«СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕУ – АСЫЛ БОРЫШ»

0

«Полицияқорғаныңдеген ұран сөз қай кезде де өз мәнін жойған емес. Себебі түн ұйқысын төрт бөліп, тұрғындардың тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі ерен. Тіпті қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін өмірін қатерге тігуге бар сала мамандары бейбіт күннің батырлары екені даусыз. Осы орайда 23 маусымҚазақстан полициясы күніне орай облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевпен сұхбаттасып, саладағы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған межелі міндеттер жайлы әңгіме өрбіткен едік.

Арман Молдиярұлы, алдымен келе жатқан Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Халықтың тыныштығын қас қағым сәтке қалт жібермей күзететін құқық қорғаушылардың қоғамдағы рөлі ерекше. Олар қандай да болсын құрметке лайық. Өзіңіздің де Жамбыл өңіріне келгеніңізге жылға жуықтапты. Айтыңызшы, департамент тізгінін қолға алғалы жұмысты неден бастадыңыз?

– Иә, 2018 жылдың 6 шілдесінде ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-мойоры Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен облыстық полиция департаментіне басшы болып тағайындалдым. Құқық саласының тізгінін қолға алғаннан кейін барша облыс тұрғындарының қауіпсіздік тұрғысындағы жауапкершілігі маған жүктеледі. Себебі әр тұрғынның қауіпсіз ортада өмір сүруіне құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тәртіп сақшыларының басты міндеті. Осы бағытта полиция қызметкерлерімен біршама жоспар түзіліп, жұмыстар жүргізілді.

Жалпы, Облыстық полиция департаментінің бастығы лауазымына тағайындалған кезімде аймақтағы қалыптасқан криминогендік жағдай қалыпты болатын. Алайда 2018 жылдың 5 айындағы қалыптасқан статистикалық мәліметтерге көз жүгіртіп, полицияның ұрлық қылмысымен күресте күшінің дәрменсіз екендігін байқадым. Бұған дейінгі ұрлық күресімен жүргізілген шаралардың тиімсіз екендігін, оны ашуда және оның алдын алуда жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу қажеттігін ұғындым. Мысалы, 2018 жылдың 5 айында 4 080 құқықбұзушылық тіркеліп, оның тек 53,6 пайызы ғана ашылған. Ұрлық қылмысы бойынша 2 374 факті орын алып, ашылу көрсеткіші тек 41,8 пайызды құраған.

Сонымен қатар полиция қатарында жаяу және қызметтік көлікпен қамтамасыз етілген патрульдік полиция жасақтары қызмет көрсеткеніне қарамастан қоғамдық орындарда 1 350 және көшелерде 730 қылмыстық құқық­бұзушылық дерегіне жол берілген. Осы көрсеткіштерге қарап отырып, өңірде өрбіген қылмыстың санын азайту және олардың себебін анықтап, алдын алуды өзіме мақсат тұттым. Департаменттің басқарма және қала, аудандағы полиция бөлімдерінің басшыларымен жедел кеңес өткізіп, қалыптасқан жағдайды түзету үшін қылмыспен күресудің жаңа тәсілдерін қолдану туралы шешімге келдік.

Нәтижесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен министрлік қойған талаптарды негізге ала отырып, ағымдағы жылдың 5 айында облыс аумағында орын алған құқықбұзушылықтардың 7,5 пайызға төмендеуіне қол жеткіздік. Қылмыстардың жекелеген түрлерін ашу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғарылаған. Мысалы, кісі өлтіру қылмысы 28,6 пайызға, кісі өлтіруге оқталу 50 пайызға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 44,4 пайызға төмендеді.

Облыс аумағындағы барлық ауыл тұрғындарының бірден бір тіршілік көзі– мал шаруашылығы. Сондықтан осы бағытта біз нақты жұмыстар атқардық. Нәтижесінде мал ұрлығымен кәсіби түрде  айналысатын 17 қылмыстық топты әшкерелеп, 41 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыс аумағында ұрланған малдардың жартысынан көбі иелеріне қайтарылды.

