ТЕКТІЛІК. ЗИЯЛЫЛЫҚ. ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ

0

2019 жылдың 9 мау­сымында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сайлаушылардың 70,96 пайызы өз дауыстарын берді. Халық сенім білдіріп, Мемлекет басшысын сайлады. Ағымдағы жылы 12 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында жаңа Президентті салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың адамдық, азаматтық, қайраткерлік тұлғасын тереңірек тану үшін «Әке туралы ой-толғау», «Беласу», «Нұр мен көлеңке», тағы басқа кітаптарына ден қойдық.

Тектілік

Халықтың көзі қырағы да сыншы. Көз алдындағы тұлғаның қасиеттерін жазбай танып, бағасын беріп жатады. Сондағы қайраткердің көзге түсетін бірінші қасиеті тектілігі дер едік. Мұның сыры әсіресе әкесі мен анасы туралы толғана айтылатын «Әке туралы ой-толғау» кітабынан жақсы аңғарылады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының әкесі Кемел Тоқаев – белгілі жазушы. Қазақ әдебиетінде шытырман оқиғалы детектив жанрының дамуына айрықша атсалысқан қаламгер. Оның қаламынан туған «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Көмескі із», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға» туындылары оқырманның қызыға оқитын шығармаларына айналған.

«Әке туралы ой-толғау» кітабында автор әкесінің өмір жолы оңай болмағанын жазады. Балалық шағы 30-жылдардың басындағы алапат ашаршылыққа тұспа-тұс келген ол әке-шешеден, бауырларынан бірінен өлі, бірінен тірідей айырылып, ағасы Қасым екеуі балалар үйінде тәрбиеленеді. Талай қиыншылықта әке орнына әке, ана орнына ана болған ағасы Қасым 1939 жылы әскерге шақырылып, алғашқылардың бірі болып ұрысқа түсіп, соғыста қаза табады. Сөйтіп, әкесі Кемел бүтін бір әулеттен жалғыз қалады. Ол да кейін әскерге шақырылып, Сталинград майданы құрамына кіретін әскери бөлімге жіберіледі. Шайқасқа қатысқан үшінші айда жараланып, госпитальға түседі. Жас жауынгер онда ұзақ қалғысы келмей, бөлімге қайта жіберуді өтінеді. Осылайша ол Бірінші Украина, кейін Екінші Беларусь майданы құрамына кірген 7-гвардиялық танк полкіне барады. Оның міндетіне қасындағы қаруластары секілді шабуыл кезінде танктерге қолдау көрсету мен қарсы жақтың негізгі күшін жою кіреді, нақтылай айтқанда, десант ретінде шайқасады. Ал мұндай техника мен адам күші араласқан сұрапыл ұрыс қимылдарына қатысу сарбаздардан дене күшін, мергендікті, ең бастысы, әскери мықты рухты талап ететін. Әкесі тағы бір осындай кескілескен шайқаста Польша жерінде ауыр жараланып, кейін Гомель мен Омбы әскери госпитальдарында ұзақ емделуге тура келіп, ІІ топтағы мүгедектікпен 1945 жылы елге оралады. Елге келгенмен туыстары да жоқ еді, үстінде әскери киім, өзі балдақпен жүріп, сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне бірінші курсқа оқуға қабылданады.

Әкесінің бейбіт кезеңдегі өмір жолы да жеңіл болмағанмен үлгілі отбасын құра отырып, балаларына білімді болумен қатар, жақсы тәрбие беруге аса ден қояды. Бұл жөнінде автор ілтипатпен еске алады.

«Жоғарыда айтып өткенімдей, соғыс әкемнің мінезіне терең әсер еткен. Он сегіз жасқа толар-толмаста бастан өткізген сұрапыл соғыс оның мінезін шыңдайды, адамдық тұрмыс, жақсы мен жаман, өлім мен өмір жайлы көзқарасын түбегейлі қалыптастырады. Ол ержүрек әрі мықты болды, бірақ қатыгез емес-ті, алдына биік мақсат қойды, алайда аярлыққа бармады.

