«Тұрақтылық пен келісім – әлеуметтік бірлік пен жаңғыру кепілі»

0

«Тараз қаласындағы «Достық үйінде» «Тұрақтылық пен келісім – әлеуметтік бірлік пен жаңғыру кепілі» атауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ХХІI сессиясы өтті.

Сессия жұмысына облыс әкімі, әрі аймақтық Ассамблеяның төрағасы Асқар Мырзахметов, өңірлік Ассамблеяның өкілдері мен ардагерлері, қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, облыстық мәслихаттың «Бірлік» депутаттық тобы, діни бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары және Тараз қаласы мен аудан медиаторлары қатысты.
Кезекті сессияның негізгі мақсаты — қоғамдағы этносаралық келісім мен бірлікті одан әрі нығайту, өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қатамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға негізделді.
Сессияның жұмысы Достық үйінің 2-ші қабатындағы түрлі көрмелерді тамашалаумен басталды. Мұнда — «Қазақтану», «Туған жер» жобалары аясында жасалған қолөнер бұйымдары қойылып, Ұлы дала қазынасы, Ауыл шаруашылығындағы стартаптардың көрмелері ұйымдастырылды.

Сонымен қатар балалар шығармашылығынан, туған жердің пейзаждарын бейнелеуден, «Басқұр» тоқыма қолөнерінен, этномәденибірлестіктер фольклорлық шеберлерінің шеберлік-класының түрлі бұйымдары көпшіліктің назарына ұсынылды.
Көрмені тегіс аралап болған қонақтар ары қарай сессия жұмысына кірісті. Сессияны облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева облыс Ассамблеясы төрағасының Қоғамдық орынбасарына «Бірлік» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы басшысының орынбасары, меценат Юрий Минаковты тағайындаумен бастады. Ары қарай Маржан Төреғұлқызы сессия қатысушыларын «Тұрақтылық пен келісім – әлеуметтік бірлік пен жаңғырту кепілі» атты баяндамасымен таныстырды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ассамблеяның құрылған күнінен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келе жатқанын, бүгінгі таңда бұл құрылым көп этносты елімізді біртұтас ұлтқа біріктіріп отырғандығын атап өтіп, Ассамблея әрдайым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып қала береді деп сенім білдірді.
Бүгінде облысымызда 87 этнос өкілдері тұрып жатса, олардан құралған 75 этномәдени бірлестік жұмыс жасауда. Есепті кезеңде 170 мыңнан астам адамды қамтыған 1376 іс-шара өткізілді.
Ағымдағы жылдан бастап Ассамблея құрылымына қоғамдық аккредитациядан өткен этномәдени бірлестіктер ғана қабылданады.Осы таңға дейін облыс бойынша аккредиттеу комиссиясында 32 этномәдени бірлестіктің өтініші қаралып, мақұлданды. Оның ішінде 25 облыстық, 1 қалалық және 6 аудандық бірлестік бар,- деп бастады сөзін Хатшылық меңгерушісі. Одан кейін Маржан Төреғұлқызы атқарыған жұмыстар мен оның ішінде әрбір іс-шараға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат пен қамтылған адам санына рет-ретімен тоқталып есеп берді.
Баяндама тыңдалғаннан кейін жарыссөз кезеңіне кезек беріліп, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми – сараптамалық кеңесінің төрағасы, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың ректоры Махметғали Сарыбеков мінберге көтерілді. Ол «Қоғамдық сананы жаңғырту жағдайындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ғылыми-сараптамалық сүйемелдеудің рөлі» хақында баяндама жасап, алғашқы жарты жылдықтағы облыстық ғылыми – сараптамалық кеңесінің жұмысын жан-жақты тоқталды.
Бұдан кейін «Жамбыл облысы аумағында экологиялық гофрленген картон шығару» жобасының авторы Диана Аралбаева сөз алып, тың бастамасын жиылғандарға таныстырды.
