Ынтымағы жарасқан ұжым озады

0

Ұлы Дала елінде қалыптасқан ұлтаралық татулық бүгінде әлем елдеріне үлгі екендігі сөзсіз. Өзгені өзекке теппей, баршаны бауырға басқан қасиетіміздің арқасында басқан қадамымыз баянды, жасаған тірлігіміз жемісті болуда. Дәл осылай жұдырықша жұмылып, жұмысын жүйелеп отырған кәсіпорынның бірі – Байзақ ауданындағы «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Аталмыш серіктестікте бүгінде 15 ұлт өкілінен тұратын 180 адам, атап айтқанда, қазақ азаматтарынан бөлек орыс, түрік, неміс, украин, өзбек, татар, әзірбайжан, кәріс, дүнген, ұйғыр, қарақалпақ, беларусь, қырғыз, қытай ұлттарының өкілдері өзара түсіністікпен жұмыс жасауда. Және барлық жұмысшылар жергілікті жердің тұрғындары.
– Кәсіпорын қызметкерлері ешқашанда тілге, ділге, дінге қарап бөлінген емес. Қандай тірлікті бастасақ та жұмыла атқарамыз. Тіпті, бір-біріміздің қуанышымыздан қалмай, қайғылы жағдайларда да қарайласамыз. Әр ұлттың өзіне тән мерекелерін бөліп-жармай, татулықпен атап өтеміз. Мәселен, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ұжым болып қарсы алып, аудан орталығы – Сарыкемер ауылына киіз үй тіктік. Онда кәсіпорын қызметкерлері ұлттық өнерлерін көрсетіп, тағамдарын ұсынды. Ал, 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнін кәсіпорында ұжым болып атап өттік. Осындай бірліктің арқасында қазір тірлігіміз тіктеліп, жұмысымыз жыл санап қарқын алуда.
Тағы бір айта кетерлігі, өндіріс орнындағы жұмысшыларымыздың дені Байзақ ауданының тұрғындары. Осы ұжыммен бір үйдің баласындай біріге еңбек етіп, облыс экономикасының дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Әрине, бұл ең бірінші Елбасының сарабдал саясатының арқасы екені анық. Мемлекет басшысының жеке кәсіпкерлерге деген қолдауы мен ұлттардың ынтымағы, бірлігі бағытында жүргізіп отырған сара саясаты бізді бүгінгі биігімізге жеткізіп отыр, – дейді серіктестік директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Тұрсынбек Нұрбаев.
Иә, бірлігі жарасқан ұжымның тірлігі тындырымды. Оны біз өндіріс орнына барған кезімізде өз көзімізбен көріп, сүйсіндік. Мысалы, орыс қызы Елена Смеркованың мұнда жұмыс жасап жатқанына 5 жыл болыпты. Ол бізге осы уақыт ішінде ұжымдағы әріптестер арасында бірде-бір кикілжің тумағанын мақтанышпен жеткізді.
– 2012 жылы кәсіпорынға алғаш келгенімде, мұнда қазақ, орыс, түрік ұлттарының өкілдері ғана жұмыс жасайтын. Уақыт өте зауыттың тірлігі алға басып, жұмысшылардың саны арта түсті. Нәтижесінде бір шаңырақ астына біріккен көпұлтты өндіріс орнына айналдық. Ұжымның татулығы мен бірлігі ешқашан мызғыған емес. Қандай жұмысты бастамас бұрын көп болып кеңесіп, бірге шешім шығарамыз. Және бір-біріміздің отбасыларымызбен де жақын араласамыз. Осындай бірліктің арқасында жұмысымыз жүйелі, еңбегіміз жемісті болуда.
Ортақ Отанымыз Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерін келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын! Және тәуелсіз мемлекеттің байрағының астында бейбіт күннің таңын атырып отырған Елбасына алғысымды білдіремін, – дейді Елена.
Ал, түрік қызы Малбина Зульфұғлы кәсіпорында бүкіл отбасымен бірге жұмыс жасап жатқанын айтады.
– Бастапқыда зауытқа өзім жұмысқа келгенмін. Мұндағы жағдайды көзбен көріп, біршама уақыт еңбек еткеннен кейін жолдасымды, енемді және іні-сіңлілерімді жұмысқа тарттым. Қазір бәріміз осындағы цехтамыз. Айлық жалақымыз ешқашан кешіктірілген емес және ай сайын сыйақы беріліп келеді. Бұдан бөлек, зауыттағы жұмысшылардың барлығы бір-біріне қол ұшын беруге, қиындық туындаған сәттерде көмектесуге дайын тұрады. Осындай бірлігі жарасқан Қазақстан атты егеменді елде, Жамбыл өңірінде өмір кешіп, жұмыс жасау мен үшін үлкен бақыт, – дейді Малбина.
Серіктестіктің қаржы жөніндегі атқарушы директоры Еркеқыз Бабанова да қазақстандық­тарды, жамбылдықтарды Бірлік күнімен құттықтай келе, өндіріс орнында жанұясымен жұмыс жасап жатқандар аз емес екенін айтады. Өз кезегінде, кәсіпорын басшылығы мұндай отбасыларға барынша қолдау көрсетуде екен.
Әрине, сүттей ұйып отырған ұжымның жүйелі жұмысын бас бармақпен бағалауға тұрарлық. Қазір серіктестіктің бірінші сұрыпты макарон өнімдері мен кеспе нандары елімізбен қатар, Қырғыз Республикасына, Ресей Федерациясына, Ауғанстан мемлекетіне экспортталуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта кеспе өнімдерін Қытай Халық Республикасының нарығына шығару да көзделіп отыр.
Ал, кәсіпорынның өзі тәулігіне 70 тонна макарон мен кеспе шығаруға қауқарлы. Цехтарда макаронның 17 және кеспенің 7 түрі дайындалады. Өнімдерінің сапасы жағынан серіктестік халықаралық «халал сапа» стандартына ие.
Жұмысшылардың санын жыл санап арттырып отырған кәсіпорында еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, мұнда 100 адамға шақталған асханада күніне төрт мезгіл ыстық тамақ берілетін болса, қызметкерлердің зауытқа тегін қатынауы да қамтамасыз етілген.
Міне, осылайша татулықтың арқасында табыс тайқазанын тасытып жатқан «ролалықтардың» тірлігі талайға үлгі болуда. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана қазақ. Ендеше, ұйымшыл ұжымның жұмысы алға баса берсін деп тілейік.

Саятхан Жапарұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.