Әңгімелерінің бірінде маған әр адамның періштесі мен шайтаны болатынын, адам бойында алғашқыда жақсылық пен жамандықтың ымырасыз күресі жүретінін айтып еді. Осындайда әзәзілдің арбауына ырық бермей, шайтанның шырмауынан сақтанып, теріс жолмен жүрмеу керектігін баса ескертетін. Шыны керек, жас кезімде мен бұл философиялық толғаныстардың мәнін түсіне бермейтінмін, кейіннен, өмірдің түрлі соқпақтарынан өте келе әкемнің сөздерінің соншалықты шындығына кәміл көзім жетті», дейді.

«Әкей өзінің жазушы ретіндегі бағасын білді, қазақ әдебиеті шамшырақтарының, жоғары лауазымды шенеуніктерінің алдында құлдық ұрған емес. Әрдайым қарапайым, бірақ өз ісіне берік және шыншыл еді, біреулерге ұнамаса да тек қана шындықты айтатын. Қызметтік мансаптың жалына жармаспағаны да осы мінезінен шығар. Өсу үшін икемді әрі жағымпаз болу қажет екенін түсінді, бірақ өз мінезінен қайтпады. Отбасында әкей «турашыл болуға моральдық қақым бар, себебі жастайымнан жетім қалдым, балалар үйінде тәрбиелендім, соғыс жылдары өлімге бас тіктім» деуші еді. Бұндай өмірлік тәжірибесі жоқтар өзгерсе өзгере берсін, төселсін.

Бір жоғары қызметтік кабинеттен екіншісіне көшіп, сыйлық пен марапатты сұрап алатын, билікке «мадақ жыр» айтып, ал сыртынан жамандайтын біздің кейбір шығармашылық қайраткерлерге қарай отырып әкейді еске аламын да, оның дәл осындай: ер мінезді әрі өз ісіне жауапты қарағанына ризалығымды білдіремін. Тіпті еш кінәсіз өзекке тебілген өкінішті жылдарында әкей біреуге «бас ию», кешірім іздеп жұмыс сұрауды ойлаған да емес. Өмірінің соңғы жылдары ол тек мен үшін қам жеді, өйткені өзінің жоғары басшылықпен қарым-қатынастарындағы түйткілдер одақтық министрліктегі менің жұмысыма кері әсерін тигізе ме деп алаңдады. Бұлай алаңдауға себеп те жоқ емес, өйткені әкемнің ашық қарсыластарына немесе тасада тұрып тас лақтыруды қалайтын жасырын жауларына оның ұлының Мәскеуде, демек, республика шенеуніктерінен тәуелсіз жұмыс істеп жүргені ұнамайтын».

Әке туралы жазбада автор бұдан да өзге көптеген тағылымды сәттерді еске алады. Адалдық пен тазалықтың үлгісін әкесінің бойынан көріп өскен ол білімге ұмтылады. Шет тіліне қызығады. Мектеп жасында одақтық газеттерді ғана емес, ағылшын тілінде шыққан газеттерді оқи бастайды. Ұлының мұндай айрықша талабы анасы Тұрар Шабарбаеваны да қуантады. Ол да ұлына мейлінше қолдау көрсетіп, белгілі оқытушы Александр Сергеевич Рогачқа қолқа салып, қосымша сабақ беруін өтінеді.

«Анам да үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де зейін қойып тыңдайтынымды сезген болар, өмірлік дүниетанымыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын» деп еске алады.

Бірде олардың отбасында балалардың қатысуымен қызық да тосын оқиға болады.

