«Қоғамдық келісім мен әлеуметтік бірлікті нығайтуға күш саламыз»

0

Маржан Қожаева,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі

Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Ассамблея қызметінің басымдықтары – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, азаматтық бірегейлік пен патриотизмді нығайту, қоғамды жаңғыртуға атсалысу.

Ассамблея этномәдени бірлестіктердің Қазақстан халқының ортақ мәдениетіне ден қойып, этностардың салт-дәстүрлерінің сақталуы, мемлекеттік тілді меңгеруі, қоғамдық сананы жаңарту бойынша өзара іс-қимылын үйлестіреді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI cессиясы 2018 жылдың 28 сәуірінде «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбында өтіп, қоғамдық институттың алдағы даму жоспары, елдің жарқын болашағын көздеген мәнді мәселелер көтерілді. Сессияда берілген тапсырмалар басшылыққа алынып, облыста бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Достық үйлері базасында қазақстандық этностардың мәдениетін, тілін және дәстүрлерін сақтау мен дамыту бойынша облыстағы барлық этностардың қазақ халқының рухани-мәдени құндылықтарын терең меңгеруіне, сол арқылы дәстүр-салтымыздың ұқсас тұстарын саралап, жаңғырта отырып, ортақ құндылықтарды қалыптастыру мақсатында «Қазақтану» жобасы аясында «Мәміле» клубы құрылып, қазақ тілі арқылы халықтың салт-дәстүрін, тарихын білгісі келетіндер мен оған көмек көрсететін диалог алаңы ретінде жұмыс атқаруда. Сондай-ақ «Айбын» әскери-патриоттық клубы, «Белсенді ұзақ жасау орталығы» және қолөнер шеберлерінің «Ою қадамдары» курсы ашылып, жұмыс жүргізуде.
Ассамблея жанынан «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы құрылып, жастар саясатына қатысты жұмыстар атқарылуда. Мысалы, былтырғы жылы «Ұлы Дала Елінің қасиетті мұралары» республикалық тарихи-экологиялық акциясы мен «Қазақтану» және әлеуметтік жобалары іске асырылды. Бүгінгі күнге 25 іс-шара ұйымдастырылып, жастар қозғалысы Ассамблея құрылымдарының 40-тан астам жиындарына қатысты.
Қайырымдылық жасау жұмыстарын да Қазақстан халқы Ассамблеясы назарынан тыс қалдырған емес. Былтыр облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Жүректен жүрекке», «Қамқор», «Жақсылық жасап жарысайық», «Тегін нан», «Ерікті донор», «Жеңіс үшін рақмет», «Балаларға күлкі сыйлайық», «Мектепке жол», «Қарттарды аялайық», «Жаңа жыл шыршасы», «Қайырымды ел» сынды жалпы саны 700-ден астам акция өткізіліп, 940 миллион теңге көлемінде қайырымдылыққа жұмсалды.
Биылғы «Сарқыт», «Сыбаға» және «Шашу» қайырымдылық акциялары аясында 30 мыңнан астам адамға 100 миллион теңгеге жуық көмек көрсетіледі деп күтілуде. Әлеуметтік бірліктің жарқын көрінісі ретінде жомарт жүректі жандарды ерекше атап өтуге болады. Шу ауданында «Үміт үйі» қоғамдық бірлестігі мен аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері «Үйден үйге» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, нәтижесінде 60 отбасыға 930 мың теңге көлемінде көмек берілді. Сондай-ақ «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы аясында аз қамтылған 62 отбасыға 1,5 миллион теңгеге қайырымдылық жасалды. Коновалов клиникасының офтольмологтары Қордай ауданындағы Сортөбе, Масаншы, Бұлар Батыр, Ауқатты және Қаракемер ауылдарының тұрғындарына
ҚР Бас прокуратурасының құрметті қызметкері Г.Машанло мен Сортөбе ауылдық округінің әкімі И.Буларовтың көмегімен 750 адамға тексеру жүргізіп, 5 адамға ота жасады. Барлығы 10 миллион теңгеден астам қаражатқа демеушілік көрсетілді.
Өңіріміздегі көпбалалы аналарға қамқорлық та Ассамблея меценаттары тарапынан ұдайы жасалып келеді. Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі, 5 балалы жалғызбасты ана Г.Мырзахметоваға 2 бөлмелі пәтер тарту етсе, «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында Қордай ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер С.Салыбаев тұрмыс жағдайы төмен 3 отбасыға баспана сыйлады. Осылайша елімізде қайырымдылық қызметін үйлестіруде Ассамблея жоғары жетістіктерге ие болуда.
Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына үшінші рет қатысуым. Әр сессия өзіндік басымдығы мен сонылығымен ерекшеленеді. Ал биылғы ХХVII сессияның орны бөлек — Ассамблея төрағасы, Елбасы Президент ретіндегі өкілеттілігін тоқтатты, Елордамыз қоғамның бірлігі мен этносаралық келісімнің әлемде теңдесі жоқ қазақстандық үлгісін жасаушы Көшбасшымыздың есімімен Нұр-Сұлтан болып атанды.
Төраға Ассамблеяның халық қалауымен беделді конституциялық органға айналғанын атап өтіп, этномәдени бірлестік өкілдерінің алдына үлкен міндеттер жүктеді.
Сексен жеті этнос өкілдерінен құралған миллионнан астам тұрғыны бар Жамбыл өңірі татулық пен тұрақтылықты ту етіп келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғары сенімін ақтау жолында облыстағы ассамблея құрылымдары асқан белсенділік пен жауапкершілік таныта отырып, еліміздегі қоғамдық келісім мен әлеуметтік бірлікті нығайтуға бар күш-жігерін аямайтындықтарына сеніміміз мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.