Сонымен қатар министрліктің «Көршінің қадағалауы» бағдарламасы аясында пәтер ұрлығының 34,7 пайызға төмендеуіне қол жеткізілді. Ашылу көрсеткіші 53,6 пайызды құрап отыр.

Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда 105 дерекке кеміді, ал ашылуы 7,8 пайызға жоғарылады. Көшеде жасалған қылмыстар 99 дерекке төмендеп, ашылуы  13,6 пайызға артты.

Жоғарыда айтылған мәселелерді мен әрдайым қатаң бақылауда ұстаймын, себебі тұрғындардың мүлкін ұрлау олардың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайына тікелей әсер етеді.

Ал Қырғызстан мемлекетіндегі әріптестерімізбен, соның ішінде шекаралас жатқан Чу және Талас облыстарының ішкі істер бөлімдерімен өзара әрекеттесу туралы келісімшарттар жасадық. Бұл мәміле – малды айдап өтуге мүмкіндік туғызатын шекара бойындағы осал 12 аймаққа бақылау орнату, мал ұрлығымен айналысатын тұлғалар және олардың қылмыстық әрекеттері туралы ақпарат алысу сынды басқа да маңызды іс-шараларды біріге атқаруға мүмкіндік берді. Осылайша өңірдегі қылмысқа қатысты ең өзекті жайттарды жіті бақылауға алып, мүмкіндігінше құқықбұзушылықтың санын азайтуға бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында полиция қызметкерлеріне жағдай жасау, олардың сапалық құрамын арттыру, сонымен қатар бұқарамен берік байланыс орнату сынды мәселелерді баса айтқаны белгілі. Бүгінде Жолдау жүктеген міндетті орындау қай деңгейде жүргізілуде?

– Ұлт көшбасшысы Жолдауында сервистік жұмыс моделіне көшуді баса айтқан болатын. Жаңа жоба халықпен тығыз жұмыс істеп, жемқорлықтың алдын алмақ. Тиісінше бұл жаңашылдық халықтың полицияға деген сенімін арттырады.

Жаңа реформалардан күтеріміз көп. Бұл, ең алдымен, білім-білігі жоғары қызметкерлердің артуына, қызмет сапасының жоғарылауына әкеледі. Одан соң жалақының өсуі мен сақшылардың әлеуметтік жағдайын көтереді.

Реформаға байланысты облыстық полиция департаменті алғашқы жұмыстарды бастады. Ең алдымен, ІІМ-нің ұйымдастырушылық-штаттық бұйрықтарына сәйкес аттестатталған құрамның 10 пайызы, яғни 312 штат бірлігі қысқартылып, басқарушы құрылымдар мен лауазымдарды қысқарту арқылы оңтайландыру жүргізілді. Осылайша 1 шілдеден бастап жекелеген санаттағы қызметкерлердің жалақысы 65 пайызға, ал қалғандарыныкі 20-25 пайызға өсетін болады. Сонымен қатар жалдамалы тұрғын үйге өтемақы төленетін лауазымдар тізбесі едәуір көбейген. Бұл санатқа жедел тергеу бөліністерінен басқа, учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен патрульдік полиция қызметкерлері кіреді.

Халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға  арналған Жол картасының 27-тармағына сәйкес, біз Тараз қаласында және барлық аудандардың полиция бөлімдерінде  «Азаматтарды қабылдау» фронт-офистерін ашып отырмыз. Бүгінгі кезге дейін барлық фронт-офистерге 1500-ден астам адам жүгінген, барлығы уақытылы қаралып, өз шешімдерін табуда.

Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап,   халыққа  ыңғайлы жағдай жасау, полицияның ашықтығын қамтамасыз ету, кез келген азаматқа  заң тұрғысында  кәсіби  кеңес  беру, азаматтардың арыздарын қарау мерзімін едәуір қысқартып, мәселелерін мүмкіндігінше жедел шешу және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді қамтамасыз етеді.

Одан басқа полицияның халықпен  өзара әрекеттестігін  жақсарту мақсатында, биыл Тараз  қаласы мен аудандарда кең көлемді  «Жолда қабылдау» акциясы 4 мәрте өткізіліп, полиция қызметкерлері халықтың өзекті  мәселелерін шешуде.