«Біздің отбасының Аманкелді көшесіндегі шағын пәтерінде 60-жылдардың басында Жаңа жылды қарсы алған мерекемізді аса бір жылылықпен еске аламын. Төрт баланың әрқайсысы тақпақ немесе өлең дайындадық, өзінше бір қызықты концерт болып шықты, ал бізді разылықпен, әрі ұйып тыңдаған көрермендеріміз– әке-шешеміз. Сонан кейін олар бізге болашаққа тілек тілеуді ұсынды. Мен, екінші сыныптың баласы, ойланбастан, тылсым бір күштің еркімен болар, болашақта көп саяхат жасап, шетелдерге сапарға шыққым келетінін айттым. Ата-анам маған жауап қатқан жоқ, тек маған көңіл тоқтата қарады. Есімде қалғаны, олардың көзінде таңғалу бар еді. Бұл түсінікті ғой, өйткені сол жылдары шетелге шығу жөнінде ешкім ауыз ашпайтын, себебі әлемдегі ахуал күрделі және шетелге шығу тек қана жоғары лауазымды тұлғалардың еншісі саналатын. Ол кезде шетел тұрмақ, Мәскеуге барудың өзі үлкен оқиға».

Осындай қанатты ойлар авторды бала күнінен үнемі алға жетелеп отырған тәрізді. Әкесі Кемел ағасы Қасымды өмір бойы сағынып, іздеп өтіпті. Өйткені сол бір қиын жылдарда ағасы Қасымның қамқорлығы, мықтылығы болмаса, тағдыр бұларды аямап еді ғой. Естелікте «Алайда Қасым оралған жоқ. Кейінірек оның майданда қаза тапқаны туралы ресми қағаз келді. Осыдан соң ғана әкей бүкіл жарық дүниеде тұтас Тоқаев әулетінен жалғыз өзі қалғанына амалсыз көнгендей.

Айтпақшы, өзімнің есімім үшін мен тағдыр көруге жазбаған көкеме қарыздармын. Ал Жомарт деп менің болмысымның жомарт әрі жан дүниесі кең үлкен азамат болуымды армандаған анам атады».

Жазбадан Қасым-Жомарт есімінің сыры осылай аңғарылады. Бұл да қазақы ұғыммен ұштасқан әке аманаты болатын. Ағасының атының өшпеуін қалады. Жоқты іздеп, барды қадірлей білген, адалдықты, адамдықты ту еткен бұл да осы әулеттің тектілігінің белгісі болатын.

Әлемдік тәжірибеге қадам

Сонау екінші сыныптағы шетелге барғысы, әлемді саяхаттағысы келетіндігі туралы балалық аңғалдықпен әрі батылдықпен айтылған әңгіме, шын мәнінде, талапты жастың ойында берік сақталып қалғандай еді. Мектепті бітірер қарсаңда, болашақ мамандықты анықтауда Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын таңдауы, әкесінің ақылымен институтқа қабылдау емтихандары жөнінде түсініктеме беруі туралы хат жазуы оның өмірінің шешуші кезеңі болды. «Ол хатты стилистикалық жағынан жалықпай жетілдіре отырып, таңертеңнен кешке дейін жазғаным есімде. Сол хаттан кейін жазған жеке хаттарыма ешқашан мұншалық мұқият қараған емеспін. Мүмкін, менің тағдырым ол хаттарға байланысты болмағандықтан шығар. Ал анау бірінші хатым, шынында, менің тағдырымды шешкен хат болды», дейді автор «Беласу» кітабында.

Білімді де зерек жас оқуға қабылданады, студенттік тынымсыз ізденіс жылдарын басынан өткереді, 4-курстан соң диплом алдындағы тәжірибе алуға Қытайдағы Кеңес елшілігіне жіберіледі. Бұл оның шетелге бірінші қадамы болатын.

«Қытай астанасы жарқыраған күн нұрымен, қытай дәмханасы қош иісі аралас жасминмен (ақгүл), қаптаған велосипедшілері және адамдарының біркелкі киімімен таңырқата қарсы алды. Сол жылдарда Кеңес елшілігі орналасқан көше «Фань сью лу» («Антиревизионистік») деп аталатын. Елшіліктің өзі сталиндік сәулет өнері үлгісінде салынған іргелі ғимарат екен. Әрине, мен ол кезде өзімнің дипломаттық қызметімнің елеулі бөлігі дәл осы ғимаратпен байланысты болар-ау деп ойлаған да жоқпын», деп еске алады.

