Пайда ойлама, халықтың қамын ойла

0

Жуырда өңірде кәсібін қайта жандандыруға рұқсат алған кәсіпкерлердің жұмыс орындарындағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі аудандық жедел әрекет ету тобы бірқатар нысанның жұмысын зерделеді. Құрамында Жамбыл ауданы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Гүлшат Ерімбетова және «Жастар ресурстық орталығының» директоры Маханбет Рақымжанов бар жұмыс тобы алдымен Жалпақтөбе ауылындағы «Магнит» азық-түлік дүкеніне барды. Бір қуантарлығы, мұнда санитарлық норма талаптары қатаң сақталып, кіреберісте арнайы антисептик әзірленіп, қол жуатын орын ұйымдастырылған. Есіктің сыртына «Маскасыз кіруге болмайды» деген хабарлама ілініп, ішке үш адамнан артық кіргізілмейтінін көрдік. Ал, топ мүшелері санитарлық талаптардың қатаң сақталуы керектігін тағы бір еске салды. Бұдан кейін жедел топ жоғарыда аталған аймақтағы «Айдана» және «Юнчи» құрылыс заттары дүкендеріне бас сұқты. Аталған екі дүкенде санитарлық-тазалық талаптары ескерілмеген. Бізді көргеннен кейін ғана дүкеннің сатушысы кіреберісінде тұруға тиіс антисептикті үйінен әкелді. Қол жуатын орын әзірленбеген. Сатушылар бетперде кигенімен, қолғап және халатпен қамтамасыз етілмеген. Онан соң «Достар» киім-кешек дүкеніне кіргенде халықтың қарасы қалың, емін-еркін бетпердесіз кіріп-шыққан көріністі көрдік. Тұрғындардың қауіпсіздігінен гөрі сауданың жүргені маңызды сияқты. Осы кезде «Сақтансаң – сақтайды» деген нақыл сөз еріксіз еске түседі. Келесі бағыт – Гродикова ауылдық округінде орналасқан шекаралық бекет маңындағы сақтандыру компаниясы. Аталған орында ылғалды тазалық сапалы жүргізілмеген әрі қосымша маска мен қолғап жоқ. Бұл жайтты ескерген жұмыс тобының мүшелері жеке кәсіпкерлерге санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігін түсіндірді. Ең бастысы, адам өмірінің қауіпсіздігі мен денінің саулығын ескеру қажеттілігін шегелеп жеткізді. Соңынан топ мүшелері кәсіпкерлерге сақтық шараларын бір сәтке де естен шығармау керектігін ескертті.

Жәнібек АСАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.