Бұндай акциялар ай сайын жалғасып отырады және тұрғындардың мұң-мұқтажы тыңдалып, мәселелі сұрақтары дер кезінде өз шешімін табатын болады.

– Бүгінде мемлекетіміз цифрлық дәуірге қарышты қадам жасап жатқаны белгілі. Бұл жаһандық жаңалықтан құқық саласы да тыс қалмауда. Айтыңызшы, саланы цифрландыру бойынша өңірде қандай серпін бар?

– Әрине, жаһандану кезеңінде жаңа технологияларды жұмыс барысына кеңінен қолдану, жұмыстың тез әрі нәтижелі орындалуына мүмкіндік береді. Сондықтан заманауи технология жетістіктерін салада барынша пайдаланып отырмыз.

Мәселен, «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» жүйесіне ағымдағы жылы 100 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Қазіргі таңда 256 мобильді планшет пайдалануға беріліп, 257 термопринтер сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ үнемделген қаражатқа қосымша 45 мобильді планшет сатып алынатын болады.

Қылмыстық процесті цифрландыру аясында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен «Электронды қылмыстық іс» жобасы іске асырылып, 2018 жылдан бастап қылмыстық сот iсiн жүргiзу электронды форматқа көшті. Қылмыстық істерді электронды форматта тергеу Швеция, Австрия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Дания сияқты мемлекеттерде сәтті қолданылып жатқанын халықаралық тәжірибе көрсетті. Қазіргі таңда полиция департаментінің өндірісінде электронды форматта 1 839 қылмыстық іс тергелді. Бұл 2018 жылдың 12 айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 630 іске артқан.

Облыс орталығында бейнебақылау
жүйесі де жақсы дамыған. Қазір Тараз қаласында 206 сыртқы бақылау бейнекамерасы жұмыс істейді. 2018 жылы жергілікті бюджеттен Жедел басқару орталығын қайта жаңартуға және 300 бейнекамера орнатуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді.

«Бұлтты бейнебақылау» бағдарламасы аясында да Таразда 180 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 140-ның кіреберісіне 2 280 бейнебақылау камерасы орнатылды. Сондай-ақ Тараз қаласының аумағында 34 «Автоураган» ақпараттық-бағдарламалық кешені жұмыс жасап тұр. Және 2018 жылдың соңында Қордай ауданында қосымша 4 «Автоураган» бекеті іске қосылды. Облыс орталығында «Hyundai-Н1» базасында 4 жылжымалы АБК «Автоураган» кешені қызмет атқарады. «RedSpeed» жылдамдық өлшегішінің 3 посты және «Интегра-КДД» жол қозғалысын бақылаудың 3 зияткерлік жүйесі бар. Бұл жүйенің барлығы автоматты режимде жұмыс істейді.

Аталған технологияларды қызметте пайдалану қылмысты дер кезінде ашуға, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде полицияға едәуір септігін тигізеді.

– Жасыратыны жоқ, 90-жылдары Тараз криминалды өңір ретінде республикаға танылды. Қылмыс әлеміндегі атышулы «серкелер» де өлкемізден шықты. Көне шаһардың қазіргі жағдайына қандай баға бересіз?

– Иә, ондай дәуірдің болғаны рас. Ол кезде Қазақстан жаңадан тәуелсіздігін алып, мемлекеттен қаржыландырылатын мекемелер қызметін тоқтатып, халық жұмыссыз қалды. Әрине, салыстыратын болсақ, 90-жылдар мен қазіргі уақыттағы қылмыстардың айырмашылығы үлкен. Сол кезде криминалдық бағыттағы топтасқан рэкет, бопсалау, қарақшылық шабуыл, кісі өлтіруге тапсырыс беру қылмыстары белең алса, бүгінде олардың түрлері  мүліктік қылмыстарға өзгерді. Сол уақыттағы түрлі ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесіліп, заңды  жауапкершілікке тартылды.

Осы орайда қиын қыстау кезеңде де халықтың тыныштығын қалтқысыз күзеткен Мейірхан Жаманбаев, Владимир Федкеевич, Тілебалды Жетігенов, Дүйсенбек Ібінәлиев, Нұржан Дүйсебаев, Жаманбек Қалдарбеков сияқты ағаларымыздың еңбегі мен ерлігін айрықша атап өткім келеді.