Кереғар мінезді елші Василий Толстиковтың қабылдауымен басталған елшіліктегі тағлымдама кейін жиырма жылға жуық уақытқа созылған қызығы мен қиындығы мол, дипломатиялық ақыл мен мінезді талап ететін күрделі де жауапты жұмыспен жалғасады.

Мәскеу институтын бітіріп, диплом қорғаған соң Сингапур Республикасындағы КСРО елшілігіне қызметке жіберіліп, онда 4 жыл болады. Бұдан кейін КСРО СІМ-нің орталық аппаратында қызмет атқарады. Пекин лингвистикалық институтында алғашқы кеңестік тағлымдамадан өтушілер тобына жетекшілік жасады. 1985-1991 жылдар аралығында ҚХР-дағы КСРО елшілігінде жұмыс істеді.

Бұл жылдар Қасым-Жомарт Кемелұлының өмір жолына терең ізін салып өтті. Әлемдік саясаттың, дипломатияның тынысын сезінді. Көптеген әлемдік дәрежедегі тұлғалармен кездесіп, жұмыс істеуі оның өмір тәжірибесін, білімін нығайтты. Аспанасты елінде КСРО елшісі болған Олег Александрович Трояновскиймен бірге жұмыс істегенде мол тәжірибе алғанын қанағаттанғандық сезіммен жазады. «Олег Александрович Трояновскийден мен көп нәрсені үйрендім. Ең алдымен адамдармен, әсіресе үлкен саясат адамдарымен еркін сөйлесуге машықтандым. Пекинге мейлі Горбачев, Лукьянов, Маслюков, Шеварднадзе, Примаков келсе де – қытаймен алуан түрлі келіссөздерді қамтамасыз ете отырып, мен үнемі елшінің қасынан табылдым», дейді ол.

Елшілік жұмыста ол көптеген мемлекетаралық істердің басы-қасында болады. Мұның өзі шексіз жұмыс болатын. Бір кездердегі ұлы державалар арасындағы шиеленіс бұлардың жұмыстарына аса ауыр салмақ, жауапкершілік артатын. Әлемде қай уақытта болмасын тыныштық болмады. Міне, осындай кезде әлемнің жетекші мемлекеттерінің дұрыс шешім қабылдауы, тепе-теңдікті сақтауы аса маңызды еді. Автор өзінің еңбегінде әлем саясатшысы Генри Киссинджердің АҚШ мүддесімен сәйкес келетін, бірақ әлемдік қақтығыстарды шешуде маңызды рөл атқарған шешімдеріне, оның саяси көрегендігіне ризашылық білдіреді.

«Г.Киссинджер өз елінің қауіпсіздігін нығайтуға ауқымды үлес қосып, әлемнің барлық түкпіріндегі оның мүддесін қамтамасыз ете білген адам. Зымыранға қарсы қорғаныс жөнінде КСРО-мен тарихи келісімге соның кезінде қол қойылып, ядролық қарусыздану процесі басталды. «Жаңа әлемдік тәртіп» тұжырымдамасының авторы. АҚШ өзінің дүниежүзіндегі көшбасшылыққа ұмтылысын да соның кезінде байқатты.

1973 жылы Г.Киссинджер әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты атанды. Оның бұл сыйлыққа әбден лайық екендігіне күні бүгінге дейін ешкім шек келтірмес. Тіпті барып тұрған даукестердің де бұл жөнінде сыныққа сылтау айтар лажы жоқ», деп жазды.

