Түрмеден босатылғандарды үйіне жеткізіп салды

0

Жазасын толықтай өтеген сотталғандар абақтыдан босату күнін асыға күтеді. Дегенмен әлемдік пандемияға байланысты елімізде орнаған төтенше жағдайдың салдары кері әсерін тигізбей қоймас. Жазасын өтеген сотталғандарды түзеу мекемелерінен туыстары қарсы ала алмайды. Мұндай жағдайда колония мен түрме қызметкерлері тұрғылықты жеріне жетуге жәрдемдеседі.

Карантин кезінде Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/7 мекемесінен екі сотталған босатылды. Оның бірі Алматы облысының тұрғыны.  ҚАЖ комитетінің нұсқауына сай түзеу орнының қызметкерлері тұрғылықты мекенжайына жеткізді. Сондай-ақ, көп рет қолданылатын бетперде, қолғап және антисептикалық құралдармен толықтай қамтамасыз етілді. Қиындықтарға қарамастан көптен күткен бауырымен қауышқан туыстары тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, қуаныштың көз жасына ерік берді.

ЖД-158/7 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Алмасбек Азизбеков: «Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың режиміне байланысты барлық қызмет түрлері арнайы шаралар бойынша жұмыс істейді. Жергілікті полиция департаменті, пробация қызметі басқа да тиісті салалармен өзара іс-қимыл жасалып жатыр. Біз барлық қажетті шараларды қабылдадық», — деді.

Гаухар Рысбай,

ЖД-158/7 мекемесінің баспасөз хатшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.