Дегенмен қылмыс деңгейі қазіргі уақытта тұрақтаған. Өткен жылдармен салыстырсақ, олардың тіркелу саны біршама азайып, ал ашылу көрсеткіші жоғарылады. Нақты статистикалық мәліметті келтірсек, ағымдағы жылдың 5 айында қылмыстың ашылуы 8,8 пайыз­ға артып, 62,4 пайызды құрады.

Резонанстық қылмыстарға тоқталатын болсам, олардың барлығы ашылған. Мәселен, 2018 жылдың шілдесінде Қордай ауданы бойынша Бойко мен Ничипуренко отбасыларына жасалған қарақшылық шабуылға қатысты осы ауданның 2 және Алматы қаласының 1 тұрғыны ұсталып, жауапкершілікке тартылды.

Осы негізде бүгінгі таңда облыстық полиция қызметкерлері өз қызметтерін жоғары дәрежеде атқарып жатыр деп толық сеніммен айтуға болады.

– Әрине, жұмыс жүйесін тапса құптарлық. Алайда учаскелік полицейлердің өздерінің белгіленген аумақтарында тұрғын үйі болмағандықтан ауылдық жерлерде қылмыс дендеп кеткені жиі айтылып жүр. Әсіресе, мал ұрлығы… Бұл мәселені облыс әкімі де көтеріп, сын садағына алған болатын. Бұған не дейсіз?

– Бұл қазіргі таңда құқық саласындағы ең өзекті мәселе болып тұр. Себебі жергілікті жерде тұрмаған тәртіп сақшысы ол аумақтың тау-тасы түгілі, тұрғындарының өзін түгелдей танымауы мүмкін. Ал ондай жағдайда қылмыстың алды алынып, заңбұзушылықтардың ізі суымай ашылады деп қалай айтуға болады?

Бір қырынан учаскелік полиция қызметкерлерін де кінәлай алмайсың. Себебі бір округке бекітілген тәртіп сақшысына бір емес, бірнеше ауыл қарауына беріледі. Ал кейбір аудандарда ауылдардың арақашықтығы бір-бірінен жүздеген шақырымда жатыр. Астында көлігі жоқ тәртіп сақшысы 200 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдағы қылмыс орнына қалай дер кезінде жетсін? Ал ол ауылда тұрғылықты тұрайын десе, баспана мәселесі тағы қос бүйірден қысады. Осыны ескере отырып, біз биыл учаскелік полицейлерге 150 қызметтік көлік алып бергелі жатырмыз. Ең алдымен Жуалы, Қордай, Шу сынды аудандардан бастап, келешекте барлық учаскелік полицейлерді қызметтік көлікпен қамту жоспарда бар. Сол сәтте жұмысымыздың нәтижесі көрінеді деген сенімдеміз.

– Салаға қатысты тағы бір өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Оңтайландыру жүргізілгенімен, әлі де болса білікті мамандар қажет екені даусыз. Осы түйткілдің түйінін қалай тарқатуды көздеп отырсыздар?

– Әрине, білікті кадр қай салаға болмасын қажет. Ал жеке құрам қырағы, жан-жақты маманданған жастармен жасақталғаны абзал. Кеңестік кезеңде Отан алдында борышын өтеп келген сарбаздарды полиция қатарына ала беретін. Қазір біз бұл жүйені өзгеруде департаментке тек арнайы академияда оқып келген мамандарды ғана емес, өзге де жоғары оқу орындарын тәмамдаған жастарды тартудамыз. Себебі өмірдің ағымына қарай халықпен тіл табыса алатын, жан-жақты ақпараттандырылған, қандай техниканың болмасын тілін жетік түсінетін мамандарға бүгінде сұраныс артуда. Осыны негізге ала отырып, біз әр оқу орнының түлектерін өзімізге шақырып, жұмысымызды да әртараптандыруға тырысудамыз. Бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