Бұл пікірді автор жай болжаммен жазған жоқ. Әлемдік үдерістің қайнауында жүріп, өзі жіті сезініп, ой түйіп барып қалам тартты. 1996 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевпен кездесу кезінде сындарлы ойларын ортаға салады. Кездесуде Г.Киссинджер айқын да белді сыртқы саясаты жоқ деп АҚШ-тың демократиялық әкімшілігін қаймықпай сынады. Президент Клинтонды адам құқығы туралы даңғазамен тым әуестеніп, АҚШ-тың стратегиялық мүдделерін назардан тыс қалдырды деп есептейді.

Қ.Тоқаевтың Г.Киссинджермен екінші кездесуі 1998 жылы Қазақстандағы Президент сайлауының қарсаңында болады. Мұндай үлкен дәрежедегі кездесулер ҚР Сыртқы істер министріне үлкен тәжірибе алаңы болғаны сөзсіз.

«Г.Киссинджердің менімен әңгімесінде айтқан, әкімшілік қайтсе өзгереді және ол сыртқы саяси бағыттың жаппай жаңғыруына алып келеді деген болжамы кейіннен дәл келді. Республикалық әкімшілік тамаша прагматизм көрсетті. Бұл оның Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орта Азия аймағындағы ұзақ мерзімдік мүдделерінің пайдасына шешілді. Бұл жайт АҚШ-тағы 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған қайғылы оқиғадан кейін өзінің нақты көрінісін тапты. Қазақстан АҚШ бастаған халықаралық коалицияның антитеррорлық операциясына бірден қосылды. Сөйтіп, біздің еліміз Америка Құрама Штаттарының стратегиялық әріптесі ретінде өзінің бейілді екендігін тағы да көрсетті. Г.Киссинджердің айтқандарының дәлеліндей Президент Н.Назарбаевтың 2001 жылғы желтоқсан айындағы АҚШ-қа сапары да нәтижелі аяқталды. Мемлекет басшылары екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық әріптестіктің жаңа дәуіріне аяқ басқанын мәлімдеді.

Осыған байланысты Г.Киссинджердің тағы бір таңғаларлық болжамын айта кеткім келеді. АҚШ-тағы террорлық актіден кейін ол «Қасірет боп басталған нәрсе кейін мүмкіндікке айналуы ықтимал» деген еді. Ол бұл арада терроризмге қарсы күрестегі полярлық күштердің бірігуін меңзеп отыр», деп жазды.

Бұдан біз ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың әлемдік үлкен өмір сынынан өткенін, бір жылдары әлемдік үдеріске араласуы мен көптеген мәселелерді зерттеуі, тереңіне үңіліп, шешімін іздеуі күнделікті өмір арнасына айналғанын байқаймыз. Оның бәрін тізіп жазу мүмкін емес. Өйткені ол үлкен білімдарлық пен саяси ұстамдылықты, халық, ұлт мүддесі жолында қызмет етуді алдына биік мақсат еткен қайраткердің мемлекеттік және мемлекетаралық тынымсыз қызметі болатын.

Елбасымен бірге

1991 жылы 16 желтоқсанда Республиканың Жоғары Кеңесі «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдауымен халықаралық қоғамдастықта бұл акцияның әсері туралы мәселе пайда болды. Жаңа мемлекет дипломатиялық тануға зәру еді, онсыз шынайы тәуелсіздік жайында сөз қозғау мүмкін емес-ті.

Бұл уақытта Қ.Тоқаев одақтық министрлік­пен біржола қоштасудың күндерін өткізіп, құжаттарын рәсімдеп Мәскеуде жүрген. Бұл күндерді жеңіл болды деп автор айта алмайды. Дегенмен жаңа тарихи заман келді, бар күш-қуатың мен іскерлігіңді ендігі кезде Қазақстанның игілігіне жұмсау керек деген берік шешімге келген. Әр алуан үгіттеулер болады, тіпті Ресейдің бас консулы ретінде Хайфонға (Вьетнам) бару жөнінде ұсыныс беріледі.