– Ұсынылып отырған жобада гофрленген картон өндірісі тас қағаз негізінде қарастырылад. Ол 70 пайыз кальций карбонатынан (әктас) және 30 пайыз құпия компоненттерден тұрады. Бүкіл әлемде ұқсас қаптаманы тек Қытайда шығарады. Алайда, ТМД елдеріне аспан асты мемлекетінен логистика мен тауардың бағасына байланысты сатып алу тиімді емес. Жамбылдағы логистиканы және сапалы әктас шоғырының үлкен қоры орналасқанын ескере отырып, өндіріс орнын Әулиеатадан ашқан өте тиімді. Бұл өнім озық технологияларын қолдана отырып,шығарылатын экологиялық таза өндіріс болып табылады. Жобаның әлеуметтік мәні — ағаштарды сақтау, су қорын үнемдеу және энергия шығындарын қысқарту. Демек, мұндай қағаз өндірісі миллиондаған гектар орманды құтқара алады. Сондай-ақ осы технологияға патенті бар Қытай компаниясымен шарт жасалды. Біздің өнімнің қытайлық ерекшелігі жеңіл салмақ пен төмен баға болып табылады (бағаның айтарлықтай төмендеуі үшін біз белгілі бір компоненттерді ауыстырдық). Жылына ТЭН бойынша осы кәсіпорын (техникалық-экономикалық негіздеме) орташа есеппен 2 миллион АҚШ долларын таза пайда әкеледі,-деді жас кәсіпкер.
Сессия барысында облыстық соттың судьясы Динара Нұрлыбаева, «Жамбыл облысының егіс алқаптарында жаңа тыңайтқыштарды пайдалану мүмкіндіктері туралы» стартап жобасының авторы Дәулет Егембердиев, «Жамбыл облысының Өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық ұйымының мүшесі Гулам Умаров және «Амазонка» онкологиялық науқастарды қолдау қайырымдылық қорының жетекшісі Анжелика Сарьян жарыссөзге шығып, өз салалары мен тақырыптары бойынша баяндама жасады.
Сессия жұмысының тағы бір міндеті облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамын бекіту болатын. Аталған мәселеге орай Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңының 15 бабының 4 және 5 тармақтарына сәйкес, этномәдени бірлестіктердің ұсыныстары негізінде шешім шығарылды. Нәтежиесінде облыстық Ассамблеяға мүшелікке 205 адам бекітілді.
Сессия жұмысын облыс әкімі, өңірлік Ассамблеяның төрағасы Асқар Исабекұлы қорытындылады.
– Біздегі басты бағыт — облыс эконмикасын арттыруымыз керек. Оның ішінде аудандық және ауылдық округтерді көркейту, тұрғындарды жұмыспен қамту, ауылдарға қоныс аударған өзге этнос өкілдерінің қандайда бір айналысатын шаруаларына қолдау көрсетуіміз шарт. Бәрінен бұрын жұмыссыздықпен бел шеше күресуіміз қажет. Қазіргі таңда облыстық әкімдікте аталған мәселерді қарастыратын арнайы бөлім жұміс істейді. Мәселен жаңа ғана сөйлеген Диана Аралбаеваның жобасын жүзеге асыруымызға болады. Бұл жобаға жан бітіру үшін облысымыздағы бірнеше банкпен жұмыс жасауға болады.
Сондай-ақ аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне, облыс әкімдігінің басқармаларына Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығымен бірлесе отырып, әлеуметтік бірлікті нығайту мақсатында медиация институтын негізге алып, даулы мәселелердің алдын алуды және уақытылы шешуді қамтамасыз етуді тапсырамын.
Жастардың стартап жобалары мен идеяларын анықтау және қолдау бойынша жұмыстарды да жетілдіруіміз қажет. Сондай-ақ Мемлекет басшысы көтерген Қоғамдық келісім ұлттық кеңесінің үлгісін облыста да жасауымыз керек. Бұл бағытта талай жыл ел бірлігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген Ассамблея мүшелері нақты ұсыныстарын білдіреді деп сенемін. Сол арқылы біз өңірлік Қоғамдық келісімнің ұлттық кеңесін құра аламыз, — деген облыс әкімі сөз соңында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жоғары бағалап, сәттілік тіледі.
Жиын соңында сессияға қатысушылар естелік суретке түсіп, өзара пікір алмасып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.