– Кейінгі кездері әлеуметтік желідегі белсенділігіңіз өте жоғары. Әрине, ең бірінші, бұл басшының бұқараға ашықтығын айғақтайды. Айтыңызшы, осы «жіпсіз» желідегі байланыс жұмыстарыңызға қаншалықты пайдасын тигізуде?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елорда мен барлық өңірдегі құрылымдық мекемелердің жұмысын ашықтық принципіне көшіру туралы тапсырмасы келген бойда әлеуметтік желідегі белсенділігімізді арттырдық. Нәтижесінде «Facebook» желісіндегі парақшама екі күнде 5 000 тіркелуші жинадым. Одан басқа да әлеуметтік парақшаларды ашып, тұрғындармен тікелей байланыс орнатудамыз. Мен өзім жұмыс кестемнің тығыздығына қарамастан күнделікті қоғамдық қабылдау өткізуге де тырысудамын. Себебі жеке парақшама сауал жолдап немесе қабылдауыма жазылып жатқан тұрғындардың арасында мәселесі кезек күттірмейтіндері болуы мүмкін. Міне, сондай азаматтарға қолымнан келгенше көмек беруге күш салудамын.

Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік желілер арқылы біз салада назардан тыс қалып кеткен тұстарымызды байқаудамыз. Халық соны жеке парақшамызға жолдап, көп көмек беруде. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желілер әлеумет пен құзырлы органдар арасындағы берік әрі ашық байланысты орнатуда. Сондықтан бұның бізге берері мол болып тұр.

– «Әке көрген оқ жонар» дейді қазақ даналығы. Өзіңіз де қазір қыз өсіріп, ұл тәрбиелеп отырсыз. Перзенттеріңіздің арасында әке жолын қуамын дейтіндері бар ма? Болса келісім бересіз бе?

– Әрине, әркімнің таңдауы өз еркінде. Сондықтан ұл-қыздарымның мамандық таңдауына араласқым келмейді. Десе де балаларымның полиция қызметкері болғанын қаламаймын. Неге десеңіз, тәртіп сақшыларының жұмысы уақытпен санаспайтыны былай тұрсын, қанша жақсылық жасасаң да алғысы аз сала. Құқық саласының мамандары өмірін тәуекелге тігіп, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін кірпік қақпай адал еңбек етсе де, олардың ерліктері тез ұмытылып кетеді. Ал керісінше бір қызметкеріміз қателікке бой алдырып қойса немесе бір жерде қылмыстық оқиға тіркеліп жатса, байыбына бармай жатып, бұқара полицияны жамандауға тырысады. Яғни осы таңға дейін еткен еңбегіңді еш қылады.

Бұнымен мен жастар заң органдарына қызметке келмесін деп үгіттеп отырғаным жоқ. Тек балаларым таңдауын дұрыс жасаса екен деген әкелік тілек пен жеке ойым ғана. Ал, жалпы сенімге селкеу түсірмеу – басты міндетіміз. Және сол үдеден барынша шығып жүрмін деп ойлаймын.

– 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Мереке қарсаңында әріптестеріңізге тілегіңіз…

– Жалпы, кез келген ішкі істер органдарының қызметкерлері құрметке  лайық. Өйткені олар ең бастысы – ел тыныштығын сақтайды. Сондықтан полиция қызметкерлерінің жұмысы үнемі жоғары кәсібилік пен асқан қырағылықты талап ететін қауіп-қатерге толы жұмыс. Ел тыныштығын сақтау үшін қылмыскерлермен күрес жолында қатардағы қанша азаматтарымыз бейбіт заманда өз өмірлерін қатерге тігіп, құрбан болды. Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды.

Барша әріптестерімнің қажырлы еңбектеріне сәттілік тілей отырып, әрдайым ел қорғаны деген атқа лайықты қызмет етіңіздер дегім келеді. Егеменді елімізде қызметтік міндетті абыроймен атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауда, кез келген қылмыс түрімен күресте, азаматтардың конституциялық құқығын қорғауға барынша күш салатындарыңызға сенемін.

Борыштарыңызды атқару кезіндегі қайсарлықтарыңыз бен батылдықтарыңыз үшін алғыс білдіре отырып, сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, бірлігіміз бекем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Дәулет ТӨЛЕНДІҰЛЫ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.