Тарихи сәтте Қазақстанның Мәскеудегі жаңа тұрақты өкілі Қ.Саудабаев телефон шалып, Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау туралы республика Парламентінің мәлімдемесіне дипломатиялық корпустың әсерін байқау жөнінде Президенттен тапсырма алғанын хабарлап, өзі үшін бұл жаңа істе көмек көрсетуін өтінеді.

Қазақстанды халықаралық мойындау туралы бұл қажетті істе ол ілкімділік танытады. Екі күннен соң, 18 желтоқсанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың атына Ұлыбритания, Германия, Жапония, Корея, Иран елшілеріне, сондай-ақ ҚХР-дың уақытша сенімді өкіліне алдымен ноталар жолдап, кейіннен кіріп шыққандары, олардың ұстанымдары жөнінде дипломатиялық депешаны жолдайды.

Тәуелсіз жас мемлекеттің алдында талай сындарлы сәттер тосып тұрды. Сыртқы саяси бағыттың қандай болуы көптеген мемлекеттерді алаңдатты. Тез арада сыртқы саясат тұжырымдамасы әзірленуі күн тәртібінде тұрды. Тұжырымдаманы әзірлеуге Президент Н.Назарбаевтың өзі леп берді. Елбасының «Егеменді мемлекет ретіндегі Қазақстанның қалыптасуы және даму стратегиясы» деген іргелі еңбегі басшылыққа алынды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев онда Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты ұстанымдардың бірін нақтылы айқындап: «Геосаяси жағдай мен этнодемографиялық құрамның ерекшелігін, Қазақстанның экономикасы мен әскери құрылысының даму деңгейін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери құралдар емес, ең алдымен, өз күшіне және саналы, салмақты дипломатиясына сүйенген саяси құралдар басым етеді», деп жазған болатын.

Мұның басты көрінісінің бірі – әлем державаларын жалт қаратқан – Қазақстанның уағдаластықтар процесі нәтижесінде ядролық қарудан азат аймаққа айналу ұстанымы еді.

Президент Н.Ә.Назарбаевтың парасатты саясатының тәуелсіз жас мемлекет үшін қаншалықты маңызды болғанын сол кездегі
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған Қ.Тоқаев кейін былай деп тарата баяндайды.

«Алайда 90-жылдардың басындағы жағдайға қайтып оралайық. Ол кезде ядролық кеудемсоқтық Қазақстанға қымбатқа түсіп, тәуелсіз мемлекет ретіндегі тіршілік ету перспективасын жоққа шығаруы да ықтимал болатын. Біріншіден, ұзақ уақыт бойы түпкілікті егемендікке ұмтылған біздің халқымыз халықаралық оқшаулануға ұшырап қалуы мүмкін еді. Бұл біздің ұлттық мүдделерімізге қайшы келері айқын. Екіншіден, Қазақстан «аласталған» елдер арасына түсіп, әрине, халықаралық экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық артықшылықтарының бәрін пайдалана алмаған болар еді. Ал халықаралық қоғамдастықта жаман атқа ие болған мемлекетке өз қаражатын беруге ешкім де тәуекел ете алмасы белгілі. Үшіншіден, ядролық мұрадан бас тартудың өзі Қазақстанның халықаралық ұстанымын нығайту процесіне негіз болды.

Лиссабон хаттамасына қол қойылғаннан кейін біздің елімізді дипломатиялық танудың, Қазақстанға шетелдік елшіліктерді және халықаралық ұйымдардың өкілдерін жіберудің ұзын сонар жұмысы, Президент Н.Назарбаевтың қазіргі әлемнің жетекші мемлекеттерінің басшыларымен кездесулері мен келіссөздер басталды. Қазақстан келбетінен дүниежүзілік қауымдастық онымен ынтымақтасуға және оны дамытуға, халықаралық өмірдің неғұрлым көкейкесті мәселелері бойынша диалог жүргізуге әбден болатын, әлемдік тәртіптің тағдыры үшін жауапты кемелденген мемлекетті көрді».

