Рада — қазаққа «награда»

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсына

0

Келін атану қыз баласы үшін үлкен бақыт. Ал,  аттаған босағасын бақытты қыла біліп, өзі де бақытты бола білу кез келгеннің басына бұйыра бермейтін бақ.  Әсіресе,  өзге ұлтқа ұзатылған келіндердің жат жердің салт-дәстүрін игеріп, сіңісіп кетуі  өте қиын.  Десе де,  діні мен тілі басқа жұрттанда өз бақытын тапқан жандарда аз емес. Сондай келіннің бірі – Радмила Маханбетова.

Радмиланы қазір Мойынқұм ауданы   Мойынқұм ауылының тұрғындары қазақ келіндерінің өзіне үлгі етеді. Өйткені қазақ отбасына келін болып түскен ол, бір жылдың ішінде қазақ тілін жіті  меңгеріп қана қоймай, қазақы салт-дәстүрлерді бес саусағындай жаттап алған. Тіпті  ұлттық тағамдарды әзірлеуден алдына жан салмай келеді.

Радмила орыс отбасында тәрбиеленген. Әкесі Талғат қазақ болғанымен, орысша хат танып, тәрбие көрген жан. Ал, анасы Галина қазақпен құдаласуды төрт ұйықтаса да түсінде көрмеген екен. Алайда, жазмыштан озмыш бар ма? Тағдыр Радмиланы қазақтың Бауырлан есімді қаракөзіне жолықтырды. Екі жас бір-бірін сүйіп, шаңырақ көтерді. Қазір Радмиланың анасы ең басында қызын қазаққа ұзатуға түбегейлі қарсы болғанын айтады.

 — Мен қазақ отбасына  келін болып түскен жанмын. Алайда, жолдасым екеуміз бірден бөлек шаңырақ көтеріп кеткеннен соң, қазақы тәрбие көре алмадым. Оған қоса, жанұямызда барлығы орыс тілде сөйлесіп, орысша өмір кештік. Сондықтан қызымның қазаққа тұрмысқа шыққанына қорқынышпен қарадым. Себебі қызым қазақы әдет-ғұрып былай тұрсын, бір ауыз қазақша сөз білмей келін болып түсті. Дегенмен, қазір қызымның таңдауын толықтай қолдаймын. Ол қазақпен бізді құдаластырып қана қоймай, бізді де қазақтандырды, — дейді Радмиланың анасы.

 Ал, келіннің енесі Гүлшат шаңырақтарына қонған құтты келінін өзге келіндерінен артық көріп отыр. Тіпті «Рада для нашего дома награда» деп әзілдеп те қояды.

Радмила  қазір абысындарымен тату, көрші-қоланға сыйлы.  Басынан орамалын бір тастамай, үлкенге де кішігі де ізеттілікпен сәлем салуды әдетке айналдырған.

— Бұл менің келін ретіндегі  парызым. Бақытымды қазақ отбасынан тапқаннан кейін, қазақы әдет-ғұрыпты ұстануды басты міндетім деп білемін.

 Жаратылысым орыс болса да, менің қазір жүрегім қазақ деп соғады, — дейді келін бізбен тілдесу барысында.

  Иә, қазақ келініне тән мұндай қасиет екінің бірінің бойына дари бермейтіні анық. Әрі өзге ұлттың қазақы дәстүрге мұндай құрметпен қарауы жанға жылу береді.

 Қазір Радмила  екі сәбидің анасы анатып отыр. Әмина мен Нұрымдай перзенттеріне де қазақы атты келіннің өзі ата-енесінің рұқсатымен   қойған екен. Оған қоса, қос бүлдіршіні қазақ тілді мектепте оқуда.

 Ал,  қазақ тілін келінге  әжесі Сәрсенкүл үйреткен екен. Келін болып түскеннен қазақ тіліне қызығушылық танытқан ол, әжесімен сағаттап тілдесетін болған. Араға жарты жыл салғанда еш оқулықсыз-ақ, қазақ әріптерінің  жазылуы мен айтылу тәртібін меңгеріп алған.  Қазір Радмила қазақша сөздерді ғана емес, мақал-мәтел, Ұлы Абайдың қара сөздері мен  өлеңдерін  жатқан айтып отыр. Тіпті, балаларына   қазақ әдебиеті мен халық ауыз әдебиетінің туындыларын  үйретіп, санасына сіңіруде.

 Тағы бір айта кетерлігі, Радмила Наурыз мейрамына арнайы ұйымдастырылған келіндер жарысында бүкіл ауылдың келіндерінен озып, бас жүлдені жеңіп алыпты. Қазақы мақал-мәтелдер мен салт-дәстүрлерді жатқа айтқан келіннің өнеріне сол кезде жиылған жұрт  таңқалысқан.Ал, сол жерде әзірлеген ұлттық тағамдары өзгелерден оқ бойы озық  болған  екен.

 Міне, Радмила осылайша өзге ұлттан өз бақытын тауып қана қоймай, шаңырағын бақытқа кенелтіп отырған жан. Бұл сөз жоқ, келінге берілген қазақы тәрбиенің арқасы. Мұндай сәтте құтты келін «жүз адамға төрелік айтатын би қылмасада, жүз адам қонып кететін үй қылады» деген мәтел  еске оралады.

 Иә, Радмила  аттаған ақ босағасын жүз адам қонып кетер сыйлы, құтты мекен етіп отырғаны сөзсіз.

Саятхан Сатылғанов

   

         

Leave A Reply

Your email address will not be published.