Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанымдары: Әлеуметтік мәселелер туралы

0

Қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Әлеуметтік қамқорлық» жобасын жалғастыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар бастаманы белгіленген уақытынан бұрын орындауға тапсырма берді. Осы орайда бюджет шығыстарын қайта қарап, мақсатсыз қаржы жұмсауды доғару керектігін де баса айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев  осылайша Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастамашы болған әлеуметтік бастамалар жалғаса беретінін жеткізді. Оны жүзеге асыруға қажетті қаржы қа­растырылғанын, тиісті шаралар легі айқындалғанын халыққа хабарлады.

Жалпы бюджет саясатындағы Қазақстанның басымдықтары қандай болатынын, осы бағытта алға қойылған нақты мақсаттар мен жоспарлар туралы да халыққа ашық мәлімдеді. Мәселен, мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға, ұлттық қордың активтерін тұрақтандыруға және оны сақтау ісіне басымдық беріледі. Бұл орайда тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Бюджет қаржысы экономикалық жағынан маңызды әрі табыс әкелетін салаларға жұмсалатынына адамдардың назарын ерекше аударғаны да оның бұл бағытта ерекше ұстанымы бар саясаткер екенін алғашқы күннен байқатты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметінде барлық шешім алдын ала жан-жақты зерттеліп, экономикалық прагматизм тұрғысында қабылданғанына ерекше назар аударады. Мұның өзі қаражаттың тиімді жұмсалуына тікелей әсер ететінін ол жақсы біледі. Сонымен қатар ол бюджет тапшы кезеңде қыруар қаржының игерілмей қалуына жол бермейтінін де қадап айтты. Бәрімізге белгілі, еліміздегі бірқатар даму бағдарламаларының табысты жүзеге асуына Ұлттық қор ерекше ықпал етті, сонымен қатар бұған дейін бюджетке кепілдендірілген және мақсатты трансферттерге Ұлттық қордан өте көп қаржы жұмсалды. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі кезекте трансферттер көлемін біртіндеп азайтқан жөн деп санайды.

Болашақ ұрпақтың қамын қазірден ойлай бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта Ұлттық қор қаражатын инвестициялау құрылымын жақсарту саясатын сауатты жүргізуге айрықша ден қоятынын кесіп айтты. Бүгінгі таңдағы мәселелерді дұрыс экономикалық саясат арқылы шеше отырып, осылайша ол Ұлттық қордың игілігін көруді болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыратынын жеткізді. Әлеуметтік мәселелерді шешудегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жаңа саясаты көптің көңілінен шығатыны сөзсіз.

Исламбек ДАСТАН,

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі

Leave A Reply

Your email address will not be published.