Осылайша қызу да қарбалас, жауапкершілігі үлкен мемлекеттік қызметте Қ.Тоқаев әрдайым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қасынан табылып, сенімінен шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өте ауыр болғанын, былайғы халық біле бермейтін неше бір алуан дипломатиялық жұмыстардың жүргізілгенін, алып державалардың жас мемлекетті мойындауы соншалықты жеңіл болмағанын, тіпті Ресейдің өзінде де әртүрлі ұстанымдар мен көзқарастардың шығып отырғаны және оны қалыпқа келтіруде парасаттылық пен ілкімді саясаттың қажет болғанын автор өмір тәжірибесімен байланыстырып, шынайы баяндайды.

1992 жылдың ақпан айында РФ СІМ-нің Дипломатиялық академиясын бітірген соң Қ.К.Тоқаев тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы жемісті қызметін бастады. Өзіне сеніп тапсырылған жұмысты бар қажыр-қайратымен атқарды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары, 1993 жылдың желтоқсанында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. 1994 жылдың қазанынан 1999 жылдың қазанына дейін Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі қызметін абыроймен орындады.

1999 жылдың қазанында Қ.К.Тоқаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалып, Үкіметті 2002 жылдың қаңтар айына дейін басқарды. Бұдан соң Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі болды.

Қ.К.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы жұмыстарына және көптеген ірі халықаралық форумдарға қатысты. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтерінің басшылары кеңесінің, Еуразаиялық экономикалық қоғамдастықтың Төрағасы, 2007 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурыздағы республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған Президенттік өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдемесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еңбегін жоғары бағалап, оған сенім білдірді. Мәлімдемеде Елбасы:

«Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат Төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.

Қазір Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімінің жемісі.

Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», деді.

Бұл мәлімдеме Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан Республикасының екінші Президенті ретіндегі жаңа қызметін, қайраткерлік ғұмырының тың парағын ашты.

Айқын ұстаным

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aıqyn» газеттеріне берген сұхбатында оның болашақтағы ұстанымы айқын сипатталады.

Ол Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы өкілеттігін тоқтатуы туралы тарихи шешімі кемеңгерлігі мен парасаттылығын әлемге танытқан елеулі оқиға болғанын айтты. Сөйтіп, Ұлт көшбасшысының іс жүзінде тәуелсіз елдегі саяси басқару мен сабақтастықтың мүлде жаңа, озық үлгісін жасап бергенін атады.

«Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым осы бағыттан ауытқымайды, – деді содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев. – Жоғарыда айтып өткенімдей, елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды.

Екінші ұстанымым – әділеттілік. Бұл жалпыадамзаттық әрі дала демократиясынан бастауын алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық болатын. Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей.

Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі. Сондықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын, бірігіп күресуіміз керек. Халқымыз айтқандай, «Әділет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан тура жол жоқ.

Үшінші ұстанымым – тек алға басу, даму жолымен жүру.

Өздеріңіз білесіздер, біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында мүддемізді қорғауға, мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық.

Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты көтермейді. Төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде, жоғары технологиялық, цифрлық кеңістікте жаһандық дамудан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармайық.

Елбасының дана шешімінің арқасында билік сабақтастығы ешбір дүрбелеңсіз, шиеленіссіз жүзеге асты. Бұл болашақ үшін, мемлекеттің тұрақтылығы мен ұдайы дамуы үшін жасалған бірегей қадам екенін ұмытпауымыз керек. Біздің ендігі міндетіміз – осы жолдан, осы бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу. Кері кетсек, тарих та, болашақ ұрпақ та бізді кешірмейді», – деді.

Қазақстанның екінші Президентінің бұл сөзінде терең мән-мағына бар. Мұны әрбір қазақстандық жақсы түсінуі қажет. Елдің келешегі– халықтың қолында. Сондықтан оған ешкім бейтарап қарамауы қажет деп ойлаймыз.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің

ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Leave A Reply

Your email address will not be published.