Татулықты ту еткен Бірлік күні!

0

1 мамыр мерекесі – ынтымағы мен мен бірлігі жарасқан берекелі халықтық мереке! Үстіміздегі жылдың 1 мамыр күні, Жамбыл облысы, Тараз қаласының «Жастар» аллеясында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған мерекелік шеру ұйымдастырылды. Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыс әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Жамбыл облысы әкімдігі бірлесе отырып аталмыш мейрамды жоғары деңгейде атап өтті. Өңіріміздегі 27 этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері де, оған қоса «Ақ желкен» жастар лигасы мен «Жаңғыру жолы» жастар белсенділерінің көшбасшылары да аталған іс-шараға белсене қатысты.

Шерудің сәнін ұлттық киім киген этномәдени бірлестіктер өкілдері келтірді. Қоғамдық бірлестіктердің ұйымдастыруымен Ы.Сүлейменов көшесінің бойына «Ұлы дала ұландары» стеласынан «Білім» алаңы аралығында этноауылдар орналастырылды. Құрметті қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, Тараз қаласының әкімі Досаев Қайрат, Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева күтіп алып, оларды этноауылдармен таныстырды. «1 мамыр — Қазақстанның бірлігі күні» мейрамын мерекелеудің іс-шаралар жоспарына сәйкес әр этностың ұлттық тағамдары мен қолөнері бұйымдарына арналған көрме өткізілді. Көрмені аймақ басшысы Асқар Мырзахметов пен облыс ардагерлері, басқа да зиялы қауым және қала қонақтары көрмеге қатысушы барлық этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдарымен танысып, концерттік бағдарламаларын тамашалады. Қазақ, орыс, өзбек, украин, неміс, дүнген, түрік, корей этноауыл «тұрғындары» өздерінің салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын, ойындарын, өнерлерін көрсетумен бірге жиылған қонақтарға «Достық дастархандарын» жайды.
Бұл этноауылдар – еліміздегі ұлттар татулығы мен достығының айқын дәлелі. Өйткені, Қазақстанда бір шаңырақтың астында 140-қа жуық өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ал, Жамбыл облысында 80-ге жуық этностар болса, оның 27-сі облыстық Ассамблеяда тіркелген этномәдени бірлестіктер екен. Барлық этностар да Бірлік мейрамын мерекелеуге зор ықылас-ынтамен ат салысты. Дәл осындай ауылдар — татулықтың символына, халықтардың ынтымақты араласуына себепші болады. Сондай-ақ, әр этноауылда тұрмыстық және қолданбалы өнер шеберлерінің музей экспонаттарынан көрмелер ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлерінің еңбектері, шығармашылық жұмыстары тамашаланып, қазіргі заманға сай түрлі материалдар мен өзіндік технологияларды ұштастыра дайындаған бұйымдар жұртшылық назарына ұсынылды.
Бұдан әрі Жамбыл облысының әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің ұйымдастыруымен түрлі спорт ойындары – «қазақ күресі», «қол күрес», «ордабасы», «асық ату», «тоғызқұмалақ», «ләңгіден» жарыс өткізілді.
Мерекелік концерт барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиналған барша жұртшылықты бірлік мерекесімен құттықтап, жамбылдықтарға зор денсаулық, бақ-береке, бай-қуатты өмір тіледі.
Сонымен бірге, облыс әкімі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан этномәдени бірлестіктер өкілдерін марапаттап, алғыс хаттар мен құттықтау қағаздарын табыс етті. Сондай-ақ, мерекеге жиналған жұртшылыққа «Полонез» поляк тілі және мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Аракси Плетнева және «Айнұры» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Риналь Рахматуллин құттықтау сөздерін сөйледі.
Ары қарай этномәдени бірлестіктер жастарының қатысуымен «Рахмет, саған туған ел!» әнінің фонында «Саялы бәйтерек» атты театрландырылған қойылым көрсетілді. Театрланған қойылымға орыс-қазақ драма театры актерлары мен облыстық ассамблеяның шығармашылық топтары қатысты.
Мерекелік кеш соңы Жамбыл облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің «Поющие сердца», «Чун-тянь», «Самульнори», «Дэй Мохк Stayle», «Үкілім-ай», «Эремурус», «Калинка», «Маричка», «Infinity», «Грация Кавказа» би және вокал ансамбльдері, т.б. мен облыстық филармонияның «Жібек жолы» халықтық эстрадалық оркестрі мен «Ақкербез» би ансамблі, «Кәусар» вокалдық тобы және филармонияның танымал әншілері өз өнерлерін көрсетуімен аяқталды.
Мерекелік шеруге облыстық этномәдени бірлестіктері мүшелерінен құрылған барлығы -3000-нан астам адам қатысты.

Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.